Суретті түсірген Ерлан ОМАР
Француз композиторы Адольф Аданның ғажайып музыкасы жан бітірген әлемдік балет өнерінің жауһары елорданың 20 жылдық және аты аңызға айналған балетмейстер, осы жылы барша әлем 200 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтіп жатқан көрнекті тұлға Мариус Петипаның айтулы мерейтойына орай сахна төріне шығып отыр. Қойылымның қоюшы хореографы – Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, есімі жаһанға мәшһүр балерина Алтынай Асылмұратова. Қоюшы дирижері – Арман Оразғалиев.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен сахналанған жарқын бояулы туындының әлемдік балет өнері тарихынан алар орны айрықша. Ағылшын ақыны Байронның 1814 жылы жазылған осы аттас поэмасы негізінде өмірге келген шығарма Жюль-Анри Вернуа де Сен-Жорж және Жозеф Мазильенің либреттосымен тұңғыш рет 1856 жылы Францияның Париж Опера театрында (Opéra de Paris) тұсауы кесіледі. Алғашқы сахналануынан-ақ үлкен абыройға ие болған шығарма күні бүгінге дейін театр төрінен түспей, теңіз қарақшылары, батыл Конрад және оның сымбаты келіскен сүйіктісі Медора жайлы қызықты да әсерлі оқиға 162 жыл бойы көрерменін үздіксіз қуантып келеді. Қоюшы хореограф Алтынай Асылмұратова «Астана Опера» театрының репертуарына жеңіл, шытырманға толы әрі көрермендерге мәңгілік өмірлік құндылықтар жайында толғануына мүмкіндік беретін, жарасымды әзілімен қуантып, жан рақатына бөлей алатын спектакльді қосу үшін дәл осы балет жауһарына тоқталған екен.
– «Корсар» – бүгінде әлемдік балет өнерінің трендіне айналған үздік шығармалардың бірі. Репертуарында бұл әйгілі туынды жоқ опера және балет театрлары кемде-кем. Оның үстіне, биыл Астананың 20 жылдық мерейтойы мен балет өнерінің атасы, хореограф Мариус Петипаның 200 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр. Осы айтулы оқиғаларға орай, өнер тілі арқылы тарту жасағымыз келді. Ал «Неге «Корсарды» таңдадыңыз?» десеңіз, адам жанын жылылыққа, мерекеге бөлейтін жарқын бояулы, көрерменге шын мәнінде рухани демалыс сыйлайтын шығармалар қай театрдың да репертуарына керек. «Корсар» – дәл сондай балет. Мұнда би өнерінің күрделі техникасынан бұрын, шығармашылық ізденіс пен импровизацияға, еркіндікке жақсы мүмкіндік бар. Осы арқылы әртістердің мүмкіндігін ашқым келді», – дейді қоюшы-хореограф, «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.
Иә, Алтынай Әбдіуәхимқызының «Корсарға» келуінің жоғарыда айтылғандардан бөлек тағы бір үлкен себебі – осыдан тура 30 жыл бұрын Санкт-Петербургтің әйгілі Мария театры сахнасында қойылған «Корсар» балетінде өнер иесі басты кейіпкер Медора бейнесінде көрінді. Сондықтан да бүгінде қоюшы-хореограф есебінде білек сыбана жұмысқа кіріскен балет патшайымының «Корсар» дегендегі көңілінің өзгеше өрекпитіні. Медора партиясында оның барлық жастық шағы сайрап жатыр. Ал бұл жолғы қойылымда балеринаның сүйікті рөлі – Медораны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева өз бедерінде бейнеледі. Конрад – Арман Оразов, Олжас Тарланов; Исаак Ланкедем – Бақтияр Адамжан, Бирбанто – Ильдар Шакирзянов, Олжас Маханбетәлиев; Сеид-паша – Рахметолла Науанов, Жанәділ Бейсембиев; Гюльнара – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаеваның орындауында көрерменіне ғаламат қуаныш сыйлады.
Қоюшы-хореограф Алтынай Асылмұратованың айтуынша, оқиға ықшам әрі динамикалы өрбитіндіктен, қойылымға П.Гусевтің өңдеуі таңдалып алыныпты. Сол негізде балеттегі кейбір партияларға бірқатар өзгерістер енгізілген.
Осынау хореографиялық туындыны жасау жұмыстарына театрдың барша қызметі бірнеше ай қажырлы еңбек етті. Қоюшы суретші, «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино 220-дан астам бірегей костюм үлгісін жасаса, сценограф Эцио Фриджерио спектакльдің басты декорациясы – кемені жасауда үлкен жұмыс атқарды. Проекциялар бойынша дизайнер Серджио Металлидің 3D форматтағы проекция негізінде туған суреткерлік ізденісі де көрермен назарынан тыс қалған жоқ.
Иә, мамырдың жаймашуақ күнінде Алтынай Асылмұратова қолтаңбасында «Астана Опера» театрында қойылған бұл «Корсардың» көркемдік һәм шеберлік деңгейі әлемдік сахналанулардың кез келгенімен иық тірестіріп тең тұруға лайық. Себебі мұнда қоюшы хореографтан бастап сахна машинисіне дейін кіл кәсіби мамандар тартылды. Бір ғана сценографиясы мен костюмі итальяндық хас маман – ерлі-зайыпты Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапино тандемінде көз тартарлық сұлулыққа ие болған.
Буырқанған теңіз толқынымен арпалыса алға жылжыған алып кеме өзінің сахналық салтанатымен көз тартады. Сахна суретінің шынайылығы сол – асау толқынды, алып теңізді кейіпкерлермен бірге сіз де қатар кешіп келе жатқандай ғажайып әсерді бастан өткересіз. Әртістердің ішкі эмоциясымен қатар үндескен сахналық әсем қимыл да көрерменін көркем әлемнің тұңғиығына қарай тарта жөнеледі. Ол әсерден шымылдық жабылғанда бірақ ажырайсыз. Сұлулық үстемдік құрған сахнаға көз тіге отырып қоюшы-сценограф Эцио Фриджерионың аз еңбектенбегеніне шын иланасыз.
«Астана Опера» театры сахнасында осымен 8 қойылымының премьерасын жарқырата өткізген Эцио Фриджериоға жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді. Сценограф – «Достық» орденін иеленген итальяндық алғашқы азамат. Бір ғана «Абай» операсы арқылы ұлттың табиғатын дөп таныған Эцио Фриджерио сол кездің өзінде-ақ көрермен жүрегінен орын алып үлгерген. Президент атынан табыс етілген «Достық» ордені – шығармашылық иесіне деген өнерсүйер қалың көрерменнің риясыз құрметі мен ықыласының белгісі болса керек.
Балет – сұлулықты сүйетін бекзат өнер десек, сол талапқа біз тамашалаған «Корсар» толықтай жауап береді деп сеніммен айта аламыз. Өнердің нағыз мерекесін сыйлаған шығармашылық ұжым жұмысынан рухани азық алған көрермен өнерпаздарға риза көңілмен қошемет көрсетісті.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»