Неге олай? Осы мәселеге арнайы тоқталып, талдау жасап көргенді жөн санап отырмыз. Әңгімені әріден бастасақ әуелі, «байырғы қазақ күресі қандай болған?» деген сұрақ туындайды. Шын мәнінде, байырғы қазақ күресі қандай болғанын тап басып ешкім айтып бере алмайды. Өйткені қазақша күрес апайтөс қазақ даласының әр өңірінде әр түрлі сипатта дамыған. Сондықтан оның бірізді жүйелеген тәртібі де жоқ.
Өткен Кеңес дәуірінде бұл күрес қағажу көрді. Негізгі себеп, бұл сайыс кәсіби спорт түріне жатпағандықтан, тек ауыл-аудан аралық тойлар мен ұлттық спорт түрлері дейтін шектеулі, қаражат аз бөлінетін бөлімнің ішінде күлді-көміс өмір сүріп келді. Сондықтан да бұл спорт түрінің маңына олимпиадалық сайыс түрлерінен шеттеп қалған немесе кәсіби бапкерліктің сынына толмай, бәсекелестікке жарамаған, тек күнкөріс қамын күйттеп жүрген адамдар жиналды.
Бұған кім кінәлі? Біріншіден, ұлттық құндылықтарымызға мән беріп, бағалай алмаған қоғам, мына өзіміз кінәліміз. Екіншіден, қазіргі таңда кәсібиі бар, былайғы олимпиадалық емес жекпе-жек түрлері бар барлық спорттың ішінде ең аз қаржы бөлінетіні осы қазақша күрес түрі. Ендеше, қырып алар қаржысы жоқ жерде, кім жүреді? Үкімет толықсытып қаржы бөлмеген соң, қазақша күресетіндер ауыл-ауданның тойын жағалап күн көруге мәжбүр. Қайта осындай қара тақырда жатқан күресті өз қаржысымен сүйреп, бүгінге жеткізген азаматтарға алғыс айтумыз керек.
Әрі қарай тарқатар болсақ, осылай ауыл-аудан жағалап, кең жайлауда шашылып жатқан қазақ күресіне төтеден «Қазақстан Барысы» дейтін жоба келіп қосылды. Сөйтіп, «Қазақша күрес» пен «Қазақстан Барысы» бір мақсатқа мінгесіп қалды.
«Қазақстан Барысы» дегеніміз – бір қарағанда қазақша күрес болғанымен бұл мүлдем басқа тың дүние. Тіпті күрес-шоу десе де болады. Бұның арғы тегінде моңғолдың ұлттық күресінің мирастық бейне-формасы жатыр. Моңғолдың ұлттық күресінің жүйесі қалыптасқанына 2000 жыл. Осы жүйе-форманы қазақшалап, қалпақ пен кестелі шалбар кигізіп халыққа ұсына қойған Арман Шораевқа мың алғыс.
Сонымен бір көлікке мінгескен екі күрес түрі соңғы кезде бір қазанға сыймайтын түрі бар. Әрбіріне жеке-жеке көлік, жеке-жеке жайылым керек. Мұның солай болғаны да дұрыс. Өйткені, «Қазақстан Барысы» ғаламдық күрес-шоу нұсқалы жоба ретінде, оған халықаралық деңгейдегі кәсіби мамандар тартылуы керек еді. Сондықтан мамандарды алдын ала дайындап алу керек еді.
Осы іс ә дегенде қолға алынбағандықтан, өте жоғары деңгейдегі шоу-жобаны іске асыруға манағы ауылдың тойында төрешілік жасап жүрген төреші-бапкерлер тартылды. Олар шын мәнінде шоу-күресті түсінбеді, үлкен аренаға ауылдық тойды жүргізетін психологиямен шығып кетті. Онымен қоймай ауылдың тойында істейтін қалауын мұнда да істеді.
Осындай келеңсіздіктен үнемі төрешілер тарапынан дау-дамай туындап жүр. Осыдан құтылу үшін, соңғы жылдары «Қазақстан Барысы» өз төрешілері мен бапкерлерін бөлек дайындауға көшті. Нақтырақ айтқанда, «шіріген алмадан» құтылмақшы. Бұл да оп-оңай шаруа емес. «Шірік алмадан» қанша құтылғанмен оның шірік иісі кетпейді.
Десе де, 2016 жылы аталмыш жобаны Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың келіп тамашалауы шоудың қаншалықты маңызға ие болғанын білдірсе керек. Демек бұл жоба ары қарай дами береді деген сөз.
Екінші бір ескерер дүние: жобаның тағы бір жаңалығы «Әлем Барысы» мен «Еуразия Барысына» қарап отырып, ойланған едік, осы жобаларды атқарған кезде кілемге шетелдік төрешілерді де шығару керек. Сонда күрестің әділдігі мен танымалдығы артады. Қазақша күрес бір қарағанда жапондықтардың дзюдо күресінің партері жоқ түрі болғандықтан, бұған төрелік ету кәсіби дзюдо бапкерлері үшін түкте қиын емес.
Үшінші бір ескерер дүние «Еуразия Барысы» турнирі. Шын мәнінде бұл сайысқа қатысушы шетелдік балуандар сол елдің ортаңқол екінші-үшінші нөмірлі балуандары. Соларды жеңіп мәзбіз. Мысалы, 2015 жылы жеңімпаз атанған моңғолиялық балуандар ол елдің дзюдадан ұлттық құрмасының 3-4-ші дәрежелі балуандары екен. Біз соларды жеңе алмадық. Алда-жалда бұл сайысқа ресейлік дзюдошылардың екінші нөмірлі балуандары жетіп келсе қалай болмақ? Біздің қазақша күрестің балуандары олардың жағасынан ұстауға жарай ма?! Сол себепті, қазақша күрес шеберлерін дайындауды өте жоғары деңгейге көтерген дұрыс.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»