13 Ақпан, 2010

МҰНАЙ, ІЛЕСПЕ ГАЗ ЖӘНЕ ІРГЕЛІ ІСТЕР

1504 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Ақтөбе жерінің үсті де, асты да тұнып тұрған байлық. Әсіресе, өңірде “қара алтынның” мол қоры бар.Облыс экономикасының ажарын ашып тұрған да осы мұнайдан түсетін табыс. Мұнайлы өңірде бірнеше шетелдік инвесторлар жұмыс істейді. Солардың ішінде “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” акционерлік қоғамының шоқтығы биік. Өткен жылы мұнайдың әлемдік бағасы үш есе арзандады. Біз осындай күрделі кезеңде кәсіпорынның қалай жұмыс істегенін білмек ниетпен мұнай өндірудегі ірі инвестор болып табылатын осы акционерлік қоғам бас директорының өндірісті үйлестіру жөніндегі орынбасары, Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінің бастығы Такталифум ЕСЕНҒҰЛОВПЕН жолығып, әлемдік қаржы дағдарысы жағдайындағы кәсіпорынның бүгінгі аяқ алысы мен болашақтағы қадамдары туралы әңгімелескен едік. Әңгімеміздің әлқиссасы өткен жылдың қорытындыларынан басталуы да сондықтан. –  Әлемдік қаржы дағдарысы біздің акционерлік қоғамды да айналып өтпеді. Алайда, екі елдің Үкімет басшыларының ортақ істе түсіністік танытып, екі жақты мүдделілікпен, экономикалық ынтымақтас­тықпен жұмыс істеуі нәтижесінде дағдарысты еңсеріп қана қоймай, бірқатар табыстарға қол жеткізілді. Өткен жылы қара алтын өндіру көлемі 6 млн. 50 мың тоннаға жетті. Бұл соңғы бес жылдағы екінші рек­орд­тық көрсеткіш. Осының нәтижесінде Қазақ­станның 30 көшбасшы жобаларының қатарына жататын Жаңажолдағы үшінші газ өңдеу зауытының бірінші кезегі толық жобалық қуатында жұмыс істеді. Газ дайындаудың тәуліктік көлемі алты миллион текше метрден он миллион текше метрге дейін арт­ты. Көгілдір отынды кәдеге жарату деңгейі де кө­терілді. Бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнын төмен­детіп қана қоймай, ауаға шығатын зиянды заттарды да кемітуге алғышарт жасады. Сонымен бірге, сығымдылған газ өндіруді арттырды. 2008 жылы небәрі 68 мың тонна сығымдалған газ өнді­рілсе, өткен жылы ол 125 мың тоннаны маңайлады. Мұнай бағасының күрт төмендеуі жағдайында ши­кізат сатудан түсетін табыс кемігені сөзсіз, тұйықтан шығудың тиімді жолы ретінде – газ өткізу көлемін арттыру шараларын жүзеге асырдық. 2008 жылы 1700 миллион текше метр газ өткізілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 2300 миллион тонна құрады. Осындай күрделі жағдайда осыншалықты алға басушылық жан-жақты ойластырылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде ғана мүмкін болғаны да рас. Компания осы заманғы ең озық технологияларды енгізуге бағыт ұстап келеді. – Осы арада сөзіңізді бөлгенім үшін ғапу етіңіз. Сіздің компания облыстағы ең ірі еңбек ұжымы ғой, жұмысшыларды қысқартқан жоқсыздар ма? –             Осы сұрақтың қойылатынын сезгенмін. Сенсеңіз, біз жұмысшыларды қысқартпақ түгілі, жұмыс уақытын да сол бұрынғыша сақтап қалдық, олардың еңбекақысы да өсті. “СНПС-Ақтө­бемұнайгаз” АҚ аймақтағы ірі өндірістік кәсіпорын. Компанияда 8 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді, одан бөлек мердігер және әріптес компа­нияларда он мыңдаған адам еңбек етеді. – Такталифум Сәдуұлы, бұрын мұнай алынып келген ұңғымалардың қысымы азайып келеді дегенді аракідік болса да естіп қаламыз. Осындай жағдайда мұнай өндіру көлемін қалай арттырып отырсыздар? – Оныңыз рас. Өткен жылдары өнімділігі жоғары ұңғымалардың қазір қысымы төмендей бастады. Сексенінші жылдары бұл мәселені шешу үшін ұңғымаларға су айдалатын-ды. Мұнайдың құрамында су көбейіп келеді. Соңғы жылдары ұңғымалардан өнім алу үшін газ айдау әдісі қолданылып жүр. Ол үшін газлифтілік әдіс пайдаланылуда. Осындай шаруаны жүзеге асыратын төрт газлифтілік станса пайдаланылуға берілді. Сондай-ақ, компания бұрын барланған ұңғымаларды пайдаланумен бірге барлау жұмыстарын жүргізуде. – Компанияның таяу болашақтағы бағыт-бағдары қандай? – Өткен жылдың аяғына қарай ҚХР басшысы мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев өзара ынтымақтастық бағытында бірқатар мәселелерді әңгіме өзегіне айналдырды. Бейнеу-Бозой газ құбырын салу, оны Шымкентке дейін апару, сөйтіп, мұнайға ілеспе газды еліміздің оңтүстігіне жеткізуге келісім жасалды. Ол одан әрі Азия құбырына қосылатын болады. Мұның өзі еліміздің батысындағы мұнайға ілеспе газды оңтүстікке, одан әрі ҚХР-ға жеткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Жаңажол, Кеңкияқ газы да осы құбыр бойынша экспортқа тасымалданатын болады. Бұл өз кезегінде тек мұнай өндіруді ғана емес, сонымен бірге, газ өндіруді де арттырудың жаңа мүмкіндіктерін ашады, өткізу рыногын игеруге алғышарт жасайды. 2010 жылы жоспарлы мұнай өндіру көлемін 6150 мың тоннаға жеткізу көзделуде. Мұнай және газ кен орындарында ағымдағы барлау жұмыстарын жүргізу де жоспарланып отыр. Жаңажолдағы төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысын аяқтау да биылғы жыл­дың еншісіндегі шаруа. Сондай-ақ, жылдық қуаты үш миллион тонна мұнай шығаруға жететін Үміт кен орнындағы сорғы-сығымдау стансасы құ­рылысын аяқтауға күш салынады. Болашақта Жаңажолда үшінші газ өңдеу зауытының екінші және үшінші кезегі және жылына жер қабатына бір миллиард тазартылмаған газ айдайтын нысан құры­лыстарын пайдалануға беру қарастырылып отыр. Бұл нысан газды пайдаға асыру бойынша жасалған бағдар­ла­ма­ның ажырамас бөлігі болып табылады. Осы нысандар пайдалануға берілгенде барлық алау сөндіріледі, ілеспе газ толығымен көгілдір отынға өңделеді. Сондай-ақ, қазіргі айтылып жүрген қоршаған ортаны қорғау бойынша жоспарларымыз да толық жүзеге асатын болады.Үстіміздегі жылы жүзеге асырылуы тиіс шаруаларды атқаруға компанияның күш-қуаты мен мүмкіндігі толық жетеді. – Акционерлік қоғамда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесі қалай шешімін табуда? Сіз облыстық мәслихаттың депутаты ретінде бұл шаруалармен жақсы таныссыз ғой. – Қазақстан мен Қытайдың оңтайлы эконо­микалық әріптестігінің арқасында біздің компания он екі жыл бойы инвестициялық қызметін жалғас­тырып келеді. Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі бойынша  ұлттық “Парыз” байқауында “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ Қазақ­стандағы ірі компаниялар арасында “Үздік әлеуметтік жоба” номинациясында екінші орынды иемденді. Мұндай жоғары мемлекеттік мадаққа акционерлік қоғам өз тарихында тұңғыш рет қол жеткізді, сондықтан, компанияның әлеуметтік жауапкер­шілігінің деңгейін көрсететін бұл жүлденің орны ерекше. Бұл — компанияның экономикалық жағдайы мен облыстың әлеуметтік саласының тығыз бай­ланысының айқын дәлелді көрсеткіші. Компания қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті үнемі назарында ұстайды. Қайырымдылық және демеушілік көмек көрсету – “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ ұстанған маңызды қағида. Елімізге келіп жұмыс істеген он екі жыл ішінде компания осы мақсаттарға 6,78 млрд.теңге қаржы жұмсады. Былтыр демеушілік-қайырымдылық көмекке бағытталған қаражат көлемі 437 млн. теңгеден астам болды. Акционерлік қоғамның осы бағытта қолға алып, атқарған жұмыстары облыстық және республикалық әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қосқан қомақты үлес болғаны анық. 2006 жылдан бастап акционерлік қоғам “Жаңажол-КС 13” газ құбырына жақын жатқан елді мекендерді газдандыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. 2007 жылы Ембі қаласында газ таратушы дербес станса іске қосылды, өткен жылдың маусым айында Бірлік және Құмжарған ауылдарына газ құбыры тартылды, Алтынды ауылын газдандыру жұмыстары жалғасуда. Жыл өткен сайын облыс және қаланың “көгілдір отынға” деген сұранысы артып келеді. Осыдан үш жыл бұрын осы мақсатқа 800 млн. текше метрге таяу газ қажет болса, 2009 жылы қажеттілік 1,5 млрд. текше метрге ұлғайды. Бұл қажеттілікті біздің компания тиісінше өтеп, ақтөбеліктерді “көгілдір отынмен” қамтып отыр. 2006 жылы компания 83 шақырымға созылған “Жаңажол-Ембі” темір жолын пайдалануға берді. Мұның артықшылығы – жеке магистраль компа­нияға кен орнына қондырғыларды, тауарлы-материалдық құндылықтарды, вахташыларды тасымалдап, дайын өнімді жеткізуге септігі үлкен. Темір жол құрылысын қазақстандық “Ремпуть” компаниясы, қазіргі “Жол жөндеуші” ЖШС жүргізгенін, ал іске қосу жұмыстарымен “Казах­интерфрахт-Аксай” көлік-экспедициялық компа­ниясы айналысқанын атап өту керек. – Акционерлік қоғам қазақстандық маңызға үлес қосып отыр ма, бір сөзбен айтқанда, қазақстандық қызметті, тауарларды қаншалықты пайдаланып келеді? – Компания өзге жеткізушілермен, іскер әріптестерімен, мердігер ұйымдармен әріптестік, тығыз қарым-қатынас орнатып, олармен шығындар көлемін нақты болжау, шегеру және өндірістің өзіндік құнын азайту турасында келісіп келеді. Сондай-ақ, сатып алу жұмыстарын ашық, әрі әділ өткізу мақсатында тендер өткізу туралы ақпарат әртүрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, компанияның ішкі корпоративтік сайтында да жарияланады. 2009 жылдың 10 айында ғана компания қа­зақстандық үлестің қатысуымен жалпы сомасы 54 млрд.теңгеден астам қаржыны тауар мен қызметтерді алуға жұмсады, соның ішінде қызмет көрсету бойынша 47 млрд. теңгеден астам, ал тауарлы-материалдық құндылықтарды жеткізіп беруде 7 млрд.теңгеден артық соманы құрады. Жыл сайын біздің акционерлік қоғам тауарлы-материалық құндылықтарды сатып алуда Ақтөбе мұнай қондырғылары зауыты секілді ақтөбелік ком­паниялармен тығыз жұмыс жасайды. 2009 жылы осы кәсіпорыннан компания жалпы сомасы 82 млн. теңгеге жуық сомаға бұрандалы штангалық сорғылар, сорғылық компрессорлық құбырлар, полирленген штоктар, штангтар сатып алды. Сондай-ақ, жыл сайын желілік-тарату өнімдерін шығаратын, жиын­тық трансформаторлық қосалқы стансалар (КТП), контакторлар өндіруші “Алагеум электрик” ЖШС сияқты қазақстандық кәсіпорындармен келісім-шарт жасасып келеміз, өткен жылғы осы кезеңде тапсырыс көлемі 79 млн. теңгені құрады. Солтүстік Қазақстан облысынан біздің компанияны мұнай сорғыларының бөлшек құралдарымен қамтып отырған “Венчурная компания “Поиск” ЖШС-мен де тығыз байланыс орнатылды, тапсырыс көлемінің сомасы — 20 млн.-нан астам теңге. Теміркескіш заттарды Қарағанды құрал-жабдықтар зауыты жеткізіп береді, аталған зауыттың жеткізілім көлемі есепті кезеңде 20 млн. теңгеден астам соманы құрады. Сондай-ақ, өткен жылы біздің тұрақты әріптестеріміз “Көктас-Ақтөбе” ЖШС-мен (инертті материалдармен қамту) 90 млн.теңгеге, “ЖБИ-25” ЖШС-мен (темір-бетонды өнімдер) 65 млн.теңгеден астам, “Жанатас-Продактс” ЖШС-мен 76 млн.теңгеге тауарлы-материалдық құндылықтардың жеткізілімі жөнінде келісім-шарт жасалды. Біз “Рауан Налко” ЖШС-мен сәтті әріп­тестіктеміз. Аталған серіктестік бізге химреагенттер мен көбік туындатқыштар дайындап беруші. Тапсырыс 158 млн.теңгеге орындалды. Арнайы киімдерді тігумен айналысатын “Пайда” ЖШС-мен 38 млн.теңгеге тапсырыс жасалды. Біз жыл сайын Қазақ зағиптар қоғамы және Қазақ саңыраулар қоғамымен келісім-шартқа оты­руды міндетімізге алдық. Аталған қоғамдар дайын­даған өнімдерді сатып алуға жұмсалған қаржы 3 млн. теңгеден астам және сәйкесінше 8 млн. теңгені құрады. Акционерлік қоғам әрқашан қазақстандық компанияларды қолдап, оларға демеу беруге дайын. Және алдағы уақытта осы ұстанымдарды жүзеге асыруды қалайды. Біздің компанияның болашағы айқын. Компания келер жылы өндірісті кеңейтуге, күрделі құрылыс, өндіріске заманауи техноло­гияларды енгізу секілді бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыра бастайды. Болашаққа бағдарланған жоспарлардың жүзеге асатынына күмән жоқ. Оған біздің бүгінгі қызметіміз бен жетістігіміз дәлел. Былтыр акционерлік қоғам өз тарихында мұнай өндіруде 6 млн.-дық межеден асып түсті. Жыл аяғында өндірілген мұнай көлемі 6 млн. 50 мың тоннаны құрады. Сәйкесінше, бұл біздің әріп­тестеріміз бен мердігер, қызмет көрсетуші компа­нияларымыздың қызмет аясын кеңейте түседі. “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” акционерлік қоғамы жаңа жылды жарқын табыстармен бастап отыр екен. Өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін беретін ірі кәсіпорынның әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында да болашаққа сенімді қадам басып отырғаны аңғарылады. Акционерлік қоғамдағы бүгінгі таңда қалыптасқан ұйымшылдық пен ынтымақты еңбек ахуалы табысты жолдың жалғасатынына сендіреді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.