10 Желтоқсан, 2011

Жердегі жедел жәрдем, аспандағы санавиация

267 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Адамдар жедел медициналық жәрдемнің қызметіне зәру емес. Оның жер үстіндегі қат-қабат әрі қауырт қызметін пайдаланбайтын науқас кемде-кем. Ал, Тәуелсіздігіміздің кемелденген тұсында құрылған республикалық санитарлық авиацияның үйлестіру орта­лы­ғының (РСАҮО) негізгі жұмысы әуе арқылы атқарылуымен ерекшеленеді. Күрделі ауыр жарақаттарға, күйікке, жүктілік пен босану кезіндегі асқынуларға, сәбилердің туа бітті кемістіктеріне өңірлерде көмек көрсету мүмкін болмайтын жағдайлар жиі кездеседі. Осын­дай­да ұйымдастырылатын республикалық, болмаса облыстық деңгейде білікті, жоғары маман­дан­дырылған және консультативті-диагнос­ти­ка­лық медициналық көмек көрсету сани­тар­лық авиациясы талай нәрестелер мен аналар­дың өміріне ара түсті. РСАҮО-ның алғаш са­па­ры Ақмола облысының Астрахан елді мекенінен басталды. Уақытынан бұрын толғақ қы­сып, босанған анаға жергілікті жерде жоғары са­палы көмек көрсету мүмкіндігі болма­ған­дық­тан, санавиация қызметкерлері оны Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына жеткізіп, аман алып қалды. Облыс, аудандардағы меди­ци­налық мекемелерден қашықта орналасқан елд­і мекендерде босанған әйелдерді, жаңа ту­ған нәрестелерді, жарақаттанған жандарды әдет­тегі көлік түрлерімен жеткізу қиын. Осын­дай жағдайда білікті мамандар әкелуде, шұғыл көмекке зәру адамдарды тиісті орындарға жеткізуде, сондай-ақ жол-көлік апаты кездерінде кезек күттірмейтін жедел жәрдем көмегін көрсетуде ұшақтар мен тікұшақтар бірден-бір қолайлы көлік болып табылары сөзсіз. Тәжірибелі мамандар мен білікті дәрігерлердің облыстарға барып, операция жасайтын сәттері аз емес. Мысалы, 25 қазанда Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының мамандары Өс­ке­мен қаласына барып, туғанына 14 күн бол­ған нәрестеге дер кезінде көмек көрсетті. Олар­дың тез жетуі ажал тырнағынан құтқарып қалуға бірден-бір себепкер болды. Осылайша орталықтың үйлесімді іс-шаралары мен әре­кеттері арқасында жүздеген науқастар отба­сы­ларына оралып, туған-туыстарымен қауышты. Еліміздің он бір облысында 12 тікұшақ пен ұшақ медициналық қызмет көрсетумен айналысады. Санитарлық авиацияның үй­лес­тіру орталығымен келісім-шарт бойынша жұмыс істей отырып ұшу кестесінде тыным болмайды. Әсіресе, Шығыс Қазақстан, Қы­зылорда, Атырау облыстарының шалғай ай­мақ­тарынан шақыру жиі түседі. Көбіне жүк­тілік және босану кезіндегі асқынуларды бол­дырмау үшін науқастарды облыс орта­лық­тарына жедел түрде апаруға тура келеді. Әр отбасының көптен күтетін қуанышы мен бақыты бала болғандықтан, туа бітті кемістіктерді емдеуді, ота жасау арқылы болашақ ел азаматын қатарға қосуды медицина қыз­меткерлері басты парыз санайды. Өрт, жарылыс, өндірістік апат секілді айтып келмейтін жағдайларда қайғыға душар болған адам­дарды бірден тікұшақпен тасымалдау қиын­ға соғатынын газет оқыр­мандары біле бермеуі мүмкін. Мұндай кездерде санитарлық авиация қызметі маман­дар­ды науқасқа өздері апа­ра­ды. Жағдайлары тұрақтанғанға дейін жедел көмек жергілікті жерлерде көрсетілуі ықтимал. Жасыратыны жоқ, жылына мыңдаған жол-көлік апаттары орын алып, оның ақыры адам өлімі сияқты қайғылы оқиғаларға соғып жатады. Бұған жүргізушілер де, жүргіншілер де кінәлі. Осындай сәтте алғашқы медици­на­лық жәрдемнің көмегі өте зор. Астана қала­сы­нан 90 шақырым жерде Павлодар тасжолы бойында екі автокөліктің соқтығысу салдары­нан үш адам опат болды. Түрлі дене жара­қа­тын алған үш адам санавиацияның әбжіл қи­мылының арқасында республикалық клини­ка­ға дер кезінде жеткізілді. Бүгінгі таңда елімізде адамдардың өмір сапасын жақсартуға, ана мен баланы қорғауға мемлекет тарапынан үлкен қамқор­лық жаса­лып келеді. Елбасымыздың арнайы тапсыр­ма­сымен қабылданған денсаулық сақ­тау сала­сы­на қатысты мемлекеттік бағ­дар­ламалар ая­сын­да елімізде денсаулық сақтау ісін реформалау, тұрғындарға алғашқы ме­дициналық көмек көрсетуді жақсарту жөнін­дегі шаралар дәйек­ті­лік­пен атқарылуда. Бұл орайда Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған респуб­ли­калық санитарлық авиа­цияның үйлестіру орта­лығы халықтың ден­саулығын сақтауға өз үлесін қоса беретін болады. Назгүл РЫМБАЕВА, республикалық санитарлық авиацияның үйлестіру орталығының бас маманы.