Мемлекеттік өртке қарсы қызметтен 80 шақырым қашықтықта орналасқан Кеңарал ауылында өртке қарсы бекет құру қажеттілігі көп жылдан бері айтылып келеті. Бұл проблеманы шешуге «Олжа Алтын-Инвест» ЖШС көмек берді.
«Жаз айларында өрт біздің өңіріміз үшін өте қауіпті. Дала өртінің табиғатқа, жан-жануарларға залалы өте көп. Сондықтан мұндай бекеттің ашылуы өртті дер уақыында ауыздықтауға мүмкіндік жасайды» деді Федоров ауданының ТЖБ бастығы Қ. Нұрмұхамбетов.
Жаңадан құрылған бекет құрамына Кеңарал, Жыланды, Ленин, Жанақой, Байкино, Новошумный ауылдары, сондай-ақ «Олжа Алтын-Инвест» ЖШС нысандары енгізілді.
Өртке қарсы бекет жылуы бар көлікжаймен, байланыс телефонымен жабдықталған. Өрт бекетінің құрамында өрт сөндіру автокөлігі бар және жеке құрамы қызметіне кірісті. Бұның барлығы Кеңарал ауылы тұрғындарының қауіпсіздігі деңгейін арттыру, дала, орман алқаптарын, ауданның ауыл шаруашылығы егістік жерлерді өрттен қорғау деңгейін арттыруға бағытталған.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай