Қазақстан • 31 Мамыр, 2018

АЛЖИР-де саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жиыны өтті

943 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін қоғам қайраткерлері, мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, құрбан болғандардың ұрпақтары саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу үшін АЛЖИР лагеріне жиналды. Лагерьде болған тұтқындар мен тотолитарлық режімнің зардабын көргендерге тағзым етуге «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді жастары да барды.

АЛЖИР-де саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жиыны өтті

Лагерьде 8 мыңға жуық 62 ұлт өкілінің нәзік жандылары тұтқындалған. АЛЖИР-де дүниеге келіп, 6 жыл анасымен бірге тұтқында болған мәскеулік қария лагерьде өткізген уақыты туралы айтып, ұрпақтары тағзым етіп келуі үшін осындай мемориалды кешеннің тұрғызылғанына алғысын білдірді.  

Сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына Құран бағышталып, ескерткіштеріне гүл қойылды. Жиынға келгендер арасында құрбан болған ата-бабаларын еске алып, жас ұрпаққа үлгі болсын деп отбасын ерте келген қариялар көп.