Қазақстан • 31 Мамыр, 2018

18 кітаптың электронды нұсқасы жарияланады

651 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлеуметтік-гуманитарлық салада 100 жетекші оқулық аудармасы жастарды – прагматизм мен бәсекеге қабілетті рухани жетілдіруде және де жаңа Қазақстан ұрпағын қалыптастыруда нақты қадам болып табылатыны анық.

18 кітаптың электронды нұсқасы жарияланады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған осы игі шараға орай, Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «100 жаңа оқулық – Рухани жаңғырудың құнарлы қайнары» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Бұл жиынға Ұлттық аударма бюросының жоба жетекшісі Назгүл Қожабек, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің экономика кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Садыханова, «Дәуір» полиграфия-баспа кешенінің атқарушы директоры Есет Қожамұратов, Нархоз университеті Экономика және басқару мектебінің деканы Самажан Өмірзақов қатысты.

- «Ұлттық аударма бюросы осы 100 оқулықты қазақ тіліне тәржімалаумен ғана шектелмейді. 12 сәуірде Астанада өткен үлкен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «оқулықтар электронды форматта және бейнелекция түрінде жариялансын» деген нақты тапсырмалар берген болатын. Қазір сол бағытта жұмыстар жүргізілуде. Жақын арада оқулықтардың PDF нұсқасы сайтта жарияланады. Сонымен қатар, бейнелекциялар түсіріліп жатыр. Ұлттық аударма бюросының kitap.kz және openU.kz деген екі жобасы бар екені баршаға мәлім. Айтулы қос жоба кітаптарды екі форматта жариялау үшін платформа болмақ.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тарапынан терминологиялық және түсіндірме сөздіктерді жаңарту жөнінде де тапсырма берілді. Ол жұмыс та қолға алынып, қазірге кезде жобасы әзірлене бастады. Ұлттық аударма бюросы аударылған кітаптарды редакциялау барысында терминология жағынан да көп шаруа атқаруда. Осы жұмыстардың барлығының нәтижесін алдағы уақытта жариялаймыз», – дейді Ұлттық аударма бюросының жоба жетекшісі Назгүл Қожабек.  

Брифинг барысында сөз алған басқа да мамандар осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында қысқаша баяндап, алдағы уақыттағы жоспарларымен де бөлісті.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ