10 Желтоқсан, 2011

Әлеуетті компанияның әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бағаланды

401 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі еліміздің тұрақты дамуында жедел стра­тегиялық маңызға ие болып отыр. Елбасы жарлығымен дүниеге келген «Парыз» бай­қауы бизнестің жобалары мен бағдар­ла­ма­ла­рын жүзеге асырып, әлеуметтік тәжіри­бе­лер­дің түрлі формаларын танытатын техно­ло­гияға айналып үлгерді. Елорданың «Сарыарқа-Велотрек» спорт кешенінде «Парыз-2011» конкурсының байқауын­да бірқатар жеңімпаздардың есімі аталып, билік тарапынан бағасын алды. Аталмыш байқауға қатысу үшін еліміздегі шағын және орта, ірі кәсіпкерлікпен айналысатын 610 кәсіпорын ниет танытқан екен. Индустрияландыру күні шеңберінде бизнестің дамуын ынталандыру үшін өткен осы байқауда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ «Жылдың ең үздік әлеуметтік жобасы» қатарында аталды. Әрине, бұл әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда елеулі істерді атқарған компания жұ­мысына берілген баға. Өз кезегінде «Қаз­Мұнай­Газ» Барлау Өндіру» АҚ сол сенімге лайық көшбасшылардың қатарынан көріне білді. Әуелгі міндет – әлеуметтік жауапкершілік бағытын ұстанған компания қоғамдағы түрлі салаларға қолдау көрсетіп келеді. Еліміздің мұнай және газ өндіру саласында үштікке кіріп отырған алпауыт қазіргі таңда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы жағымды көзқарас қалыптастырып отыр. Олай деуіміздің себебі бар. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бес жылдан бері Қазақстан және Лондон қор биржаларында акцияларын саудалап келеді. Негізгі активтерге инвестициялар салу бағдарламасын жүзеге асыруда халықаралық рынокта өзінің ұстанымдарын барынша нығайтты. Компанияның активтері Маңғыстау мен Атырау облысында болғандықтан, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бірінші кезектегі бастама болды. Жыл басынан бері көптеген әлеуметтік маңызы бар жо­баларды қаржыландырып, аймақтағы халықтың тұрмыс деңгейін көтеруде біршама шаруалар атқарды. Атап айтсақ, Маңғыстау облысында келісім-шарттық міндеттеме шеңберінде Жаңа­өзен қаласы және Қарақия ауданының әлеу­меттік инфрақұрылымын дамыту бағдар­ламасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын және аймақтың әлеуметтік жо­баларын қосымша қаржыландыру, жұмыс орындарын ашу, 200 пәтерлі коммуналдық тұрғын үй құрылысын аяқтау, «Төңірекшің» елді мекеніндегі қосалқы шаруашылықты 500 гектарға дейін кеңейту, алпыстан астам балалар ауласын жабдықтау, қаладағы он мектептің аумағына қазіргі заманға сай жасанды жабуы бар алаң орнату жұмыстары көрсетілген мерзімде тапсырылды. «Кендірлі» демалыс кешеніндегі медици­на­лық-сауықтыру орталығы, Каспий теңізі жаға­лауында жалпы құны 570 млн. теңгені құрайтын 250 орындық балаларды емдеу орталығы да халықтың игілігіне жарады. Атырау облысы Мақат ауданы Доссор поселкесінде ашылған 80 балаға лайықталған «Бота­қан» балабақшасы, күрделі жөндеуден өткен об­лыстағы «Мұнайшы» мәдениет сарайы, Миялы поселкесінде пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешені және тағы басқа бірқатар маңызды нысандар компанияның үздік деп танылған әлеуметтік жобалары еді.

Бүгінде «Парыз-2011» байқауында жүлдеге іліккен компания алдағы уақытта да халық үшін әлеуметтік маңызы зор жобаларды қаржы­лан­дырып, қалың бұқараның кәдесіне жарайтын өзге де бастамаларға ұдайы қолдау көрсетпек.