УЕФА ресми сайтының таратқан мәліметіне сенсек, турнирдің әнұраны және ресми добы өзгереді. «Еуропа лигасының негізгі элементтері саналатын логотип пен оның түсі өзгеріссіз қалады, бірақ визуалды өрнектер батыл және анық сипаттарға ие болды. Футболшылар мен жанкүйерлер арасындағы байланысты бейнелейтін қуат толқыны сызылған сызықтар мен ұшақтардың қанаты арқылы бүкіл Еуропа бойынша клубтардың саяхатына көз жеткізуге болады», деп жазады ресми сайт.
УЕФА аталған өзгерістер турнирдің абыройы мен маңыздылығын арттыра түседі деп есептейді.
Алыптар айқасы 21 шілдеде өтеді
Бүкіләлемдік бокс супер сериясының ауыр салмақтағы WBC және WBO әлем чемпионы украиналық Александр Усик (14-0, 11 КО) пен ресейлік боксшы Мұрат Гассиев (26-0, 19 КО) арасында өтетін жекпе-жектің өтетін күні белгілі болды.
Бұл туралы ресейлік боксшының жаттықтырушысы Абель Санчес мәлімдеді. Шетелдік басылымдарға берген сұхбатында ол кейінге шегерілген жекпе-жек 21 шілдеде өтетінін айтқан. «Бізге бокс кешін ұйымдастырушы тарап жекпе-жектің 21 шілде күні өтетінін айтқанымен, нақты қай елде ұйымдастырылатынын айтқан жоқ. Бұл бір түсініксіз жағдай болып тұр», дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Гассиев-Усик жекпе-жегі 11 мамырда Сауд Арабиясында өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда кездесуге дайындық барысында украиналық боксшының жарақат алып қалуына байланысты кездесу мерзімін кейінге шегерген-ді.
Лэмпард Чемпионшип командасын жаттықтырады
Англия құрамасы мен «Челси» командасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Фрэнк Лэмпард «Дерби Каунти» клубының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды.
Чемпионшиптің 2017/18 жылғы маусымында «Дерби Каунти» 6-орын иеленіп, премьер-лига үшін берілетін жолдамаға қол жеткізген-ді. Алайда плей-офф кезеңінде «Фулхэм» командасынан жеңіліп, жоғары топқа шыға алмады.
Айта кетейік, Лэмпардтың өзі футболшы карьерасын 2017 жылдың ақпан айында аяқтаған еді. Жаттықтырушы ретінде тәжірибесі жоқ футболшының жаттықтырушы атанғанына барлық жанкүйерлер таңданысын білдіріп жатыр.
Дайындаған
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»