Қазақстан • 01 Маусым, 2018

Астанада Баһаргүл Төлегеннің жеке көр­месі өтті

1065 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінде этнограф-топтамашы, еліміздегі жекеменшік көне жәдігерлер музей-қорының негізін қалаушы, сонымен қатар ұлттық кәдесый бұйымдарын жаңғыртушы, «Әдемі-Ай РІus» компания­сының президенті Баһаргүл Төлегеннің «Ұлы дала жау­һар­лары» атты жеке көр­месі өтті.  

Астанада Баһаргүл Төлегеннің жеке көр­месі өтті

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»

Шараны ұйымдастыру­шы­лар­дың пікірінше, бұл көрменің жас ұрпақ үшін берері мол. Өйткені бұл көрме – Елбасының «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақа­ласында айтылған ұлттық код, ұлттық жады мәселесін жаң­ғыр­тудың іс жүзіндегі көрі­нісі жә­не ұлттық өнерімізді дәріп­теу­дің жарқын үлгісі. 

Жиынды ашып, сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев халықтық таңдау арқылы іріктелген «100 жаңа есім» қатарына аты енген іскер ханым бұл күнге, мұндай күйге, осындай дәрежеге таймас табандылығының арқасында жетіп отыр десе, мәдени шара­ның келесі қонағы сенатор Әли Бектаев, көрме сөресіндегі жәді­герлерге қарап, бабалар мұрасы Ұлы дала мәдениетінің қандай болғанын аңғартады деп, сөзін түйіндеді.

Расында, бұл реткі көрермен көзайымына ұсынылып отырған 300-ден астам жәдігерлердің дені көне дүниелер. Атап айт­­қанда, ежелгі сәндік-зергер­лік бұйымдар, жауынгерлік жарақ­­тар, жылқы жабдықтары, ескі тиындар секілді артефак­тілер. Бұлар­дың ішінде тарихи маңыз­ды­лығы жағынан ең көнесі біздің жыл санауымыздың ІІ ғасы­рында, яғни қараханидтер дәуірінен сәл ілгері қазіргі Құмыл ойпатында өмір сүрген ежелгі үнді мәдениетін ұстанушы Кушар патшалығы шығарған тиындар мен Қазақ хандығы кезеңіне тән темір сауыт-саймандар, сонымен қатар ХІІІ-ХVІ ғасырларда жасалған қолөнер туындылары. 

Көрме сөресінен орын алған – қазақтың байырғы кесте өне­рінің туындылары түскиіздер, тоқылған кілем және маржан, ақық, күміс, алтын бұйымдармен әрлеп жасаған шолпы, шаштеңге, шекелік, алқа, өрнекті түймелер, білезік, белбеу, өңіржиек, сырға қатарлы бұйымдар расында көз тартарлық. 

Сондай-ақ ХІХ ғасырға тән аңшының пілте мылтығы, ХVІІІ ғасыр мұрасы теңгелі камзол мен кимешек, үш ғасыр бұрын ресейлік шеберлер жасаған жез самаурындар, мыс құман, болат кесе, т.б. жәдігерлер шынында  ұлтымыздың этнографиясын білуге, тұрмыс-салт бұйымда­рының ритуалдық мазмұнын зерттеуге таптырмас дүние. 

 Сөз соңында шүйіншілеп айтуға тұрарлық оқиға, ескі мұралар иесі Баһаргүл ханым өзінің коллекциясынан Әскери-тарихи музей қорына 1855 жылы Тула қала­сындағы қару-жарақ зауы­тында жасалған мылтық пен ғасыр бұрын біз кестемен тоқылған түс­киізді сыйға тартты. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»