Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»
Шараны ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл көрменің жас ұрпақ үшін берері мол. Өйткені бұл көрме – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық код, ұлттық жады мәселесін жаңғыртудың іс жүзіндегі көрінісі және ұлттық өнерімізді дәріптеудің жарқын үлгісі.
Жиынды ашып, сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев халықтық таңдау арқылы іріктелген «100 жаңа есім» қатарына аты енген іскер ханым бұл күнге, мұндай күйге, осындай дәрежеге таймас табандылығының арқасында жетіп отыр десе, мәдени шараның келесі қонағы сенатор Әли Бектаев, көрме сөресіндегі жәдігерлерге қарап, бабалар мұрасы Ұлы дала мәдениетінің қандай болғанын аңғартады деп, сөзін түйіндеді.
Расында, бұл реткі көрермен көзайымына ұсынылып отырған 300-ден астам жәдігерлердің дені көне дүниелер. Атап айтқанда, ежелгі сәндік-зергерлік бұйымдар, жауынгерлік жарақтар, жылқы жабдықтары, ескі тиындар секілді артефактілер. Бұлардың ішінде тарихи маңыздылығы жағынан ең көнесі біздің жыл санауымыздың ІІ ғасырында, яғни қараханидтер дәуірінен сәл ілгері қазіргі Құмыл ойпатында өмір сүрген ежелгі үнді мәдениетін ұстанушы Кушар патшалығы шығарған тиындар мен Қазақ хандығы кезеңіне тән темір сауыт-саймандар, сонымен қатар ХІІІ-ХVІ ғасырларда жасалған қолөнер туындылары.
Көрме сөресінен орын алған – қазақтың байырғы кесте өнерінің туындылары түскиіздер, тоқылған кілем және маржан, ақық, күміс, алтын бұйымдармен әрлеп жасаған шолпы, шаштеңге, шекелік, алқа, өрнекті түймелер, білезік, белбеу, өңіржиек, сырға қатарлы бұйымдар расында көз тартарлық.
Сондай-ақ ХІХ ғасырға тән аңшының пілте мылтығы, ХVІІІ ғасыр мұрасы теңгелі камзол мен кимешек, үш ғасыр бұрын ресейлік шеберлер жасаған жез самаурындар, мыс құман, болат кесе, т.б. жәдігерлер шынында ұлтымыздың этнографиясын білуге, тұрмыс-салт бұйымдарының ритуалдық мазмұнын зерттеуге таптырмас дүние.
Сөз соңында шүйіншілеп айтуға тұрарлық оқиға, ескі мұралар иесі Баһаргүл ханым өзінің коллекциясынан Әскери-тарихи музей қорына 1855 жылы Тула қаласындағы қару-жарақ зауытында жасалған мылтық пен ғасыр бұрын біз кестемен тоқылған түскиізді сыйға тартты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»