Ал мен жетпісінші жылдардың басында Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, елге оралған шақта, ағамыз Мәскеуге оқуға кеткен екен. Ол сол кезде де, оқу бітіріп Алматыға, «СҚ»-ның аппаратына қызметке орналасқан соң Семейге ара-тұра болса да келіп-кетіп жүретін. Сонда бірінші кезекте «Семей таңына» соғатын. Өйткені өзі де кезінде журналистік еңбек жолын ұлтымыздың талай марғасқаларының ізі қалған осы басылымда бастаған екен. Сол себептен де, Мәкеңнің мұнда Ілияс, Қабидолла, Балтабек сынды дос-жарандары баршылық. Ал басқа мамандық саласындағы досы Манатбек бізге жерлес аға болып келеді. Аттары аталған осы азаматтардың қайсыбірімен жасымыз кіші болғанмен іні, жолдас болуға жарап қалғандықтан, олардың ортақ достары – алматылық қонақпен біз де жақын танысып-білісе түскенбіз.
Сөйтіп жүргенде, нақтылап айтқанда, сексенінші жылдардың басында біз «СҚ»-ның Семейдегі тілшісі қызметіне бекітілдік. Сонда бізге жағымды мінездеме бергендердің бірі Мәкең болатын. Ол кезде Мәкең аталмыш басылымның жауапты хатшысы еді. Бірақ арада көп уақыт ұзамай бұл кісі Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы болып тағайындалып, қызметі тағы бір саты жоғарылай түскен. Осы орайда ағамыздың қызметі жоғарылағанмен, соңынан ерген әріптес інілеріне деген көңілі сол қалпынан айнымағанын айта кетсем деймін. Соның бір айғағындай Мәкең елден келген біздерді, тілшілерді үйіне қонаққа шақырып жататын. Нұрсұлу апайымыз да оған қуанып тұратын.
Содан айлар алмасып, жылдар жылжып өте келгенде заман өзгеріп, дүние асты-үстіне шығып дегендей, төңкеріліп кеткен. Ал оның салқыны өзінің ұстанған принципінен ауытқуды білмейтін, тура жүріп, тура сөйлейтін Мәкең сынды азаматтарға тигенін айтсаңшы! Солайша ағамыз Желтоқсан оқиғасы кезінде босқа күйіп, қиянатқа тап болған. Бірақ «аққа – Құдай жақ» дегендей ақыр соңында әділет салтанат құрып, қызметі аудандық газеттің корректорына дейін төмендетілген Мәкең бұрынғы қарашаңырағына – «Егеменге» қайтып оралған. Дәл сол шақта біз де Алматыға қоныс аударып, «Қазақстан коммунисі» журналына қызметке орналасқан едік. Солайша бір ғимаратта қызмет ететін біздер күнде дерлік кездесетін болдық. Мұның өзі бір-бірімізді жете тани түсіп, жақын араласуымызға жол ашқан. Түскі үзіліс кезінде ара-тұра шахмат ойнаймыз, кейде бір партия преферанс ойнаудан да кетәрі емеспіз. Соның бәрінде дерлік Мәкеңнің мерейі үстем болып жатады. Бұл кісінің сонымен бірге бильярд ойынын да жақсы ойнайтынын ертеректе Семейге келіп-кетіп жүргенінде көргеніміз бар. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, соның бәрі Мәкең үшін қосымша ермек екендігі аңғарылып тұратын. Мұның сыртында күнделікті оншақты басылымды сатып алып, оларды да оқуға уақыт тауып жататындығы және рас. Сөйте жүріп жұмысты ақсатпау Мәкең үшін бұлжымас заң екендігін көріп, біліп жүрдік және соны өзімізге үлгі тұттық. Мұны бір десек, екіншіден, бұл кісі отырған жерде өсек пен өтірікке, даңғойлық пен әсіре мақтаншақтыққа жол берілмейтіндігі және шындық. Сондықтан Мәкеңнің пікірлестері қай жерде болмасын аз емес-ті. Сондай-ақ біз сияқты жасы кішілер де өзімізден жасы үлкенірек ағамыздың жанынан табылуға тырысатынбыз.
Бірақ өмір емес пе, бірер жылдан соң Алматыдан Семейімізге қайтып оралғанбыз. Одан жыл өтпей жатып біз де «Егеменге» осы жақтағы меншікті тілшісі болып қайта келгенбіз. Сол тұста Мәкең бас басылымның тілшілер бөліміне жетекшілік ететін. Яғни он алты облыстағы тілшілердің тікелей басшысы осы кісі. Сол басшымыздың ауызша тапсырмалармен шектелмей, елге де келіп-кетіп тұратыны бар. Сонда баяғы ескі таныстарының бәрін сұрастырып, сәлем беруге тырысып бағатынына мен қайран қалатынмын. Мұндайда алдын ала жоспарлап қойған жұмысқа орай үнемі асығып тұрасың. Және іштей солардың көбі арадағы пәлен жылдан кейін бұл кісіні ұмытып та қалған болар дейсің. Жоқ, олай емес, ескі таныстары Мәкеңді шұрқырап қарсы алғанда өзің риза боласың, сәлемнен үлкен шаруа жоқ екендігін мойындайсың. Ал біреуден одан артық сый дәметуді, міндет артуды жөн көрмейтін ағамыз үшін бұдан кейінгі жерде шаруаға да уақыты артығымен жетіп жататын. Сондай сапарлардың бірінде қайтадан ашылып жатқан Абыралы ауданына барғанымыз күні бүгінгідей есімде. Тегінде аталған ауданның қайта ашылуы, біріншіден, ел егемендігінің арқасы болса, екіншіден, ел басылымы атанған «Егеменнің» де оған қосқан үлесі зор болатын. Өкінішке қарай біраз жылдан соң Абыралы ауданы қайтадан жабылып қалды. Негізінде, бұл аудан орталығы Курчатов болып ашылса, ғұмыры ұзақ болар ма еді, қайтер еді?! Ол енді басқа әңгіменің тақырыбы. Солай дей тұрғанмен, көршілес екі облыстың бірігуінің нәтижесінде кезінде Мәкең бар, Оңдасын Елубай бар, еліміздің шығыс жағын да шарлап қайтып жүретінбіз. «Апама да бара келейін, тайымды да үйрете келейін» дегендей, ондай сапарлар ешқашан ұмытылмақ емес.
* * *
Бұл да кейінгі әңгіме. Оған дейін, яғни Семей облысы тарқамай тұрған кезде, одан әрі нақтылай түссек, 1995 жылдың басында-ау деймін, Мәкең біздің жаққа келген бір сапарында бізге, ежелгі достары Балтабек, Манатбек үшеумізге тосын бір ұсыныс айтқан. Сол шақта бүкіл еліміз, оның ішінде, әсіресе Семей өңірі хакім Абайдың ЮНЕСКО көлемінде тойланғалы жатқан 150 жылдық мерейтойына қызу дайындық үстінде еді. «Соған орай қасиетті Семейден ақындар Меккесі атанған Жидебайға дейін жаяу жорыққа шықсақ» дейді Мәкең. «Сендер «иә» десеңдер, одан арғы жерде «Егеменнің» басшылығымен өзім сөйлесемін. «Ұлылыққа тағзым» деген атпен өтетін бұл шараны кейінде осы басылымның тұрақты акциясына айналдыруымыз мүмкін тегінде».
Ақыры солай болды да. Алғашқы сапарға жоғарыда аттары аталған азаматтармен бірге Алматыдағы Әуезов мұражайының ғылыми қызметкері Талатбек Әкімов те қатысты. Алғашқы сапар барысында біз онсыз да мұрындарына су жетпей жүрген ресми орындарды мазалай қойған жоқпыз. Жүк тиелген көлігіміздің жанармайы, бес-алты күнге жетерлік cусын-тамағымызға демеушіні өзіміз таптық. Тамақты да өзіміз әзірледік. Кешкі қоналқыда жататын шатырымызды да өзіміз тіктік дегендей. Қарауылға бастап алып баратын қасқа жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, шаң-тозаңға мейлінше көмілгенімізде еш қоспасы жоқ сөз. Оның үстіне көбіміздің бұрыннан жинақтаған тәжірибеміздің жоқтығы салдарынан қайсыбіреудің аяғы қажалып, қиналып қалғаны да рас. Бірақ соған қарамастан абырой болғанда діттеген жерімізге алдын ала болжаған мерзімде аман-есен уақытында жеткенбіз. Сонда негізінен дәті берік жолбасшымыздың кәдімгідей тебіренгені де шындық. Расында кешегі Желтоқсан оқиғасынан соң аздап болса да жүрегі сыр берген Мәкеңнің бұл ішкі толғанысын біз бек түсінгенбіз.
Сол жолғы сапар барысында біз өзімізді өзіміз насихаттағандай болмайық деп алдын ала еш жерде, ешкімге жар салмағанбыз. Сондықтан да болар, жолай бізді көргендер менің әкеме: «Дәулеттер бір топ адам болып Жидебайға жаяу кетіп бара жатыр» десе, ол кісі: «не, көліктері сынып қалып па» депті. Ал әкей солай десе, жолай кезіккен екінші біреу: «айдалада сіздерді аңдып тұрған кім бар, біздің көлікпен біраз жерге жетіп алыңыздар» деп бәйек болғаны да бар. Ал ол түгілі күндіз жүріп үлгере алмаған қашықтықтың бір бөлігін кешкі астан кейін жүріп өтуге бізді қайта бастап шығатын басшымыз бұған қайтіп жол берсін!
Сол сапар соңында аруақ қолдап дегендей Мәкең, Балтекең үшеуіміз «Абай ауданының құрметті азаматы» атандық. Мұның сыртында Мәкең екеуміз Абай тойына дайындық мәселелері және жолсапардан жазылған материалдарымыз үшін екі бірдей министрлік – Мәдениет пен Баспасөз министрліктері және Қазақстан Журналистер одағы бірлесіп өткізген байқаудың жеңімпазы деп танылдық. Жасыратыны жоқ, оған да көңіліміз көтеріліп қалған. Оның сыртында «Ұлылыққа тағзым» атты жаяу жорығымыз «Егеменнің» тұрақты акциясына айналып, ЮНЕСКО сынды мәртебелі ұйымның күнтізбесіне енген ұлтымыздың басқа да даңқты перзенттерінің мерейтойларында жалғасын тауып жатты. Ретімен айтатын болсақ, бұдан кейінгі жерде жыр жампозы Жамбылдың, дала данышпаны атанған Шәкәрім қажының – 150, бірі классик жазушы, екіншісі ғұлама ғалым, ал одан кейінгілері айтулы ақын болып табылатын Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаевтың, Ғабит Мүсіреповтің – 100, Махамбеттің, Сүйінбайдың 200 жылдық мерейтойлары мен қасиетті Түркістанның – 1500, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы Жарлықтарының бірімен Семей атом полигонының жабылғанына жиырма жыл толуына орай жаяу жорыққа шыққан екенбіз. Осы он сапарда еліміздің батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін жаяу көктей өтіп, жалпы жиыны 1600 шақырымдай жол жүріппіз. Тағы бір деректі айтатын болсам, сол он сапардың төртеуі қасиетті Семей топырағында өткен екен. Мәкеңе септесіп, соған ұйытқы болғаным мен үшін де зор мәртебе.
Орыс халқында «бір-біріңді жете білу үшін кемі бір пұт тұзды бірге жеп тауысу керек» деген мағынадағы сөз бар. Біз осы сапар барысында бір пұт болмаса да, бірер кило тұз жеген де шығармыз. Оған халқымыздың бетке ұстар біраз азаматтары да ортақтасқанын мақтанышпен мәлімдеймін. Айталық, белгілі сыншы-ғалым, аяулы азамат Зейнолла Серікқалиев марқұм бірқатар сапарда бізбен бірге болды. Есімдері елге белгілі тұлғалар Өмірзақ Айтбаев пен Ерлан Сыдықовтар ұлылыққа тағзым етіп, сапарымыздың мәні мен сәнін келтірді. Жаяу жорық экспедициясының құрамында, сондай-ақ әскери полковник, медицина ғылымдарының докторы Бүркітбай Айдарханов, полиция полковнигі Балташ Әлиев, геолог Молдияр Серікбаев, белгілі фотожурналист Нұрғожа Жұбанов сынды түрлі мамандық иелерімен бірге Сұңқар Жұртбаев, Қанат Ерсәлімов, Ержан Жақып секілді жастар да болды.
Алғашқы сапардан кейін-ақ ұлыларды ұлықтаған біздің жаяу жорығымызға халықтың да, биліктің де тарапынан ерекше көңіл бөліне бастағаны және шындық. Жолсапар барысында талай есте қаларлықтай қызықтармен бірге, бірен-саран болса да шыжықтар да кезігіп қалғаны рас. Бірақ оның бәрі сол жолсапарларымызға арналған кітаптарымызда айтылғандықтан, оны қайталап жату артық па деймін. Бүгінде ел егемендігінің арқасында шетке шығу сонша таңсық іс болмай қалды. Иә, «атың барда, ел таны» демекші, шетелдерді де көрген жақсы. Бірақ ең алдымен өз еліңді және сол өз еліңді жаяу аралаған бір ғанибет шаруа ма деймін. Мұны және өз басым өмірімнің айшықты шақтарының бірі деп білемін. Сол үшін Мәкеңе алғыстымын. Жасы үлкен ағамызды жаяу жолдас деп жатқаным да сондықтан! Бүгінгі күндері сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған әріптес аға, жаяу жолдасқа, Нұрсұлу апайымызға зор денсаулық тілей отырып, сіздерге ұрпақ қызығын көруге жазсын деймін!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі