Иә, біздің Көкшетауда мені «Қорғантай» деп атайтын, жан жылуын бөлетін, әрдайым жанашыр тілекші болып жүретін жайсаң ағалар үлкен бір шоғыр еді. Естай Мырзахметов, Көкен Шәкеев, Жанайдар Мусин, Хакімтай Әміров, Нұрмияш Көбенов, Баймұрат Азнабаев, Нұрқан Ысқақов, Маман Ементаев... Несін айтасыз, сол жақсы ағалар азайып барады, мүлдем азайып қалды. Көгентүптің көзінде қалған бірен-саранға құдайым өмір берсін деп тілеймін.
Осы дарқан дарынды шоғырдың ішінде де кісілік келбетімен, адами болмысымен, қаламгерлік өресімен, шынайы сыр-сипатымен дараланып тұрар, шоқтығы биік көрінер тұрпатты тұлға Мәтен Бижанов ағамыз еді. «Еді» деген баяндауыш қанша жерден өмірдің баянсыздығын көлбеңдетіп алға тарта берсе де, Көкшетаудың, Зеренді елінің ендігі қастерлейтін, мақтан ететін бір ардақтысы да осы жазушы, журналист, қайраткер Мәтен аға екенін айту парыз. Мәкеңнің ғұмырнамалық хамсасында Төлеген Қажыбаев көкеме қаратып айтқаны бар: «Мен білетін Төлегенге, ақын Төлегенге, жазушы Төлегенге, қала берді, драматург Төлегенге жергілікті алақандай газеттердің аясы тым тар боп жүр дер едім. Диапазон дейтін ұғым бар ғылымда. Сол диапазон жетіспей жүр. Бауырын жазып, қолтығын сөгіп дейтіндей. Көсіле шабатын ен жазира жетпей жүрген тұлпар сияқты көрінеді де тұрады менің көзіме», деп жазып еді. Осы айтқандарды түп-түгел, тұп-тура Мәкеңнің нақ өзіне де айтар едім. Дарын-талантының, қабілет-өресінің орбитасы кең жатқан, болмысы бекзат-тұғын. Білімі де, білігі де аса терең еді.
Қазір ойлап отырсам, Сарбас Ақтаев ағамыз айтпақшы, «тістің суындай аз қалған Көкше қаламгерлерінің» ішінде Мәтен Бижановтай мәнді де мәйекті, байырқалы да байсал тұлғаның болуы әрі мақтан, әрі шүкір екен ғой. Ондай болмағанда Мұрат Аджидің «Қыпшақтарын» таспа тілгендей тәржімалап, қазақ оқырманына жеткізуге тәуекел етер ме еді. Әйтпегенде артына өнегесі мол өмірлі де өрелі «Көкжелке», «Ой-көкпар», «Ой-тұмар», «Ой-тұтқа» сынды кітаптар қалдырар ма еді. Мейлі мақала, сын-сықақ, эссе-толғам, тіпті кішкентай қағытпа қалжың болса да, әр жазғанын ұстаның көрігінде балқытып, төсінде шыңдағандай, шым-шым қайнар шымырлыққа жеткізбей тынбас, шабыт пен шеберлік қайнарынан бірдей сусындаған дәл Мәтендей қалам майталмандары сирек-ақ. Әттең, осы қадір-қасиеті, қазақтың журналистикасы мен баспасөзіне сіңірген еңбегі ел көлемінде бағаланбай кеткені өкінішті. Өлшеулі өмірінде «Торғай таңы», «Көкшетау правдасы» және «Бұқпа» сияқты салиқалы газеттерді басқарып, өрге сүйреген кәтепті қара Мәкемнің елім-жерім, ұлтым-жұртым дегенде елжірей бүлкілдеген жүрек отының, жарқылдаған жан жарығының, төккен көз майы мен терінің өтеуін Көкшетаудың елі-жұрты елеусіз қалдырмас, ештен де кеш жақсы қылып ескерер деп үміт етеміз. Өйткені көрікті Көкшетаудың, зерлі Зерендінің, Абайша айтқанда, сүйер ұлдарының бірі осы марғасқа Мәтен болғаны анық.
Жетпісінші жылдардың соңына қарай облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде біз құралыптас кейінгі толқын жастар жағы көбірек істеп, журналистік еңбекке енді-енді төселіп ысыла бастағанбыз. Арқалықта, Торғай облысының «Торғай таңы» деген газетіне редакторлық етіп отырған Мәтен Бижанов деген ағамыз барын білетінбіз де еститінбіз. Оның өзі 70-жылдардың басында Торғай облысы тұңғыш ашылған кезде осы Көкшетаудан, біздің газеттен барған ғой. Демек, оның да жастайынан түлеп ұшқан ұясы – осы «Көкшетау правдасы».
1985 жылы, қай ай екенін анық білмеймін, сол Мәтен ағамыз өзінің туып-өскен қасиетті төрі Көкшетауға қайта оралды. Бірер жыл хат бөлімінің меңгерушісі болып отырды. Ежелгі досы Нұрхан Ысқақов ол кезде редакцияның жауапты хатшысы болатын. Қайран Нұрекең «Мәтеннің бөлімде отырғаны жарамайды, мен сол жерге барып, өзімнің орнымды беремін» деп айтып жүрді. Тегінде, бұл ұсынысын Мәтен аға да, газет редакторы Жанайдар Мусин де қабыл алмаған болар деп ойлаймын.
Жаңадан келген кісінің көзі сыншы келетінін әрі Мәкеңнің тегін адам еместігін ойлап, басқаларды қайдам, өз басым жинақталыңқырап, мақалаларымды дұрысырақ жазуға тырысып жүрдім. «Осы біздің газетте кімнің өресі биік?» деген сұрақты екеуара талқыға салған қысыр әңгімелердің бірінде Төлеген Қажыбаев көкем «Осылардың бәрінен Мәтеннің білімі терең болар. Себебі ол Мәскеуден жоғары партия мектебін бітіріп келді ғой» дегені есімде. Сірә, Төкең бұл бағаны Мәтен ағаның Мәскеуде оқып келгені үшін ғана айтпаған болар.
Мәтен ағамен бір ұжымда төрт жыл ғана бірге жұмыс істеппін. Осы қысқа уақыт, төрт қана жыл ағамен бауырласуыма, жақын інілерінің біріне айналуыма жетіп жатыпты. Мәкеңдей байыпты, байсалды, мәрт мінезді сұңғыла өзі бұрын еңбек жолын бастап, журналистиканың ұңғыл-шұңғылына біраз жылдар бойы бойлаған «Көкшетау правдасының» жаңа нұсқалы құрамында кімнің кім екенін бірер айда-ақ байыптап болған. Ара-арасында «Қорғанбекті қасқыр екен деп жүрсем, Кәрібай одан да асқан екен» дегендей әзіл-шыны аралас сөздермен қамшылап қоятыны да бар еді. Кәрібай дегенім баспасөздегі белгілі тұлғалардың бірі, қазіргі Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырманов ініміз ғой. Жұмыс саябырлаған кешке қарата Мәкең ағамыз, әсіресе осы Кәрібаймен шахмат ойнағанды ұнатар еді. Жігіттер айнала қоршап, гу-гулесіп ойынды қызықтайды. Мен ол кезде редакцияның жауапты хатшысымын, Мәтен аға – бірінші орынбасар. Ойынның қызған кезінде, әлде Мәкеңнің позициясы осалдау бір тұсында баспаханадан верстканың дайын бетін әкеліп тездетіп қарап беруі керектігін ескерткенімде ұнатпай қалатыны да болушы еді-ау қайран ағаның.
Алдымыздағы аға толқынның, соның ішінде айрықша Мәкеңнің бір-біріне деген ізет-құрметі, сыйласу мәдениеті керемет еді. Ойыма түскенде әлі күнге дейін қызығамын. Шуақты әзіл. Жайдарман көңіл. Байсал әңгіме. Қызмет бабындағы әдеп. Бәрі шынайы болатын, не айтылса да, не істесе де шын жүректен шығып жататын. Көлгірсу де, көсемсу де жоқ еді. Ортамыздың осындай таза, туыс, бауырмал болуына Мәтен ағамыздың әсері мол еді. Естай аға Мырзахметовтің, Жанайдар аға Мусин, тағы басқаларының Мәкеңді ерекше құрметтейтінін талай көріп те жүрдім. Мәкең тарапынан да кім-кімге болсын бауырмал шуақ есетін. Әрі ешкімге қиянат та жасамайтын, әділдіктен де таймайтын.
Баймұрат Азнабаев, Есмұхамбет Айтмағанбетов сынды бірер жас үлкен, Нұрқан Ысқақов, Маман Ементаев сияқты қатарлас замандастармен көңіл жарастығы қандай-ды. Ағамыз өз қаламгерлігінде жалпы сатираға, сықаққа бейім болғандықтан ба, оғаш қылықтарға, одағай сөздерге әзіл-қалжыңы, уытты мысқылы, зілсіз бірқағарлары да керемет болушы еді. Солардың «объектілері» күнделікті өзінің айналасында жүретін. Бірде Жанайдар аға Мәскеуден бас мақала жібергенде: «Ойпырмай, Мәскеуде жүрген адамның бас мақала жазуға сабыр-дәті қалай жетеді!» деп таңғалып, бізді де мәз қылып күлдіріп еді. Кенжетай Ғазизов, Маман Ементаев, Тайлақ Жалмұрзенов сияқты ақкөңіл, аңқау ағаларымызға арнаған шымшыма шумақтарын сиясы кеппеген сол минутта тыңдаушы едік. Бірде менің бір әрекетімді ұнатпай қалған Жұмабай аға Есекеев Мәкеңе екпіндеп кіріп: «Бұл Аманжолов деген пәле қайдан шыққан, түге!» деп ашу шақырып арыз айта бастағанда Мәкең қатты түтігіп, шарт кетіп, Жұмекеңнің өзіне ұмтылған ғой. Содан менің үстімнен шағымданғыш ағам өзіме келіп күледі. Ойбай ана Мәтеннен қашып шықтым. Енді болмаса сабап тастайтын түрі бар. Саған шаң жуытар емес деп Жұмабай ағам күледі кеп. Сонда жүзінде не Мәтен ағаға, не маған деген бір кейістік ізі болсайшы. Мәкеңе барсам, «Қайдан білейін, нөмірмен басым қатып отырсам, қайдағыны айтып жыныма тигені» деп ол кісі отыр. Жымиып күліп қояды. «Әй, өзінің де бір зәресі ұшты ғой деймін» дейді. Иә, біздің алдымыздағы ағалар солай-ды.
Ал енді Мәтен ағамыздың маған шаң жуыта бермейтіні де шындықтан аса алыс емес еді. Солай болғаны үшін Аллаға шүкір айтамын. 87-ші жылы ма екен, ұлы Жеңіс үйленгенде тойын маған басқартты. Ара-тұра ағаның үйінен шай ішетін тұстарда Күләш жеңгейден қысылып ыңғайсызданғаныма қарамастан, андай-мұндай әзіл-қалжыңдарды да астарлап айтып, жарқылдап отырушы еді. Бастықпын-ау, басқамын-ау деп алалану ол кісінің табиғатына жат-тын. Мансабымен емес, кісілік парасатымен дараланды. Мен «Жұлдыз» журналына ауысып, ауылдан жырақ, Алматыда жүрген жылдардың өне бойында Көкшетаудағы ең жақын да жанашыр тілекшілерімнің бірі болды. «Алматы біздің Қорғантайдың тынысын ашты, қолтығын сөкті» деп ағаның алғаусыз қуанғаны әсте ұмытылар ма?!
Елге келген сайын игі лебізді қолтаңбамен сыйлаған кітаптарын көзіммен, ағаға деген ақжарылқап сезіммен аялаймын. «Қорғанбек ботам, «Зеренді қарағайларына» қуанғандығымның бодауы деп ұсынамын» деп сыйлапты «Ақбұлақ» деген кітабын. Ақындығына Еркеш Ибраһим сырлы лебіз арнаған Мәтен аға өзінің әр жылдары жазған жырларын топтастырған, қапияда көз жұмған асыл жарына бағыштаған «Ескі дәптер» атты өлеңдер жинағын 2006 жылдың маусымында «Күләш жеңгеңе бағыштаған дүнием еді, көзіміздей көрерсің» деп аманат жүктеп беріп еді... Айтқаныңызды екі еткен жоқпын, әзиз аға, қолымдағы бар кітабыңызды көзіңіздей көріп, көрнекті сөремде ғана емес, жүрегімнің төрінде де, ой-санамның өресінде де қастерлеп сақтаудамын.
«Ой-көкпарыңызда» «Бүкіл жақсылық сенің басыңда болсын!» деген жан толқынтар ақжолтай тілекпен тартқан екенсіз. Шіркін-ай, осындай Баян Жанғалов, Мақтай Сағдиев, Естай Мырзахметов, Көкен Шәкеев, Жанайдар Мусин, Баймұрат Азнабаев, Есмұхамбет Айтмағанбетов, Хакімтай Әміров, Нұрқан Ысқақов, өзіңіз сияқты риясыз тілекті ағаларымыздың азая-азая, саусақпен санарлықтай болып мүлдем селдіреп қалғанына енді келіп қалай өкінбессің?!
«Ой-тұмарындағы» қолтаңбасын ағаның өзіме алақан жайып, алқап берген батасы деп қабылдап едім. Түгел келтірді деп сөге көрмеңіздер: «Саған аға, маған Дос – Нұрқанның мақамына салсам, сен бізге шын мәнінде – Қорғантайсың, кішілігіңмен де, кісілігіңмен де жанымызға жақынсың, Алматыда жүрсең де, біздей ағаларыңды зор тұтып жүрген ақынсың, Құдай сезіміңді сергек қып жаратыпты, осы бетіңнен тайдырмасын, Әумин! Ізгі тілекпен Мәтен ағаң». 2011 жылдың қарашасында «Ой-тұтқасына» жазған қолтаңбасын өлеңмен өргені қандай әдемі. Жанымды жылытады, жүрегімді толқытады, қолтығымнан демеп, көңілімді жадыратады. «Жайсаң іні болсын-ау, Қорғантайдай» деген аға тілегіне ақырына дейін сай болсамшы деген сәулелі үмітпен бүрленемін.
Аға ақырғы демі жақындаған шақта Алматы ауруханасында жатты. Ауруы жанына батып, қатты азаптанды. Сөйтіп жүріп өзінің соңғы аққу әніндей болған «Жарқабаққа асылған қос қайың» деген ғажап әңгімесін жазды. Аға рухының ғажабын, мықтылығын танытқан талайлы күндер екен-ау. Бұл дүние Жаңыл жеңгемізге арналған еді. Өзінің ақырғы күндерінде жар қосағының амандығын тілеген реквиемдей аңсар, үміт, аза арқалаған, қамығу мен күңіренуге толы шығарма бұл. Палатада жазылды. Мен компьютерге бастырып әкеліп, аға үстінен бір қарағасын Көкшетауға салып жібердім. Өзі бақиға аттанған азалы күндерде ол әңгіме өзінің «Бұқпасында» жарық көрді.
Қасында ұлы Жеңіс бар. Ағамен соңғы көрісуім де көз алдымда. Ем алуға апара жатты. Ішімнен күңірене қоштастым. Екі-үш күннен кейін Көкшетауға алып кетті. Іле-шала қаралы хабарды естіп, соңынан әзиз ағатайыма, асыл көкеме, Мәтен ағаның рухына бағыштаған дұға сияқты, қайғылы қарлығаштай қоштасу жырым да жеткен болатын.
Алысқа ұшып кеткендей ақ шағалам,
Айырылдым-ау ай нұрлы жақсы ағадан.
Күндерінің куәсі болып едім,
Бой бермеген тағдырға бопсалаған.
Асыл аға қазасы мұңайтады,
Қобалжыды көңілдің шырай таңы.
Көрерсің деп көзімдей кітап сыйлап,
Қорғантайым деп енді кім айтады?!
... Лайым Көкше жұрты Қасқатаудай нарқасқасын ұмытпас....
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА