Онда еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігін әлемдік экономиканың даму деңгейіне шығару жайы талқыланды. Технологиялардың дамуы әлемді екпінді түрде өзгертуде. Бұл бірінші кезекте бизнеске қатысты. Цифрлы жүйеге көшуді ескермейтін кәсіпкерлер келешекте экономиканың дамуына ілесе алмайды. Жаңа жүйенің даму жағдайында бизнесті қалай қайта құруға болады? Оған іскер әйелдер қауымдастығы қандай үлес қоса алады? Жалпы, әйелдер қауымы уақыт талабына қалай дайын болуы керек? Форумда, міне, осы мәселелер кеңінен талқыланды.
Шараның ашылуында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз сөйледі. «Біз цифрландыру бағдарламасында басқа елдердегі барлық тәжірибені таңдап алдық. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы еліміз жақсы жаққа өзгеріп, мүлде басқа мемлекетке айналады. Мемлекет басшысы атап өткендей, төртінші өнеркәсіптік революция технологияларын қазақстандық қауымдастықтың барлық салаларына тарту біздің міндетіміз болып табылады», деді министр.
Д.Абаев осы тұста елдегі ірі әрі ықпалды бірлестіктердің біріне айналған Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының рөлін де ерекше атап өтті. «Үлкен жетістіктеріне қарамастан, әйелдер кәсіпкерлігінде үлкен әлеует бар. Ал алдағы цифрландыру дәуірі бұл жаңа мүмкіндіктер болып табылады, сол себепті ол әлеуеттерді біз жүзеге асыра аламыз деп сенемін. Экономика салаларын цифрландыру кәсіпкерлік саласы үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр. Осы бағыт аясында біз электронды саудаға, соның ішінде ауылдық жерлердегі саудаға басымдық беретін боламыз. Қазірдің өзінде бұл алғашқы нәтижелерін беріп отыр. Осы орайда, электронды сауданың дамуына ықпал ететіндей Салық кодексіне бірқатар өзгертулер енгізілді», деген министр интернет-дүкендер құру бойынша арнайы оқулар да ұйымдастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар электронды төлемдер қабылдауды арттыру үшін мобильді төлемдерді жүзеге асырудың оңтайландырылған механизмдерін енгізуді ынталандыру мәселесі қолға алынғанын жеткізді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мемлекет ең алдымен ауылдарға интернет жеткізу үшін көлемді инвестиция салуға әзір. Цифрлы технологиялар мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің шешуші факторы болып отыр. Жаңа сын-тегеуріндер уақтылы шешім қабылдауды қажет етеді. Міне, сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасымен біздің министрлік «Цифрлы Қазақстан» ауқымды бағдарламасын жасап шығарды. Аталған құжат біздің еліміздің қоғамдық-экономикалық тұрғыдағы барлық саласын қамтуды көздеп отыр. Оның макроэкономикалық әсері де айқын болмақ», деді министр. Форум жұмысына жалпы Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ден аса кәсіпкер, солардың ішінде қауымдастықтың «Жас қанаттар» мүшелері, сонымен қатар Қазақстан мен шетелден келген 20 спикер қатысуда. Солардың ішінде Muzan Group директоры Диана Музан (АҚШ), сандық стратегиялар мен инновациялар саласындағы маркетинг сарапшысы Мұстафа Ичиль (Түркия), Назарбаев университеті Бизнес мектебінің профессоры Марек Йохец (Чехия), «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры Бикеш Курмангалиева, IТ-технологиялар саласындағы сарапшы Бағдат Мусин және басқалар бар.
Шара шеңберінде халықаралық және қазақстандық жетекші сарапшылар шеберлік сабақтар, тренингтер жүргізді және «Қазақтелеком» АҚ-тың бизнеске арнайы ұсынып отырған платформасы www.ismet.kz сайты таныстырылды.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»