Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сенатор Бақытжан Жұмағұлов Бес әлеуметтік бастаманы іске асыруда қоғамдық бақылау қолға алынғанын айтты. Айта кетерлігі, «Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы болып Бақытжан Жұмағұлов тағайындалған болатын.
«Еліміз үшін ерекше маңызы бар, халықтың кемел келешекке деген сенімін нығайтқан Бес әлеуметтік бастамаңыз елде үлкен үмітпен қабылданып, қолдау тауып жатыр. Осы игі істі бақылауды «Нұр Отан» партиясына тапсырдыңыз. Бұл әрбір нұротандыққа деген үлкен жауапкершілік пен сенім деп білеміз. Осыған орай, қоғамдық кеңес құрылып, өз жұмысын бастады. Бізге жүктелген мақсат-міндеттер айқын әрі анық. Ең бастысы міндетіміз - бастамаларды тиімді жүзеге асыру үшін партияның және қоғамның белсенді күштерін жұмылдырып, мемлекеттік органдарға жан-жақты көмек көрсету. Сондықтан, Қоғамдық кеңеске ауқымды міндеттер жүктеліп отыр», - деді Бақытжан Жұмағұлов.
Атап айтқанда, біріншіден - Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асуына қоғамдық мониторинг және бақылау жасау, үйлестіру. Екіншіден - әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуы туралы ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізу. Үшіншіден - бастамаларды жүзеге асыру кезіндегі мәселелерді анықтау және оларды шешу жөнінде ұсыныстар даярлап, мемлекеттік органдарға олардың сапалы орындалуына атсалысу.
«Үкімет бекіткен Жол картасы біздің осы бағыттағы жұмыстарымыздың негізі болып табылды. Бес бағыт бойынша кеңестің жұмыс топтары және өңірлік кеңестер құрылды. Мемлекеттік органдар мен жетекші саяси партиялармен, ҚХА, Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен, Кәсіпкерлік федерациясымен, ҮЕҰ-лармен бірлесе жұмыс істеудің тұрақты механизмі қарастырылды. Сенат пен Мәжілістің депуаттық корпусы бастамаларды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін заңнамалардың дайындалуына және қабылдануына жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Кеңестің 4 мамыр күні өткен алғашқы отырысында және одан кейін де жұмыс топтары бойынша кеңінен талқыланды. Оған барлық жауапты министрліктер мен Ұлттық банк өкілдері белсене қатысты», - деді ол.
Қоғамдық кеңес төрағасының сөзін тыңдаған Президент бақылауды нақты түрде жүзеге асыру керектігін атап өтті. «Қаржылық бақылау да жүргізілуі тиіс. Мен Наталья Николаевна Годуноваға (Есеп комитетінің төрайымы - авт.) тапсырдым. Бақылау үшін бірлесе жұмыс атқаруы керек. Әрбір тиын тиісті жеріне жетуі керек. Біз 2008 жылғы дағдарыс кезінде дәл осылай жұмыс істегенбіз. Қазір де солай жұмыс атқару керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы «Дипломмен ауылға» бағдарламасын тоқтатпау керектігін баса айтты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасын тоқтпауымыз керек. Ауылдан бәрібір қалаға көшу бар, оны тоқтата алмайсың. Урбанизация бүкіл әлемде жүріп жатыр, бізде де болады. Егер оған мамандық беріп туған ауылына бекітіп, жұмысының бастапқы кезеңінде назар аударатын болсақ, онда бой үйретіп, жұмыс істейтін болады", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Осы ретте Елбасы жастардың ауылда еңбек етуіне жағдай жасауда «Нұр Отан» жан-жақты жұмыстар жүргізуі қажеттігін баса айтты. «Нұрланған Отан жасаймыз деп атын қойдық қой. Отан дегеніміз - елің, жерің, отбасың, бала-шағаң. «Нұр Отан» отаншылдардың партиясы, Отанын сүйгендердің партиясы. «Отанын сүйгендер - әрбір өз азаматын сүйгендер» деп санау қажет. Біз осындай болуымыз керек. Бірінші дәрежедегі ұйымдарымыз, аудандарда, қалаларда, облыстарда бар. Оларға дұрыс адамдарды қойып, жұмыс істете білуіміз керек. Орталықтан жүргізіп жатқан мәселелер, біздің қабылдап отырған бағдарламаларымыздың барлығы қарапайым адамдар үшін", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.