Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Александр Судьин бастаған палата депутаттары ГФР ІІМ Парламенттік Статс-хатшы, Федералдық үкіметтің көші-қон және аз ұлттар жөніндегі уәкілі, Қазақстанда тұратын немістер мәселесі жөніндегі Қазақстан-Германия Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Кристоф Бергнермен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Германияның екіжақты қатынастарын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. «Германия Қазақстанның Еуропадағы маңызды әріптесі болып табылады», – деді А.Судьин және ол екі мемлекет арасындағы саяси сындарлы үнқатысуды атап өтті. «Қазақстанда Германия Федералдық канцлері А.Меркельдің өткен жылғы шілдедегі ресми сапарының нәтижелері жоғары бағаланды», – деді төрағаның орынбасары және ол Қазақстанда неміс диаспорасының болғаны мен Германияда тұратын Қазақстанның бұрынғы азаматтары екіжақты қатынастарды нығайтуда басты арқау болатынын атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекетаралық қатынастарда парламентаралық ынтымақтастық негізгі құрамдастың бірі болатынын айта келіп, Сенатта Германия Федералды парламентімен ынтымақтастық тобы, ал ГФР Бундестагында «Германия-Орталық Азия» парламенттік тобы жұмыс істейтінін атап өтті.
Кездесу барысында А.Судьин Парламент Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясын қабылдайтыны туралы айтты. Онда осы кезеңдегі негізгі нәтижелер көрініс табатын болады, деді ол. Ол сондай-ақ алдағы жылғы қаңтар айында Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді органдар – мәслихаттардың сайлауы өтетінін жеткізді. Біз сайлау науқанына баса назар аударамыз», – деді А.Судьин және Парламент сайлауы халықаралық ережелер мен стандарттарға сәйкес өтетінін мәлімдеді.
К.Бергнердің айтуынша, Қазақстан мен Германияның екіжақты қатынастары ауқымды және өзара сенім тұрғысында сипатталады. «Қазақстанда барлық жағдай жасалған, немістердің байланыстырушы рөлі осылай айқындалады», – деді К.Бергнер. Оның пікірінше, «ынтымақтастықтың бұл бағыты Қазақстан мен Германияның екіжақты қатынастарының іргетасындағы маңызды кірпіш болып табылады.
К.Бергнер қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтады және алдағы Парламент Мәжілісі сайлауының табысты өтуіне тілектестігін білдірді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.