Аймақтар • 02 Маусым, 2018

Ақтөбе облысының барлық аудандарында Әкелер аллеясы пайда болады

509 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуық арада Ақтөбе облысындағы барлық аудан орталықтарында жаңа көрікті жерлер Әкелер аллеясымен толықтырылады. Бұл туралы III республикалық әкелер форумы барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлады.

Ақтөбе облысының барлық аудандарында Әкелер аллеясы пайда болады

Жобаның мақсаты - қоғамның назарын әкенің рөлі мен әкенің өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қосатын үлесі мәселелеріне аудару.  

- Мемлекет басшысы қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға және қолдауға үлкен көңіл бөледі. Осы мақсатта көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен заңдар қабылданды, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды. Балаларды тәрбиелеудегі әкелердің рөлін бағалау өте қиын. Облыстың барлық аудандарында үлгілі әкелердің мәртебесін асыру мақсатында Әкелер аллеясын салуды жоспарлап отырмыз, - деп мәлімдеді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясына Ақтөбе қаласында  Ақтөбе облысының 2018 жыл Бала жылы деп аталуына орай республикалық  Әкелер форумын өткізу жөніндегі бастамасын қолдағаны үшін алғыс айтты.

Форум жұмысына барлық өңірлерден делегаттар, Ұлттық комиссияның басшылығы мен мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ үлгілі әулет басшылары қатысуда. Форум басталғанға дейін олар шығармашылық академиясында робототехника, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қолданбалы өнер бойынша балалар жұмыстарының көрмесімен танысты.

Форум модераторы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен өзінің құттықтау сөзінде Президенттің Жарлығымен қабылданған ҚР 2030 жылға дейінгі Отбасы және гендерлік саясат Тұжырымдамасында бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және әкелер институтын дамыту жөнінде тапсырма қойылғанын атап өтті.

- Бүгінде әкенің отбасы тәрбиесіндегі рөлін арттыру, қоғам назарын балалардың патриотизм сезімін қалыптастырудағы әке рөлін күшейту мәселелеріне аудару, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде білімге ұмтылдыру - біздің жұмысымыздың басымдығы болып табылады, - деп атап өтті Л.Сүлеймен.

Қатысушылар әкелер институтының қоғамды рухани жаңғыртудағы рөлін, жұмысты балаларды жауапты тәрбиелеумен үйлестіруді, әке тәрбиесінің әдістерін, Қазақстанда   әкелердің қоғамдық қозғалысы дамуының бүгіні мен келешегін және басқа да өзекті тақырыптарды талқылады.

Республикалық форумның қорытындысы бойынша әкелер қозғалысын дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты күшейту туралы қарар қабылданды, онда  «Әкелер кеңесі» ҚБ тұлғасындағы азаматтық қоғам маңызды рөл атқаруы тиіс. Форум нәтижелерінің бірі аталмыш қоғамдық бірлестіктің бөлімшелерін еліміздің барлық өңірлерінде ашылуы болады деп күтілуде.

Бұдан басқа, үздік үлгілі әкелерге Ұлттық комиссия атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Айта кетейк, сол күні Ақтөбеде республикалық балалар шеруінің, «Бақытты бала» халықаралық фестиваль-байқауының ашылу салтанаты өтті. Бұл қоғамды рухани жаңғыртуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырудың лайықты үлгісі болды.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе