Бейнежазбада қарт әже Мемлекет басшысына бата беріп, елге оралуына қолдау көрсеткен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі және Қытайдағы елшілік қызметкерлеріне алғыс айтады. Оның ұлы да шешесінің сөзіне қосыла отырып еліміздің дипломатиялық қызметіне ризашылығын білдіреді.
«2018 жылы 2 маусымда Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі мен Қытай Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі арасындағы уағдаластықтардың арқасында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде дүниеге келген 90 жастағы ұлты қазақ әже Қазақстанға қайта оралды», деп жазды Әнуар Жайнақов.
2018 жылы 29 мамырда Бейжіңде көші-қон заңнамасын бұзғаны және ҚХР аумағында заңсыз болғаны үшін қарт әйел және оның ұлы ұсталған болатын. Кейіннен анықталғандай, ол және оның отбасы Қытайға 2017 жылы наурызда келіп, визада белгіленген мерзімді (30 күн) сақтамай, бір жылдан астам ел аумағында болған.
Елшіліктің қызметкерлері Қытай құқық қорғау органдарымен дереу хабарласты. Қазақстандықтарды ұстау себептері анықталғаннан кейін олардың Қазақстан мен Қытай елдерінің қос азаматтығы болғаны белгілі болды.
Қытайлық тарап пен Қазақстан Елшілігінің көмегі арқасында ұсталғандардың Қытай азаматтығынан айырылу туралы құжатты және оларды айыппұлсыз әрі уақытша ұстау изоляторына қамаусыз Қазақстанға депортациялау тез арада ресімделді.