Жиынға Саяси кеңестің мүшелері – Үкімет, Парламент және Президент Әкімшілігі басшылары, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары және бейнеконференция байланысы режімінде еліміздің барлық өңірінің өкілдері – облыс әкімдері, облыстық мәслихаттардың хатшылары, партияның облыстық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты. Саяси кеңестің отырысында партияны жүйелі жаңғырту және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жасау ісін ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кіріспе сөзінде партия Саяси кеңесінің өткен жылдың қараша айындағы отырысында берген тапсырмаларын еске салып өтті. Атап айтқанда, Елбасы партиялық кадрлармен жұмысты күшейту, жергілікті өкілдік етуші органдарды қалыптастыруда партияның рөлін арттыру, жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысу, партиялық технологияларды жетілдіру, аналитикалық әлеуетті күшейту және партиялық білім беру сапасын арттыруды көздейтін жобаларды жүзеге асыру мәселелерін тапсырған болатын.
Оған қоса, Саяси кеңестің бұған дейінгі отырысында партия мүшелерінің сан емес, сапалық құрамына басымдық беру, партия жұмысын жетілдіруде жаңа саяси технологияларды қолдану, жастармен белсенді жұмыс жүргізу, «Жас Отан» жастар қанатына еліміздегі барлық жастар ұйымдарының басын біріктіруге ұйытқы болуды жүктейтін міндеттер қойылған еді.
Міне, осы міндеттердің, жоспарланған жұмыстардың нәтижесі мен еліміздегі әрбір азаматтың тұрмыстық ахуалын жақсартуға арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» орындалуы бойынша есеп беретін сәт жаз маусымының алғашқы күніне сәйкес келді.
Елбасы бұл жұмыстарды орындау үшін заңнамалық база жетілдірілгендігін және партияның Парламенттегі фракциясының осы мақсатта ауқымды жұмыс атқарғандығын да атап өтті.
Сапаны халыққа көрсетілген нақты көмек айқындайды
Жалпы Президенттің тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып жоғарыда аталған міндеттердің жүзеге асырылуына қоғамдық бақылауды күшейтуді қолға алған болатын.
Осы орайды Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өз баяндамасында Елбасының партияны жүйелі жаңғырту жөніндегі тапсырмасы бойынша соңғы айларда қандай шаралар атқарылғанын жеткізді.
М.Әшімбаевтың айтуынша, Елбасы тапсырмасына сай, «Нұр Отан» партиясының әлеуеті арқылы «Цифрлы Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары ел арасында кеңінен насихатталып, шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ жаңа саяси технологияларды енгізу арқылы негізгі жұмыстардың әдіс-тәсілдері өзгерген. Мәселен, енді партия жұмысын бағалауда ұйым тарапынан өткізілген іс-шаралардың және оған қатысушылардың саны емес, халыққа көрсетілген нақты көмектер есепке алынуда.
Партия тарапынан ақпараттық, коммуникациялық тетіктер кеңінен қолданылуы нәтижесінде «Нұр Отанның» әлеуметтік желілердегі ақпараттарының таралымы мен оған жазылушылар саны, сәйкесінше оқылымы да арта түскен.
М.Әшімбаев үш жылдың ішінде партияның бастамасымен елімізде бір мыңдай IT сыныптары ашылатынын, онда жылына 150 мың оқушы бағдарлама жасау мен робот техникасы бойынша тереңдетілген білім алатынын да атап өтті. Осы жоба аясында биылдың өзінде 280 сынып ашу көзделген. Бүгінге дейін Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау облыстары мен Астана және Алматы қалаларында 59 сынып ашылған. Бұл жобаларға «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлер демеушілік көрсеткен.
Сонымен қатар IT компаниялары мен өңірлердегі оқу орындарының жанынан IT саласына жылына 35 мың маман даярлайтын орталықтар ашылмақ. Бұндай орталықтарға алдымен жұмыссыз және өзін өзі қамтыған жастар тартылмақ.
«Нұр Отан» партиясы шағын және орта бизнесті дамыту бағытында да бірнеше жобаны қолға алған.
– Жалпы, бүгінгі күннің өзекті әрі халыққа тікелей қатысты мәселелерін қоғамдық бақылауға алу, жоспарлардың орындалуын қадағалау еліміздегі ең ірі саяси ұйымның күн тәртібінен түспейді. Бұл – Партия Төрағасының тапсырмасы мен талабы, – деді Мәулен Әшімбаев.
Бірегей жоба Астанадан басталады
Келесі кезекте сөз алған Астана қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы Әсет Исекешев партиялық тапсырмалардың орындалу барысы туралы айта келіп, жүйелі жаңғырудың астаналықтарды тұтас қамтитынын атап өтті.
– Астана халқын жұмыспен қамту ісі де ұдайы басты назарымызда. Қазіргі таңда қаламызда тұрақты жұмысы бар 500 мың тұрғын болса, оның 300 мыңы шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Біздің есебіміз бойынша, шамамен 2023 жылы тұрақты жұмысы бар астаналықтар саны 650 мыңға жетеді. Бұл – тағы 150 мың жұмыс орны құрылады деген сөз. Осының бәрін ескере отырып, сұранысқа ие мамандықтарды оқытатын арнайы курстар аштық. Мемлекеттік тапсырыстар тізбегінен көнерген мамандықтар алынып қала шаруашылығына қажетті мамандықтар тізімі жасалды. Сол арқылы жыл соңына дейін 30 мың адам дайындалса, оның 17 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытылмақ, – деді Ә.Исекешев.
Қала әкімінің баяндауынша, бұған дейін мектеп оқушылары 7 сыныптан бастап оқитын бағдарламалау негіздерін енді бірінші сыныптан бастап оқыту қолға алынады. Өйткені осы мақсаттағы қанатқақты жоба өз тиімділігін көрсеткен. Сондықтан да енді компьютерлік сауаттылықты арттыруға негізделген жоба Астанадағы 35 мектепте басталмақ. Қанатқақты жобада астаналық балалардың танымдық ойындар бағдарламасы мен қазақша мультфильмдер жасауға қызығушылығы жоғары болғандығы байқалған.
Сонымен қатар алдағы оқу жылына дейін елорда мектептері толық компьютерлендіріліп, сымсыз интернет желісі жүргізілмек және робот-техникалық жабдықтармен қамтылуы 100 пайызға жеткізілмек.
Астана қаласында Елбасы тапсырмаларын, «Нұр Отан» партиясының жоспарлы міндеттерін орындау мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» көрсетілген студент жастарды жатақханалармен қамту жобасы бойынша Астанада алғаш рет мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде тағы бір қанатқақты жоба қолға алынбақшы. Нақтырақ айтқанда, 11 мемлекеттік колледждің студенттерін тұрақты үй-жаймен қамтамасыз ету үшін қала бойынша бұған дейін салынған ғимараттар пайдаланылады. Осы бастама арқылы 2000 орындық жатақхана қажеттілігі өз шешімін табады. Сондай-ақ бұл әдіс шағын және орта бизнеске де қолайлы әсер етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына себепкер болады.
Цифрландыру бағдарламасына сәйкес Астанада биылғы жылдың қыркүйек айына дейін смарт-білім, смарт-медицина және E-ПИК (пәтер иелері кооперативі) жобаларын жүзеге асыру аяқталады.
Астана әкімі елордалық әрбір тұрғынның цифрлы төлқұжатпен қамтамасыз етілетіндігіне да тоқталды. Бұл жүйе жәрдемақы алуды, мемлекеттік қызметтердің игілігін көруді түрлі төлемдер жүргізуді оңтайландырмақ.
– 2017 жылы Астана қаласы бойынша дәрігерлік кезекке 2 млн адам электронды әдіспен тіркелді. Сондай-ақ бұрын бес күнге созылатын баланы балабақшаға тіркеу рәсімі қазір бес минутта-ақ жүзеге асырылады, – деді Ә.Исекешев.
Бұл мәліметтер Елбасының көңілінен шығып, Мемлекет басшысы аталған жоспардың толықтай орындалуына тілектестік білдірді.
Цифрландыру – кәсіпкерлікке үлкен қолдау
Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов еліміздегі кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге ұдайы ерекше көңіл бөліп отырған Елбасына ел кәсіпкерлері атынан алғысын білдірді. Осы орайда, Мемлекет басшысы жуырда қол қойған кәсіпкерлік қызметті реттеуге қатысты заңға сай жергілікті жерде кәсібін енді ашып, жаңа қалыптаса бастаған кәсіпкерлер үшін тексерулер мен айыппұлдардың орнына профилактикалық бақылау енгізіліп, жоспардан тыс тексерулердің мерзімін 30 күннен 10 күнге дейін қысқарту, бірқатар салық төлемдерінің мөлшерлемесін азайту көзделгені белгілі. Бұл шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған игі қадамдардың бірі ғана.
– Биылғы Жолдауыңызда 2018 жылы цифрлы дәуір өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бес жылдығын әзірлеу керектігін айттыңыз. Бұл іс кәсіпкерлікке үлкен серпін берері сөзсіз. Қазір бізге техникалық шарттарды алу, сәулет және жер мәселелері бойынша рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу бойынша ашықтық қажет. Қолданыстағы заңнамаларда жер учаскесін алу мерзімі екі ай деп көрсетілген. Іс жүзінде ол жарты жылға дейін созылып кетеді. Өйткені жер бөлуге қатысты мемлекеттік мекемелер өте көп, сосын органдардың арасында өзара ақпараттық байланыс жоқ. Мәселен Қызылорда қаласының барлық әлеуметтік маңызы бар инженерлік желілері туралы ақпаратпен қамтылған электрондық карта даярланды. Оның негізінде бизнеске барлық инженерлік желіге қосылуға рұқсатты бір жерден алуға мүмкіндік беретін геоақпараттық онлайн сервис жүйесі құрылды. Бұрын кәсіпкерлер техникалық шартты алу үшін қаланың төрт жерінде орналасқан төрт мекемеге баратын. Оған төрт айдай уақыт кететін. Қазір арнайы сервис арқылы үш күнде алады. Уақыт пен қаражат айтарлықтай үнемделеді, деді Ғ.Жақсылықов.
Кәсіпкерлер палатасының өкілі Сыр өңірінде жер телімдерін пайдалануға рұқсат беру мәселесіне байланысты да біраз шаруа атқарылғанын айта келе, саланы цифрландыру шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен қолдау болғанына тоқталды. Тек уәкілетті мекемелердің өзара қатынасын реттеудің арқасында жер учаскесін беру мерзімі 148 күннен 70 күнге, ал партиялық ұсыныстардан соң 29 күнге дейін қысқартылған.
Мемлекет басшысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығына кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан жеңілдіктер мен халыққа ұсынылған орта игіліктерді ел арасында кеңінен насихаттау туралы тапсырма берді.
Ал «YBYRAІ жас программистер лигасы» қоғамдық қорының жетекшісі Әзиза Шөжеева «Нұр Отан» партиясы қолға алған бағдарламалау негіздерін балаларға мектеп жасынан үйрету жобасының тиімділігін, партияның Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева, «Жас Отан» жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Уәлихан Болатбектер «Нұр Отан» партиясы жүктеген міндеттердің орындалуы жайында баяндады.
Жаңа ипотека мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс
Адами капиталды дамытудың жаңа деңгейіне көтерілуге, халықтың табысын арттыруға және өмір сапасын жақсартуға мол мүмкіндік беретін «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» орындалу барысы жайында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев кеңінен баяндады.
– Бастамаларды жүзеге асыру үшін Үкімет Жол картасын бекітті. Аталған Жол картасы аясында 35 іс-шара қарастырылған. Өткен наурыз-мамыр айларында соның 20-сы іске асырылды. Соның ішінде бастамаларды жүзеге асырудың заңнамалық негізі қалыптасты. Мұндай өзара іс-қимыл, «Нұр Отан» партиясының жүйелі бақылауы әр бастаманың тиімділігін арттыра түседі. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс одан ары күшейтіліп, Елбасы тапсырмасының сапалы орындалуына барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, – деді Ерболат Досаев.
Премьер-Министрдің орынбасары осыдан соң бес бастаманың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, негізгі жұмыстардың барысы мен орындалу мерзімін баяндады.
Атап айтқанда, Ұлттық банк «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиелеудің тұжырымдамасын бекітті. Бұл жүйе тек жаңа пәтерлер алуға ғана арналған. Банктер аталған бағдарлама бойынша алдағы шілде айында несиелеуді бастайды. Қарыз теңгемен беріледі және қосымша комиссия мен өзге де алымдар жоқ. Аталған бағдарлама бойынша пәтерлер бағасы Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында 25 млн теңгеден, ал өзге қалаларда 15 млн теңгеден асырылмайды.
– Біз пәтерлерді баспанасы жоқ жастар алғанын қалаймыз. Бұл бағдарлама бірде бір баспанасы жоқ жандарға арналып отыр. Сондықтан да осы бағыттағы жұмыстар кімге және не үшін жасалып жатқанын барша қоғамға түсіндіру қажет. Тиісті есептеулер жасалды, отбасының екі мүшесі жұмыс істеген кезде ешқандай ауыртпалық болмайды. Ипотекалық несиенің үстемесі 7 пайыздан аспайды, – деді Елбасы.
Елбасы осы ретте облыс әкімдері мен атқарушы орган басшыларына бағдарламаны нақты іске асыруды, аймақтарда бөлінген қаражат шашауын шығармай пайдаланылуды және елдің игілігіне сапалы қызмет көрсетуді атап тапсырды.
Е.Досаевтың мәлімдеуінше, табыс салығының төмендеуіне байланысты туындайтын жергілікті бюджеттердің тапшылығы республикалық бюджет есебінен өтеледі. Биылдан бастап ЖОО-дағы техникалық мамандықтарға бөлінетін грант саны көбейтілген, сондай-ақ студенттерді жатақханамен қамтудың оңтайлы тетігі жасалған. Үкіметтің есебінше, елімізде 2019 жылы 5 мың орындық, ал 2020 жылы қосымша 15 мың орындық жатақханалар пайдалануға берілмек. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға арналған шағын несие көлемі де артып, осы мақсатқа 63 млрд теңге қарастырылған, оның басым бөлігі ауылдық елді мекен тұрғындарына беріледі. Ал Сарыарқа газ құбыры желісінің алғашқы кезеңін 2019 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
Өз кезегінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов Кеңестің қоғамдық мониторинг және бақылау жүргізуді үйлестіру, халыққа кеңінен ақпарат беру, бастамаларды жүзеге асыру кезіндегі мәселелерді анықтау, оларды шешу жөнінде ұсыныстар даярлау, сапалы орындалуына атсалысу ісін тиімді атқаруға әзір екенін атап өтті.
Ал Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын» халық зор үмітпен қабылдағандығын және «Нұр Отан» партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясымен, барлық азаматтық қоғам институттарымен бірге бес әлеуметтік бастаманы іске асыруға бақылау жүргізу бойынша жүйелі жұмысты бастап кеткеніне тоқталды.
Барлығы да халықтың игілігі үшін
Басқосудың күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты баяндамаларды тыңдаған Елбасы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және олардың орындалуына бақылау жасау ісіндегі «Нұр Отан» партиясының маңызды рөлін атап өтті.
Қазақстан Президенті әлемдік дамудың және экономикалық үдерістердің жоғары қарқынына тоқталып, жаңа сын-қатерлерге бейімделу қажеттігін айтты.
– Біз жүзеге асыруды жоспарлап отырған жұмыстардың бәрі бәсекеге қабілетті болуымыз үшін қажет. Экономиканың үшінші жаңғыруы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары біздің тарапымыздан атқарылуға тиіс нәрсенің бәрін толық айқындап берді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын және партияның цифрландыру саласындағы жобаларын орындаудың маңыздылығына назар аударды.
Қазақстан Президенті Астана экономикалық форумының қорытындысы бойынша шығарылған шешімдер жөнінде кеңінен әңгімеледі.
– Жаһандық дамудан қалып қоймау үшін басқарудың сапалы болуы талап етіледі. Бұл – мемлекеттік қызметті жетілдіру деген сөз. Біз мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету және меритократия қағидатын ілгерілету мәселелерін шештік. Бұл қадамның орындалуын партия қадағалауы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы инвестиция тарту және бәсекеге қабілетті елді қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
– Инвестициялар заң үстемдігі қамтамасыз етілген, келісімшарттары сақталатын, білімді мемлекеттік қызметшілер жұмыс істейтін елге ғана келеді. Ал қазіргі жағдайдағы бәсекеге қабілеттілік – цифрландыруды дамыту, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу ісінде цифрландырудың тиімді екенін айтты.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өнімділіктің өсімін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы экспортын арттыру мәселелеріне тоқталды.
Соңында Қазақстан Президенті жаңа жобаларды тиімді жүзеге асырудың және Үкімет пен «Нұр Отан» партиясының алдына қойылған міндеттердің маңыздылығы жөнінде айтты.
– Ел ішінде қолайлы әлеуметтік жағдай болғанда ғана мемлекет табысты жұмыс істейді. Бұл – Үкіметтің басты міндеті. Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстың бәрі халыққа арналған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Саяси кеңес отырысының қорытындысы бойынша қаралған мәселелерге байланысты арнайы қаулылар қабылданды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»