Қазақстан • 04 Маусым, 2018

Цифрландыру – серпінді дамудың өзегі

1259 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенатта Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Төртінші өнеркә­сіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» ат­ты Жолдауының аясында және па­латаның негізгі іс-шаралар жос­парына сәйкес «Цифрлы Қа­зақстан» мемлекеттік бағдар­ламасының орындалуына арнал­ған парламенттік тыңдау өтті. 

Цифрландыру – серпінді дамудың өзегі

Жиынға Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министрдің орын­басары Асқар Жұмағалиев, Ақ­парат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқ­табаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары, министрлік өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев цифрландырудың маңызына, оның ел дамуына тигізер ықпалына тоқ­талды. «Бүгінде цифрлы технология­лар жа­һандық экономикалық дамудың не­гізгі факторларының біріне айналып отыр. Цифрландыру ел экономи­ка­сының бол­мысын түбегейлі өзгертіп, еңбек өнім­ділігінің артуы мен өмір сапа­сы­ның жақ­саруына зор ықпал етіп келеді. Мемлекет басшысы айқын­дап бергендей, цифрландыруды кеңінен қолданысқа енгізу – елімізді жаңғыр­тудың басты бағыты», деді Қ.Тоқаев.

Сенат Төрағасы келтірген деректерге сүйенсек, 2025 жылға қарай цифрландыру арқылы ішкі жалпы өнім 19 пайыздан 34 па­йызға көтеріледі. Болжам бо­йын­ша, 2020 жылға қарай цифрланды­ру әлем эко­номикасының төрттен бірін құра­мақ.

Қ.Тоқаев цифрлы технологиялар за­ман талабы екенін, олардың қо­ғам өміріне оң әсер етіп отырғанын, цифр­лы тех­нологиялар нәтижесінде ден­сау­лық сақтау мен білім беру, қала тір­шілігі, жалпы адамның күнделікті өмірі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болғанын атап өтті. «Серпінді дамып ке­ле жатқан алдыңғы қатарлы мемлекеттер цифрлы экономиканы дамытуға белсенді түрде басымдық беріп отыр. Бұл – жаһандық күн тәртібінің аса ма­ңыз­ды бағыты. Цифрлы экономиканы қалып­тастыруда айтарлықтай нәти­же­лер­ге қол жеткізген елдерге тән ортақ си­­пат бар. Ол – инновацияны енгізуге қо­­­лай­­лы жағдай туғызып, цифрлы тех­но­­ло­гиялар мен инфрақұрылымға қомақ­­ты инвестиция салу», деді Сенат Төра­ғасы.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев мемлекеттік қыз­­­мет­шілердің бойында «цифрлы мен­та­литет» қалыптасу қажеттігін, сол ар­қы­лы тиімді жұмыс істеу қабілетін қа­лып­­тас­тырудың маңызды екенін атап өтті. «Біз цифрлы сауаттылықты дамытып, мемлекеттік қызметтерді одан әрі цифрландыра отырып, халықты цифр­лы экономикаға жаппай тартуымыз қажет. Отандық білім беру жүйесін экономиканың сұранысына лайықтап жаңғыртуға, цифрлы дәуір талаптарына жауап беретін мамандар даярлауға, бо­лашағы бар жаңа технологияларға икемді жүйе қалыптастыруға тиіспіз», деді Қ.Тоқаев.

Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев баян­дама жасап, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

А.Жұмағалиевтің айтуынша, бағ­дарлама елдегі бәсекелестікті артты­рып, халықтың өмір сүру сапасын жақ­­сартады. Осылайша, цифрлы транс­формация әр салада өтіп, білікті ма­мандарға сұраныс артпақ. «Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша 11 мың грант техникалық ма­мандық­тар­ға бөлінеді. Бұл қосымша мамандар даяр­лауға серпіліс беретіні анық. Оған қоса, бастауыш сыныптарда IT сабақ­тар өтеді. Университеттерге арналған жаңа бағ­дарлама енгізіледі», деді А.Жұма­ғалиев.

Вице-премьер электронды үкімет саласының қызметіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағытта да қыруар жұ­­мыс атқарылды. Мәселен, қазіргі таң­да 447 қызмет электронды түрде көр­се­­тіледі. Тағы бірқатар анықтама түр­лері қыс­қарып, оларды цифрлы жолмен алуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар А.Жұ­ма­ғалиев 2021 жылға дейін көр­се­ті­летін қызметтердің 80 пайызы тек элек­­тронды жолмен берілетінін мәлім­деді.

Бұдан бөлек, ол экономиканы цифр­ландыру бойынша атқарылған жұмыстар төңірегінде әңгімелеп берді. Вице-премьердің сөзіне қарағанда, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын кешенді жүргізудің арқасында 2022 жылға дейін өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі мен бәсекелестік артып, шығындар азайып, пайда көбейеді. Сондай-ақ ол Үкімет 2021 жылға дейін барлық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылдағанын хабарлады.

Парламенттік тыңдауда Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәу­рен Абаев «Цифрлы Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Ве­­домство басшысы бағдарламаның негіз­гі бес бағыт – экономика салаларын цифрландыру, цифрлы мемлекетке көшу, цифрлы Жібек жолын жүзеге асыру, адами капиталды дамыту, инновациялық экожүйені құрудан тұратынын атап көрсетті. «Жал­пы алғанда, жүзеге асырылатын жоба­лардың толық экономикалық әсері 2025 жылы 2 триллион теңгеге жуық­­тайды деген болжам бар. Мемле­кет­тік бағдарламаны іске асыру мақ­сатында Қазақстан Президентінің жаны­нан Цифрландыруды енгізу мәселесі жөніндегі комиссия құрылды. Комис­сияның алғашқы отырысында бағдар­ламаға байланысты мемлекеттік орган­дардың үш айда атқарған жұмысы қарас­тырылды. Бағдарламаның жүзеге асуын қадағалау осы комиссияның құзырында», деді министр.

Д.Абаевтың айтуынша, бұдан бөлек цифрландыру кеңселері құрылған. Қазір министрліктер мен әкімдіктерде жалпы саны 36 кеңсе орналасқан. Осыларға ұқсас цифрландыру кеңселері квазимемлекеттік сектор компанияларында да бар. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жобалардың орындалуын мониторингтеу мақсатында нақты жол карталары дайындалды. «Қазір біз атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелерін көре бастадық. Мысалы, электрондық сауданы дамы­туға ынталандыратын және электрондық сауда субъектілерінің санын арттыра­тын өзгертулер Салық кодексіне енгізілді. Отандық ақпараттық технология саласын дамыту мақсатында арнайы жол картасы бекітілді. Еліміздегі цифр­лан­дырудың сараптамалық бағасын беру ұсыныстарын әзірлеу үшін халықара­лық сарапшылар кеңесі құрылды. Отандық ІТ-нарықпен жоспарлы жұ­мыс жүргізіледі. Әр тоқсан сайын ІТ-компания өкілдерімен кездесулер өтіп тұрады», деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар министр «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жобалар жөнінде ай­тып берді. Мәселен, электронды коммер­ция және қолма-қол ақшасыз төлем­дер тиімді жұмыс істеп келеді. «Қаз­пошта» АҚ Астана мен Алматы қала­ларында мамандандырылған электронды коммерция орталықтарын ашты. Д.Абаевтың пайымдауынша, мұның бәрі жеткізу мерзімін қысқартып, тауар жөнелту қызметтерін жетілдіру арқылы интернет сауданы дамытуға ықпал етеді. Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру аясында әкімшілік кедергілер мен қағаз құжат айналымын жоюға көмектесетін тәсілдер қабылданды. Бұдан бөлек, министр барлық облыс орталықтарында Халыққа цифрлы қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарда бар екенін жеткізді. «2018 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан бойынша электронды еңбек биржасы өнеркәсіптік қолданысқа енгі­зілді. Бұл – мемлекеттік сектор жүйе­леріне кіру рұқсатын ашудың көмегімен іске асқан алғашқы жоба. Қазір 38 мың жұмыс беруші, 45 еңбекпен қамту агент­тіктері, 5 БАҚ пен 5 онлайн алаң жұмыс істеп тұр. Ең бастысы, электронды биржа азаматтардың жұмысқа орналасу үрдісін жылдамдатады», деді министр.

Бұдан кейін Инвестициялар және даму вице-министрі Т.Тоқтабаев «Ин­дус­трия 4.0 негізінде өнеркәсіпті жаң­ғырту» тақырыбында баяндама оқыды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова «Смарт Астана» тұжырымдамасын іске асыру барысымен таныстырды. Сондай-ақ «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингінің басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев «Инновациялық экожүйе құру», Назарбаев Университеттің профессоры Майкл Льюис «Жаһандық трендтер және олардың Қазақстандағы қол­данысы», «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев «Цифр­лы темір жол», «Қазақтелеком» АҚ бас­қарма төрағасы Қуанышбек Есе­кеев «Цифрлы стратегия – табысты даму негізі» тақырыбында баяндама жасады.

Жиын соңында қатысушылар «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламасының ат­қарылуы бойынша сұрақтарын қойып, оның орындалу барысын талқылады. Парламенттік тыңдау қорытындысы бойынша Үкіметке, Бас прокуратураға және жергілікті атқарушы органдарға ұсыным енгізілді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»