Меморандумның басты мақсаты бірлесіп жұмыс істеуге бекінген тараптар партияның «Балаларға арналған тегін ІТ сыныптары» атты жаңа жобасын жүзеге асыру, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда бұқара халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру, сондай ақ «Кәсіби мамандарды дайындайтын ІТ орталықтар» партиялық жобасын жүзеге асыру болып табылады.
Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов меморандумға қол қою шарасында «Нұр Отан» партиясының жаңа жобаларын жүзеге асыру барысында Ақмола облысында екі ІТ орталық пен 28 ІТ сынып ашылады деді. «Әлемдік тәжірибеге сүйенсек ІТ мамандары 4-5 жыл арнайы білім алмай-ақ тегін курстарды аяқтап, өз саласының білікті маманы атанып жүр. Сондықтан ІТ технология мен робот-техника – жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан жастардың осы салада жан-жақты білім алуының маңызы зор. Партия бұл бағытта тиісті қолдау көрсетеді. Бүгінде облыс алдыңғылардың бірі болып ІТ сыныптары мен ІТ орталықтарын ашуды бастап кетті», деді ол.
Салтанатты шарада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен облыстық білім басқармасы, облыстық кәсіпкерлер палатасы, облыстық мәдениет басқармасы мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті арасында меморандумға қол қойылды.
Облыста бүгінде Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясының базасында ІТ сыныбы ашылып, жұмыс істеуде. Бұл жерде оқушылар робот-техника, 3D моделдеу бағдарламаларын үйренуде. Сонымен қатар ІТ мамандарын А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің қабырғасында дайындайтын болады. Жуырда университет қабырғасында бағдарламалаудың заманауи тілін үйрететін алғашқы ІТ орталық ашылды.
«Егемен-ақпарат»