Абай қалдырған мол мұра рухани жаңғырудың негізін береді, сондықтан одан бұл маңызды мәселенің шешімін толық табуға болады.
«Рухани жаңғырудың» мәнін атауының өзі көрсетіп тұрғандай: рухани жаңғыру дегеніміз – рухты жаңғырту. Өкінішке қарай осы қарапайым түсінік іс жүзінде бұрмаланып, мүлде басқа мән алып жүр. Оның себебі рух деген ұғымның өте терең мағыналы болуында. Рух – қолмен ұстап білетін заттық әлемге жатпайтын құпия түсінік. Әркім біле бермейтін терең сыры бар. Қазақ тілінде «ұлттың рухы», «рухын көтеру», «рухтың қалыптасуы» тәрізді сөз тіркестері кездеседі. Бірақ бұлардың барлығы рухтың сыртқы көрінісін, оның салдарын ғана бейнелейтін, бірақ ішкі мәнін аша алмайтын жалпылама сөздер. Бұл ішкі мәнді түсінбейтін кейбір ғалымдардың өздері рухты абстракциялық түсінік деп ұғады. Бірақ рух абстракция емес, оның нақты мәні бар.
Әр құбылыстың сыры мен сымбаты болады және олардың айырмашылығы үлкен. Бұл туралы Абай былай деп жазады:
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Бұл даналық сөздің маңызын аңғару керек. Сыр мен сымбатты айыра білмесек, онда тек сыртқы сымбатына елігіп, ішкі сырынан айрыламыз. Сыртқы көрініспен рухани жаңғыру мүмкін емес. Ол ішкі мәнге байланысты. Ішкі мән сыртқы көріністің себебі. Сыртқы көрініс ішкі мәннің жетілуіне және бұзылмай сақталуына арналған күзетші ғана. Ішкі мән болмаса, сыртқы көріністің пайдасы шамалы, қажеті де жоқ.
Рухтың ішкі мәнін түсініп алмай ешкім де рухани жаңғыра алмайды. Елімізде рухани жаңғыруға бағытталған бұрын-соңды қанша жобалар, жақсы басталған іс-әрекеттер болды. Бірақ бұл жобалардың ішкі мәні кезінде ашылмағандықтан олардың барлығы да орындалмай, аяқсыз қалды, не болмаса толық өз нәтижесін бере алмады. Мысалы, бірер жыл бұрын халықтың рухани ахуалын көтеру үшін көптеген шаралар жасалды. Олардың қатарында: мектепте өзін-өзі тану, валеология, дінтану, абайтану пәндері енгізіліп, жастарды мектеп қабырғасынан тәрбиелеу талпыныстары өріс алып еді. Бірақ бұлардың біреуі де өз мақсатына жете алмады. Себебі неде? Себебі бұл пәндердің рухани негізде екендігінде. Ал рухани жұтаған қоғам бұл пәндердің маңызын түсінбеді, дұрыс қабылдамады. Нәтижесінде бұл пәндердің тиімділігі өз деңгейінде болған жоқ. Тіпті Абайдың рухани мұрасы жүйеленген оқу құралы шығарылып, мектептерде оқытыла басталып еді. Өкінішке қарай, Абайды тек қана ақын ретінде қабылдайтын әдебиетшілер қауымы қарсы болып, данышпанның ойшылдығын қамтитын құрал оқу жүйесінен алынып тасталды. Кезінде мектеп мұғалімдері қуана қабылдаған абайтану пәні алынып тасталып, содан бері міне он бес жылдан артық уақыт өтсе де, абайтану саласы тоқырауға түсті. Ал Абайсыз қазақтың рухани жаңғыруы мүмкін бе?
Осы аталған шаралардың ең болмаса біреуін дұрыс түсініп, іске асырған жағдайда халықтың рухани ахуалы жаңғырудың жаңа белесіне көтерілер еді. Бірақ елдегі рухани мешеулік бұл мүмкіндіктерді пайдалануға мүмкіндік бермеді.
Теледидарды ашатын болсақ рухани жаңғыру үшін көптеген шараларды атайды. Оның ішінде тарихымызға үңілу; бір кезде жабылған кітапханаларды, музейлерді қалпына келтіру; үгіт-насихат жұмыстарын жақсарту; халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру тәрізді ұсыныстарды көреміз. Рухани жаңғыру дегеніміз осы деп түсінеді. Бірақ бұлар рухани жаңғырудың мәні емес. Оның салдары, сыртқы көрінісі ғана. Әрине бұлардың барлығы да керекті істер, бірақ ішкі мәнін түсінбеген жағдайда, Абай сөзімен айтқанда, олар тартымды бермес жеміс. Егер халықтың рухани болмысы көтеріліп, қажеттілік тумаса, әліпбиді өзгертуге жұмсалған қаражат өз нәтижесін бермей, кітапханалар, музейлер қанша көбейсе де алдағы күндері баратын адам болмай, жасалған барлық іс-әрекет нәтижесіз болады. Осылай бұрынғы қателігімізді қайталаймыз. Бір кездегі Ресейдің премьер-министрі В.Черномырдиннің сөзімен айтқанда «жақсы болсын деп едік, бірақ бәрі бұрынғыша...» болып шығады. Себебі әлі де істің ішкі мәні ашылмай, тек сыртқы көрінісіне ғана көңіл бөлініп жүр.
Рухани жаңғыруда да оның ішкі мәнін түсінудің маңызы өте үлкен. Рухани жаңғырудың ішкі мәні – адамның адами қасиеттерін өсіру.
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі, –
дейді Абай. Рухани жаңғырудың ішкі мәні – жүректің көзін ашу. Жүрек көзі ашылса хақтың сәулесі түсіп, адам болмысы өзгереді. Фәни әлемнің әсерімен адамның іші кірленіп, нәпсінің ықпалына түседі. Күнәлі істерге барып, ар-ұятынан айрылады. Қайтадан адам қалпына келу үшін ол іштегі кірді қашыруы керек. Сол кезде оның кеудесі ашылып, хикметке толады. Хикметке толу дегеніміз – жан дүниенің тазартып, сана-сезімнің өсуі. Жан тазарғанда ұят оянып, рухани сәуле адам болмысын жаңғыртады. Осылай іштегі кір кетіп, жүрек көзі ашылады. Хикмет кеуде рухани білім мен адами қасиеттерге ие. Адамның ой жүйесі өзгеріп, қайрат шыңдалып, дұрыс ойлауға, дұрыс сөйлеуге, дұрыс әрекет етуге мүмкіндік туады. Осындай адамдар ғана жетілген, қайғы-қасірет құрсауынан шыққан, бақытты қоғам орната алады.
Ойлау жүйесін жетілдіріп, рухани жаңғыру жолына түсу үшін адам әуелі өзінің болмысын түсініп алуы керек.
Адам болмысы туралы Абай көп жазады. Ол Қырық үшінші сөзінде «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан» деп түсіндіреді.
Данышпан өзінің бұл тұжырымын «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» атты өлеңінде кеңітіп, анықтап айтып, ұғындырып береді.
Ақыл мен жан – мен өзім,
тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің»
мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ
әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.
Абай осылай адамның негізгі болмысы мәңгілікті жан, ал тән болса, ол уақытша берілген құрал екенін түсіндіреді. Жан мәңгілікті болғандықтан, адамның негізгі құндылығы тәні емес, оның жаны. Жан тәннен жоғары тұр. Жан мен тәннің құмарлығы екі бөлек, тіпті қарама-қарсы, бір-бірімен үнемі күресте. Адам өмірі оның қандай құмарлыққа берілуіне, яғни ниетіне байланысты. Абай Жетінші қара сөзінде адамның жан құмары мен тән құмарының айырмашылығын түсіндіреді. Жан құмары мен тән құмарының күресі жақсы мен жаманның, әділет пен зұлымдықтың күресін білдіреді. Бұл күрес үздіксіз болғандықтан, өмірдегі әділеттілік пен зұлымдықтың күресі де үздіксіз. Қай жағының күш алуына байланысты өмір көрінісі ауысып, алмасып отырады. Тән құмары жеңгенде адам ар-ұятынан айырылып хайуан деңгейіне құлдыраса, ал жан құмары жеңгенде тазарып, періште деңгейіне көтерілуі мүмкін. Тән құмары жеңген адамдар басым болғанда бүкіл қоғам құлдырау жолына түседі.
Рухани жаңғыруы үшін адам тән құмарын жеңіп, жан құмарына берілуі керек. Жан құмарына берілгенде жүректің көзі ашылып, адам жетілудің жаңа деңгейіне көтеріледі.
Абай осылай рухани жаңғырудың негізін береді. Рухани жаңғырудың негізі – өзіміздің тән ғана емес, жан екенімізді білуімізде. Сонда жан құмарына ұмтылып тән құмарын жеңе аламыз. Осылай рухани болмысты тазартып, жүрек көзін ашуға мүмкіндік туады.
Адам өзінің мәңгілікті жан екенін білетін болса, онда тән қызығына берілмей, нәпсісіне берік болып, көптеген жарамсыз істерден, күнәлардан аулақ болар еді. Бірақ рухани надандық әсерінен көпшілік қауым жан емес, тән құмарына, яғни «менікіне» ұмтылады. Бұл – барлық зардаптың себебі. Нәпсі адамның жүрегін былғап, өмірдің қызығынан айырады. Сонымен бірге ол қабірден әрі өткенде керек қасиеттерді жояды. Абай ол қасиеттерді «Әділет пен арлылық, махаббатпен – Үш жолдасың қабірден әрі өткенде» деп көрсетеді. Бұлар – адами қасиеттердің негізі. Рухани жаңғыру осыларды қалпына келтіреді.
Адамның негізгі болмысы рухани – жан. Ендеше, рухани жаңғыру дегеніміз – өзінің жан екенін түсініп, сезінуі. Рухани жаңғырудың мақсаты – жанның өзінің алғашқы қасиетін қабылдау. Ол қасиеттер, рухани сөзбен айтқанда – мәңгілік, толық білім және ләззат. Қарапайым тілмен айтқанда – адамның мақсаты – ғұмыры ұзақ болып, ақыл-есі мол, бақытты өмір сүру. Рухани жаңғыру осыған жеткізеді.
Бірақ рухани жаңғыру оңай шаруа емес. Тәнді жетілдіру қандай қиын екенін білеміз, ал жанды жетілдіру одан да күрделі, мол күш-қайратты керек қылатын, эволюциялық көп деңгейлі құбылыс.
Досым ОМАРОВ,
философ, абайтанушы