Оқиға 1978 жылы Филиппиннiң Багио қаласында болған. Мұнда Виктор Корчной мен Анатолий Карповтың арасында шахматтан әлем бiрiншiлiгi үшiн қиян-кескi тартыс өттi. Анатолий Карпов әлем чемпионы деген атағын сақтап қалу үшiн күрессе, Виктор Корчной осы атақты тартып алу үшiн бақ сынасты. Екеуi де, сөз жоқ, қайталанбайтын талантты шахматшылар едi.
Чемпионаттың шарты бойынша жеңiске жеткен алты партиядан соң ойын аяқталады. Бiрiншi партия ойналып жатқанда Виктор Корчной залдың 4-шi қатарында отырған түр-түсi, қимыл-қозғалысы күдiктiлеу адамға көзi түседi. Себебi ол адам ойын басталғаннан-ақ Корчнойға кiрпiк қақпай, тесiле қараумен болған. Үмiткерлер өз көмекшiлерiнен ол адамның кiм екендiгiн анықтауды тапсырады. Сөйтсе ол адам Карповтың дәрiгерi-психологы, әрi психиатр, космостық медицина маманы, медицина ғылымдарының докторы Владимир Зухарь болып шықты. Ол Карповтың командасына шешушi матчтың алдында ғана енгiзiлiптi. Кәсiби психологтар мен психиатрлардың парапсихологтiк қабілеттi игеретiндiгiн жоққа шығаруға болмас.
Виктор Корчной осы мәселе жөнiнде өзiнiң «Антишахмат» деген кiтабында былай деп жазады. «Ойын барысында залда ерекше бiр адам пайда болды, ол алғашқы қатарлардың бiрiнде отырып, менiң назарымды өзiне қаратып, ойымды бөлуге әрекеттендi. Ал Карповтың кезегi келгенде ол тастүйiн болып қатып қалатын». Көңiл-күй әуенiне тез берiлгiш, қызбалау Виктор Корчной психиатордың «қарсылығына» төтеп беру үшiн бiраз күш жұмсайды. Бұл әрине, ойын барысына әсер етпей қоймайды. Үмiткердi шаршатады.
Талантты екi адамның бiр-бiрiне психологиялық тұрғыдан әсер етуi кейде шындыққа жанаспайтын да секiлдi. Бiрақ, болар iс болды. Ендi Виктор Корчной мұның технологиялық әдiсiн iздестiрдi. Сөйтсе ол «нейролингвистикалық бағдарламалау» деп аталады екен. Өз жүрегiңдi қарсыласыңның жүрек соғысына сәйкестендiрiп, дем алысыңды да соған жақындатасың, оның қимыл-қозғалысын өзiңе көшiресiң. Сөйтiп екеуiң бiр адамға айналасыңдар. Сонан соң ойыңды жүзеге асыру тым қиын емес көрiнедi.
Виктор Корчной ойын барысындағы сәтсiздiктерiн психолог Зухарьдың әсерiнен деп ұғып, Корчной делегацияның басшысы Ливерик ханым Зухарьдың үстiнен апелляция комисиясына арыз түсiредi. Бiрақ Карповқа бүйрегi қызған «советтiктер» бұл арызға мыңқ демейдi. Бәлкiм, шетел асып кеткен Корчнойға өкпелерi де жоқ емес шығар...
Карпов ойынды 4:1 есебiне жеткiзедi. Мiне, мiне, ендi екi ұпай болса, қайта чемпион болғалы тұр. Арызы елеусiз қалған Корчной командасы осы мезетте өз психиаторын – үндi йогтарын көмекке шақырады. Сонда залда не болды дейсiз ғой. Йог ойын өтiп жатқан залға кiрiсiмен Виктор Зухарь бетiн орамалмен бүркеп, отырған орнынан ұшып тұрып, сыртқа шығып кетедi.
Үндiлiктер психологты залдан қуып қана қоймайды, Корчнойға қарсыласына айтар магиялық сөздi де үйретедi. Оның әсерiне Корчнойдың өзi де қатты таңғалады. 21-партия ойналатын сәт. Үмiткер матч өтiп жатқан ғимараттың кiреберiсiнде тұрып, өзiне қарай бетпе-бет келе жақтан Зухарьды көрiп, иогтардың үйреткен сөзiн күбiрлеп, iштей айта бастайды. Сонда тура келе жатқан психолог басы мен бетiн орамалмен бүркеп, кiлт бұрылып, жүгiре басып машинасына отырып жүрiп кетедi...
Арада бiрнеше ойын өтiп, Карпов әлсiрей бастайды. Корчной 21-партияда есептi 5:5-ке жеткiздi. Ойынның қызығына түскен әлем жұртшылығы күн сайын Багиоға құлақ түрiп отырды. 32-партия тарихтағы есте қалатын матч болды. Корчной бұл күнi ертеңгiсiн залдың 4-қатарында отырған Владимир Зухарьды көредi. Корчнойдың бұл сәттегi көңiл күйiн сөзбен айтып жеткiзе алмайсыз. Ол бар даусымен: «Психологтың көзiн құртыңыздар! Әйтпесе оның түбiне өзiм-ақ жетемiн!» деп айқайлап, жұдырық ала жүгiредi. Алайда бәрi кеш едi. Зухарьдың психологиялық каналдарының бәрi бұл кезде жұмысын атқарып қойған болатын. Ұзаққа созылған тартысты осы ойында Анатолий Карпов жеңiске жеттi.
Багиодағы чемпионат талантты шахматшылардың ғана бәсекесi емес, парапсихологтардың да тартысы болды деуге әбден болады. Бұрын-соңды шахмат тарихында мұндай оқиғалар болмаған едi...
Қыдырәлі ҚОЙТАЙ