Көкпаршы шалдардың атқа міне алмайтын азаматтарға алая, аянышпен қарайтыны секілді, ондай кісілер аң аулай алмаған адамдарға аяушылықпен қарайды ғой, сондықтан баласын да аң атуға баулымақ болып анда-санда ертіп шығады екен. Бір күні 15-16 жастағы баласы өзімен құрдас-досы, аңға құмар бір жігітті ілестіре шығыпты. Үшеулеп атқа қонады.
Оқиғаның қалай болғанын тәптіштеп жазбай-ақ қояйын, әйтеуір оқтаулы мылтықтың шүріппесі басылып кетіп өздерімен ере шыққан жас жігіт жазым болады. Біреулер шүріппені басқан аңшының баласы дейді, біреулер абайсызда аңшының өзі басып қалыпты дейді, әйтеуір әкесі мен баласының бірінен екені анық. Жә, енді не болмақ?
Бұл ауыл, ауыл дегенде алпыс үйлі шағын ауыл емес, бір-бірімен жалғасып жатқан алты жүз үй қаралы аймақ. Сол аймақта айтқанда сөзі, атқанда оғы далаға кетпейтін Жұман дейтін ел-жұртқа қадірлі қария болған. Асан енді солай шауыпты. Тізгін ұшымен жетіп: «Ақсақал! Жазым болған баланың қазасын естіртіп, әкесі Қасымбайдың ашуын сұрап беріңізші», деп басына түскен іске араша сұрапты. Ақсақал ойланып отырып «Сен әдейі істедің бе, жазатайым болды ма?», дейді. Асан оқиғаның абайсызда болғанын айтып, «ашуын берсін, айыбын алсын» деп қолқалайды.
Жұман қарт жолға шығады. Қасымбайдың ауылына келіп, суық хабарды жеткізеді. Жазым болған жігіт жалғыз екен. Анасы аңырап қоя береді, әкесі шөккен нардай бүктетіледі. Рулас, ағайын-жұрт бар, ашу мен атқа қатар мініп Асанға қарай аттанбаққа айқай-сүрен, дүрлігіседі.
Төрде отырған Жұман қарт күңірене сөз алады. «Айналайын, Қасымбай, әкежолдас адам едік, жамандық жерде жата ма, қазаны кім естіртпейді, кім естімейді. Менің келген шаруам сабырға шақырып, Асанға деген ашуыңды сұрау, ашуыңды маған бер, оқыс болған оқиғамен әулетара қырқысып, ел арасына іріткі түспесін, шындап келгенде әркім межелі уақытымен кетеді. Себебін қусақ пенде баласының ақылы жетпейді, сенделіп кетерміз. Ашуыңды бер, алды жарық болсын, артқы жұмысын ыңғайлайық», дейді.
Қасымбай Жұман қарттың, қалғаны Қасымбайдың сөзіне тоқтайды. «Балам бір өлсе, Жұманның да сақалды басын сыйламапты дегізіп мен екі өлетін жағдай жоқ, ашуымды бердім», деген екен қазаның иесі Қасекең. Бір-біріне қадірі бар қайран ерлер...
Дайындаған
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»