Аймақтар • 04 Маусым, 2018

Ақтауда «Ержан хазірет» қоры боздақтар рухына арнап ауызашар берді

532 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ержан хазірет Төлегенұлының ісі мен еңбегін есте қалдыру» қоғамдық қоры 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінде ауызашар берді.

Ақтауда «Ержан хазірет» қоры боздақтар рухына арнап ауызашар берді

Ауызашарға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары М.Сқақов қатысып, қуғын-сүргін құрбандары қалай құрметтеуге де лайық екендігін айтып, ауызашарды ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Өңірдің белгілі ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысқан ауызашарда Маңғыстау облысының Бас имамы Смайыл қажы Сейітбеков имандылық, адамгершілік бағытында уағыз айтып, ораза тұтудың ерекшеліктері туралы баяндады.

Белгілі дінбасы, қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезінің өзінде өміріне талай қауіп төнсе де діни ұстанымын тәрк етпей, дініне берік, антына адал, халқына қамқор болған Ержан хазірет есімі – маңғыстаулықтар үшін қастерлі есім. Жуырда ішінде халқымыздың дәстүрлі діни жолы баяндалған қос қолжазбасы табылып, тың жаңалық ретінде жұртымен жамырай табысқан болатын. Дертті қоғамға кезі келгенде берілген дәрідей саф жол, нақ ұстанымды көрсеткен қос қолжазба дін өкілдері мен дінтанушылар тарапынан жоғары бағаланып, адасқан ұрпақты ақ жолға бастар бағдаршам ретінде танылуда. Қазіргі таңда Ержан хазірет Төлегенұлының екінші кітабы аударылу үстінде. Жаңа кітап қолданысқа берілген сәтте халықтың тағы бір жағымды жаңалықпен жүздесері,  көптен күткен тағылымды бағытты таныры анық. Демек, хазіретті тану, оның тағылымды ісін жалғастыру, ұлтжанды, халқымыздың дәстүр мен дінді сабақтастырған саф жолын жалғастырар буын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар болашақта кең арнаға түсіп, қанат жая беретін болады.

Алдына сүбелі жұмыстар мен маңызды міндеттер қойып отырған   «Ержан хазірет Төлегенұлының ісі мен еңбегін есте қалдыру» қоғамдық қорының қасірет құрбандарының рухына және аузы берік жұртшылыққа арнап ауызашар беруі  - қордың тағылымды, ұлағатты істерінің бірі ғана.

Ауызашарда Ержан хазіреттің көзін көрген азамат, бүгінде 80-нің сеңгіріндегі ел ағасы - Т. Көшеков хазірет туралы естелік әңгімелерін айтса, Д.Әріпов, Қ.Ережепов сынды азаматтар жақсы іске қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ, ертесіне қор төрағасы Б.Нұржігітұлы бастаған азаматтар ізгі істі Ержан хазірет мәңгілік мекен еткен Шақпақ ата қауымына барып жалғастырып, ауызашар беріп, әрі әруақтар құрметіне садақа шалып, Құран бағыштап,  еліміздің амандығы, жеріміздің тыныштығы үшін тілек тілеп, дұға жасады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»