Бүгін астанада осы маусымда бірінші рет дрэг-рейсингтен жарыс өтеді. Мұнда Қазақстанның барлық автопилоттары өздерінің шеберліктерін көрсетуге келді. Барлығы – 30-дан астам қатысушы болды.
«Қатысушылар бұдан да көп болуы керек еді, ауа райына байланысты біразы келмей қалды. Бүгін 5 класс болады, өлшемі – уақытша дәліз бойынша. Алдағы уақытта барлық жазғы маусымда бұдан да қызықты орасан жарыстар өткіземіз», – деді жарыс мәресін ұйымдастырушы Анатолий Бондарь.
Жылдамдыққа өжет әуесқойлар арасында бір ғана автопилотшы қыз бар, ол – 25 жасар Лина Головина. Мамандығы бойынша телеарна режиссері, ал жан-дүниесі экстремал Лина тіпті ер азаматтар ажырата беруге қиналатын автоның түр-түрін, мотордың қайсысы майды жемейтіні туралы жілік-жілігін шағады. Жарысқа көліктің тек техникалық сапасы ғана емес, оған машық керектігін, тез әрекет ете білетін пилоттық жылдамдық пен мініп келе жатқан көлігіңнің барлық мүмкіндігін меңгере білуің тиіс дейді. Көліктің руліне отырып көргені сол, бірден махаббаты екенін түсінген ол, қазір драйвсыз өмірін елестете алмайды.
«Әрине кейде қорқасың, жоғары жылдамдық, техника, бірақ драйв кезінде адам айтып жеткізгісіз бір күйге енесің. Ерлермен жарысқа түсу қиын емес, себебі бірінші кезекте барлығымыздың хоббиіміз бір және топтасқан үлкен командамыз», – дейді Л. Головина.
Айта кетейік, дрэг-рейсингтен өткен қала кубогы «Біз жолдардағы қауіпсіздік үшін», «Астана – есірткісіз қала» акциясы және Астананың 20 жылдығы шеңберінде өткізіліп жатыр.