13 Ақпан, 2010

АЛМАТЫНЫҢ ТҰРМЫСЫ ЖАҚСЫ, ТҮТІНІ ЖАМАН...

1822 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
Қай кезде де мегаполис қалада атқарылған да, атқарылатын да шаруа­лар шашетектен болып келетініне биыл алтыншы рет куә болып оты­рмыз. Әкімдердің елге есеп беретін дәстүрі бойынша Алматы қала­сы­ның әкімі Ахметжан Есімов Республика сарайында қала тұр­ғын­дарымен кездесті. 2009 жылы оңтүстік астанада біткен істі әкімнің аузымен түгендесек, ол төмендегідей. Және есепте қаланың әлеумет­тік-экономикалық дамуын тұрақтандыру жөніндегі 2010-2011 жыл­дар­ға арналған қаланың іс-қимыл жоспарының негізгі бағыттары баяндалды. Шаһар басшысының 3 сағатқа созылған есептік кездесуіне 3 мыңнан астам халық жи­­нал­­ды. Ең бастысы, ел мен әкімнің жүз­бе-жүз сұхбатында Алматының бүгіні мен бола­шағын айқындайтын 3 басты бағыт анық­талды. Олар: қалада өткен жылы ғана пайда болған Алатау ауданын индустриялық аймақ­қа айналдыру, экологиялық ахуалды жақ­сарту, жобаларды қаржыландыру көзін табу. Алматы ежелден Орталық Азия өңірінде іргелі тірліктер атқаратын, ірі мә­селелері де жеткілікті қала болып келген. Өз атына сай жалпы республикалық еңбек бөлінісінде елдің қаржылық, мәдени, туристік, білім орталығының рөлін де атқарады. Отанымыздағы ІЖӨ-нің бестен бір бөлі­гін, барлық салықтық түсімдердің төрттен бір бөлігін, көтерме және бөлшек сауданың шама­мен 50 пайызын, сыртқы сауда айналымының алтыдан бір бөлігіне жуығын беретін Алматы­дағы тірліктерді тізбектемес бұрын, бүкіл елде салынып жатқан тұрғын үйдің 16,4 пайызы оңтүстік астанада екендігін еске сала кетелік. – Есепті кездесудің бұл түрі бұл күнде екі жаққа да тиімді жұмыс тәсіліне айналып отыр, – деді А.Есімов. – Өткен жыл оңай болған жоқ. Қазақстанда дағдарыстың әсерін ең алғаш болып сезінген біздің қаламыз болды. Өйткені, Алматы – еліміздің қаржы орталығы. Біздің қаламызда бүкіл банк секторы, зейнет­ақы қорлары, сақтандыру компания­лары мен қор биржалары шоғыр­ланған. Осы орайда өткен жылы несиелен­діру көлемі 30 пайызға қысқарып, өнеркәсіп өндірісінің ауқымы 9 пайызға төмендеді. Және негізгі капиталдарға салы­натын ин­вестициялар 20 пайызға, ішкі және сыртқы тауар айналымы тиісінше 16-25 пайызға азайды. Өз кезегінде дағдарыстың келеңсіз зардаптарын төмендету мақсатында Алматы қаласының әкімдігі белсенді жұмыстар жүргізді. Оның ішінде негізгі басым бағыт жаңа жұмыс орындарын құру болды. Әсіресе, Алматы сияқты үлкен қалада жұмыс­сыз қалу үлкен проблема. Осы мәселені шешу үшін қаланың дағдарысқа қарсы бағдарламасы және жұмыспен қамтамасыз етуге бағыт­талған “Жол картасы” өз нәтижесін берді. Алматы – өз бюджетін дағдарысқа қар­сы бағдарлама ретінде ұсынған елі­міздегі жал­ғыз өңір екендігін атаған әкім қалада жос­пар­ланған барлық шаралардың толық орындал­ғанын айта келе, салықтық және салықтық емес төлемдердің түсімдері 5,1 миллиард тең­гені құрағанын мәлімдеді. Сон­дай-ақ жұмыс орындарымен қамтама­сыз ету бойынша жасалған болжамдар 24 па­йызға асыра орын­далған. Сөйтіп, өткен жы­лы 18,4 мың адам жұмысқа орналас­тырылыпты. 2009 жылы “Жол картасы” бойынша 486 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 24 миллиард теңгенің қаржысы игерілсе, бағ­дар­лама аясында 20 158 жұмыс орны құрылған. Қолға алынған жұмыстардың нәтиже­лері төмендегідей: Энергетика – 21,7 шақырымдық желі қалпына келтірілді. Көлік – 386 шақырым автомобиль жолдары салынды және жөндеуден өтті. Көріктендіру – 13 субұрқақ, 8 саябақ пен бақ қалпына келтірілді. 5 өзен сағасы абаттандырылып, 80 мың шаршы метр гүлзарлар мен 22 мың ағаш отырғызылды. Әлеуметтік сала – 41 білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөнделіп, 3 нысан сейсмикалық жағынан күшейтілді. “Жол картасы” аясында – 4 мың адам кәсіби біліктілігін көтерді және жаңа мамандық алды. 5 мыңдай әлеуметтік жұмыс орындары құрылды. Сондай-ақ, Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ-пен меморандумға қол қойылып, нәтижесінде қалада жалпы сомасы 150 миллиард теңгені құрайтын жұмыстар жүзеге асырылды. – Баса атап өтетін жәйт – қала эконо­ми­касын негізінен кәсіпкерлік сала құрай­ды. Мысалы, бұл саладан қала қазы­на­сына бар­лық жиналатын салықтардың 60 пайыз­дан астамы түседі, – деген әкім республи­калық бюджетке салықтар түсімі­нің жыл­дық болжамы 101 пайызға орын­дал­ғанын атап өтті. Ал қала тұрғын­дары­ның орташа жалақы мөлшері 95 850 теңгені құрап, 2008 жыл­ға қарағанда 5,4 пайызға көтерілген. Бұл – республикадағы ең жоғары көр­сеткіш. Ахметжан Смағұлұлы Алматыдағы электр қуатымен қамтамасыз ету сенімділігі арта түскенін нақты сандармен және шаралармен тарқатып айтып өтті. – Өткен жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 65,3 миллиард теңге мемлекеттік қаржы жұмсалды. Ең бастысы, Әл-Фараби – Жароков және Төле би – Саин көшелері қиылысында екі жолайрық салынып бітті. Оған қоса, қазір Шығыс айналма жолының, метрополитеннің бірінші кезегінің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, – деді оңтүстік астана әкімі. – Және тасымалдаушылардың өз қаражатына қаланың қоғамдық көлік­тері­нің саны тағы да 170 автобуспен толықты. Әкім Алматының экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған шаралар легін бас­тағанда тұрғындар бірінші рет қол соғып, қызу қошемет білдірді. Мұның өзі қазір оңтүстік астанадағы ең күйіп тұрған көкей­кесті мәселе  экология екендігін білдіреді. – Қаладағы көлік және энергетика инфра­құрылымдарын дамыту, көріктендіру, көгалдан­дыру бойынша атқарылған жұмыстар атмосфе­ралық ауаның ластану индексі коэффициентін 14-тен 12,9-ға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Ал жолайрықтардағы көліктерден шығатын зиянды қалдықтар 11 пайызға кеміді, – деді Ахметжан Смағұлұлы. – Өз қаламыздың қан­дай болу керектігі туралы әрқайсымыздың өз көзқарасымыз бар. Бірақ, бәріміз әсем де ың­­ғайлы және бәрінен бұрын экологиялық жағы­нан таза қалада тұрғымыз келеді. Алматы үшін бұл ең маңызды мәселе болғандықтан, бүгін осыған ерекше көңіл бөлгім келеді. Жағдай қалай болып тұр? Жыл сайын ауаға 237 мың тонна зиянды қал­дықтар бөлінеді. Оның 80 пайызы автокөліктерге, 13 пайызы стационарлық мекеме­лерге (өнеркәсіптік кәсіпорындар, энергия көздері, басқа нысандар), 7 пайызы жеке секторға тиесілі. Ауа құрамындағы шаң-тозаң белгіленген нормадан 1,7 есеге, азот диоксиді 2,3 есеге, формальдегид 4,3 есеге асып кеткен. Су мен топырақ құра­мын­да да проблемалы факторлар орын алған, – деген әкім қаланың әрбір тұрғыны қандай істі қолға алса да оның экологияға зиянын тигізбеуін де ойластыруы керектігін атап көрсетті. Әкім есебін тыңдасақ, күн сайын Алматыда 1 мың 800 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналады екен. Оған баспана­ларын өз беттерінше жылытатын тұрғындар­дың төгетін күлі мен автокөліктерден шығатын улы түтіндерді қоссаңыз, қазір мегаполистің жағдайы бұл мәселеде мәз еместігін анық аңғаруға болады. Сондықтан да қала әкімі биыл және алдағы уақытта жеке секторды газдандыруға көп көңіл бөлінетіндігін айтты. Тек электр энергиясын тұтыну арқылы әрбір қала тұрғыны ауаға 16 кило зиянды қалдықтар бөлуге “көмек­тесетін” көрінеді. Ахметжан Смағұлұлы үлескерлер мәсе­лесі оң шешіліп келе жатқанын, осы үдеріс үсті­міздегі жылы да жалғасатынын мәлім­деді. – Өздеріңізге белгілі, Алматыда ірі қаржы орталығы ретінде стратегиялық даму өріс алуда. 2009 жылы Қазақстан қор биржасы мен АӨҚО арнайы сауда алаңы қайта құрылды. Сауда биржасы жұмыс істей бастады. Маңыз­ды оқиғалардың бірі – сауаттылық деңгейін көтеру жөніндегі қалалық ақпараттық-білім беру орталығы­ның ашылуы. Нәтижесінде қор биржасына қатысушы жеке тұлғалар саны 48 пайызға өсті, – деді әкім. Мұны Алматының 6 жыл қатарынан берген есебінің соны жаңалығы деп бағалауға болғандай. А.Есімов қалада әлеуметтік мәселелерге де жеткілікті көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті. Соның ішінде ол тұрғындары күн сайын табиғи түрде және мегаполиске асыққан­дардың есебінен көбейіп отырған Алматыда балабақ­шалар мен мектептердің жетіспеу­ші­лі­гі күн тәрті­бінде тұрғанын да жасырмады. Оның айтуынша, бүгінгі кү­ні 22 мыңнан астам сәби балабақша кезегінде тұрған көрінеді. Бүгінде Алматыда криминогендік жағ­дай­­дың дұрысталғанын айту керек. Өткен жылы қылмыстардың ашылу деңгейі 2008 жылмен салыстырғанда 4 пайыз өскен. Бірақ, бұл – ресми статистика. “Бізге қала­­лық­тардың пікі­рі өте маңызды. Өкінішке қарай, ол құқық қорғау органдарының мәліметтерімен үнемі сәй­кес келе бермейді”, деді әкім мәселеге орай сөзінде. Нақты деректерге сүйенсек, қаладағы барлық қылмыстардың 50 пайызы келімсек­тердің еншісінде. Сондай-ақ, Алматы әкімі қала тарихындағы аса маңызды кезеңді, яғни Азия ойындарына дайындық барысы мен оның құрылыс нысандары және туризмді дамыту мәселелеріне қатысты тірліктерді түгендеп өтті. Осыдан кейін Республика сарайына жинал­ған қала тұрғындары төрт микрофон­ның төңі­регіне тоқайласып, кезегімен сауалдарын қо­йып жатты. Кейбір сұрақтар қайталанып жат­са да, ел аузымен айтылған жәйттерден қала­ның көкейкесті мәселелері­нің шет-шегі көрінді. Қала тұрғындарының көпшілігі кейбір ПИК-тердің жұмысына наразылық­тарын білдірді. Бұл – жылда көтерілетін мәселе. Қала тұрғындары әкімдік ПИК-тердің жұмысын қадағалауды өз құзырына алғанын қалайды. Сол сияқты Алматыда заңсыз салынған 4500 үй болса, оның осы күнге дейін 2700-і заң­дас­тырылған. Алайда, әкім бұл жұмыс жал­ғас­қанымен, электр жүйесі, газ құбы­рының үстінде тұрған және адам өмірі мен денсау­лығына қауіпті жерлерге салынған үйлер заң­дастырылмайтындығын ашып айтты. Қала басшысына жүзбе-жүз қойылған 40 шақты сұрақтан, ұсыныстар мен өтініштерден тұрғындардың тілегі мен сұранысы көрінді. Тағы да жүздеген сұрақтар үшбу хат болып, жәшіктерге түсіп жатты. Барлық кездегідей, әкімнің есепті кез­десуі Алматыда атқарылған тірліктерден гөрі атқаратын тірліктер легі көп екендігін тағы да көрсетіп кетті. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. УАҚЫТ ЖҮРІСІНЕН ЖАҢЫЛМАЙДЫ Оған ілесе білу керек Иә, шынында қазіргі уақыттың тынымсыздығы сондай, онымен жарысып келе жатқандай күй кешетінің анық. Ақпанның сақылдаған сары аязына қарамай, ауыл-аудандардан жеткен жұртшылық та облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың есеп беру кездесуіне жиналды. Аяз басылып, суықтың беті қайтсын дегенге қауырт жұмыс барысы қайдан қаратсын. Уақыт ешкімді күтіп тұрмайды. Саяси және экономикалық жүктер легін артып, өткен жыл да тарих қой­науына кетті. Былтыр облысқа келген сапарында Елбасының өзі қызыл нүктесін басып іске қосқан еліміздің оңтүстігі мен солтүстігі жобасы бойынша қуат тасы­малдаудың екін­ші желісінің құры­лысы да аяқталды. Елімізде индустрия­лық-инновациялық даму­дың мемлекеттік бағдарламасы мен өңір­лерді индустрия­ландырудың картасы әзірленді. Картадағы 162 жобаның 12-сі біздің облыстың үлесіне тиеді. Бұған қоса облыстың өзі жалпы құны 138,3 млрд. теңге тұратын өңірлік 32 жоба жасады. Бұлар –Екібастұздағы ГРЭС-2 стансасының №3 энергоблогын салу, ГРЭС-1 стансасы жұмысын кеңейту, Павлодар мұнай-химия зауытын жарақтандыру және “Қазақмыс” компаниясы арқылы Бозшакөл кен-байыту комбинатын салу. Бұл үдеріс өңірдегі ал­ғаш­қы мыс өндірісіне жол ашатын бола­ды. Жуырда ғана Елбасы Н.Назарбаев өзінің “Жаңа онжылдық – жаңа эконо­ми­калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндік­тері” атты стратегиялық Жол­дауын жария­лады. Биылғы Жолдаудан әрбір қазақстан­дық қамқорлықты сезініп, еңсесі көтерілді. Өйткені, осы бағдарла­мада жоспарланған барлық іс-шаралар респуб­ли­камыздың эконо­микалық әлеуе­тін арт­тырып, халық­тың игілігін молай­туға, қоғам тыныштығын сақтауға бағыт­талған. Сон­дық­тан да, Жолдаудың әр жолы жүрегіне жеткен халқымыз көңілге медеу боларлық істерге ризашылық біл­діріп жатыр, деді өз сөзінде өңір басшысы. Аталарымыз “іргелі істің жетекшісі – жігер, сыншысы – халық” деген. Олай болса, облысымыздағы ат­қарыл­ған шаруалар мен алдымызға қойып отырған мақсаттар туралы өздеріңіз­бен кең отырып ой бөлісу қашанда өзекті деп біле­мін. Өткен жылы жаһандық эконо­ми­калық және қаржылық дағдарысқа қарамастан, негізгі көрсеткіштер бойынша қарқыны­мыз бәсеңдеген жоқ. Жоспарлан­ған істерді жүзе­ге асырдық. Орта және шағын кәсіп­кер­лікті қолдауға, инновация­лық, ин­дустрия­лық, әсіресе, әлеуметтік салаларды дамытуға күш-жігерімізді салдық. Ең бас­тысы, қиын-қыстау кезең­дерде дау шы­ғармай, алауыздық пен егеске жол бермей, сабырлы қалпымызды сақта­дық, бірліктің, ел тыныштығының ма­ңыз­ды­лы­ғына тағы да көз жеткіздік. Б.Сағынтаев келесі кезекте облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы экономиканың өсу қарқыны мен әлеуметтік көрсеткіш­тер­дің сақталғанын көрсеткенін көлденең тарт­ты. Инфляциялық үдерістерді тежеу мақ­сатында жылдың басынан бастап өн­діру­шілермен қолданыстағы бағаны сақтау және төмендету туралы меморан­думдар жасасу бойынша жұмыс жүргі­зілді, деді өңір басшысы. Облыс орталы­ғында әр аудан­ның 11 әлеуметтік дүкені ашылды. Облыстағы үш қалада – Ақсу, Екібастұз және облыс орталығында 102 рет ауыл­шаруашылық жәрмеңкелері өткізілді, онда 547,0 млн. теңгенің ауыл­шаруа­шылық өнім­дері сатылды. Жалпы, өткен жыл ішінде тұрғын­дарды жұмыспен қамту жүйесін жетіл­діру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға 497,6 млн. теңге жұмсалды. Осы іс-шаралар шең­берінде облыста жаңа жұмыс орын­дарын ашу жөнінде жұмыс жалғасуда. Өткен жылы 25275 жаңа жұмыс орны ашылды. “Жол картасы” бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 8,0 млрд. теңгеге 522 объек­тіге күрделі және ағымдағы жөндеу жүр­гізілді. Мәселен, 3557 жұмыссыз адам кәсі­би даяр­лыққа, қайта даярлыққа және білік­ті­лігін арттыруға жіберілді. Қоғамдық жұмыстарға 6691 адам тартылды. Өткен жылдың ең басты табысы – дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде 470 кәсіпорынмен өндірістік үдерістерді тұрақтандыру және тұрғындарды әлеу­меттік қорғау жөнінде меморандумдарға қол қойылды, оларға сәйкес жұмыс берушілер қабылдаған әлеуметтік міндет­темелер орындалды, деді Бақытжан Әбдір­ұлы өз сөзінде. Ал тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар көлемі 4,4 млрд. теңгені құрады. Облыс бойынша барлығы 142,1 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 887 пәтер пайдалануға берілді. Мемлекет­тік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шең­берінде облыс орталығындағы Усолы шағын ауданында 265 пәтерлік төрт ипотекалық үйдің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Екібастұз қаласында да 48 пәтерлік жалдамалы тұр­ғын үйдің құрылысы аяқталды. Жалпы, еліміз бойынша “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы үлкен қуаныштар әкелді. Одан Павлодар облысы да сырт қалған жоқ. Көптеген шаралар жүзеге асты. Облыс – өндірісті өңір. 2009 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өн­дірісінің көлемі 543,0 млрд. теңгені құра­ды. Көмір және ферроқорытпа өндірісі респуб­ликалық көлемде негізгі үлесті ием­денуде. Электр энергиясы, жылу энер­гия­сы, бензин өндіру бойынша облыс алдыңғы қатарда. Ірі инвестиция­лық жобаларды қол­данысқа ен­гізу және кәсіпорындардың резервтік қуатын іске қосу өнеркәсіптің дамуы­на оң әсерін тигізуде. Облыста ірілі-ұсақты 153-ке жуық өнеркәсіп орындары бар болса, олар өткен жылы 700,0 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Облыс келісімдерге сәйкес Ресейдің шекаралас өңірлерімен сауда-экономи­ка­лық, ғылыми-техникалық және гумани­тар­лық ынтымақтастықты дамытты. Сырт­­қы сауда айналымы 2009 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында 1 910,5 млн. АҚШ долларын құрады. Облыстың сауда әріптестері арасында Ресей көшбасшы болып табылады, сыртқы айналымдағы оның үлес салмағы есептік кезең ішінде 63,6% болды. Украинаның үлесі – 12,1%, Қытайдыкі – 12,5%. Ауылда шағын және орта бизнесті қаржыландыру және ауыл тұрғындарын микрокредиттеу үшін “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ-тың еншілес ұйымдарын кредиттеу” бағдарламасы бойынша 2009 жылы облыстық бюджеттен 100,0 млн. теңгеге 58 жоба қаржы­лан­ды­рыл­ды. Өткен жылы агроөнер­кәсіптік кешен­ді дамытуға 7,4 млрд. теңге бағыт­талды. Ауыл шаруашылы­ғының жалпы өнім көлемі 78,9 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 48,1%-ға жоғары. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Облыс­та 19 қайта өңдеу объектісі пайда­лануға берілді. Жолдар жөнделіп, жұмыс­сыздық деңгейі төмендеді. Балалар­дың мектепке дейінгі мекемелеріне деген сұраныс арта түсуде. 2009 жылы мектепке дейінгі мекемелер саны көбейді. Қазіргі уақытта 14,2 оқушыға бір компьютерден, ауылдық елді мекенде 12 оқушыға бір компьютерден келеді. 340 білім беру объектісіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу бойынша емдеу-алдын алу ұйым­дарының 320 басшысы мен маманы әртүрлі базаларда оқытылды. Бала өлім-жітімінің көрсеткіші 10,6%-ға азайды. 111 денсаулық объектісіне күрделі жөндеу жүргізілді, медициналық құрал-жабдықтар­дың 220 бірлігі сатып алынды. Облыс мәдениет мекемелерінің мемлекеттік желісі 13 бірлікке, соның ішінде 4 кітапханаға және 9 ауылдық клубқа көбейді. Облыстың 11 кітапханасына “Рабис” бағдарламасы орнатылды, бұл республиканың барлық ірі кітапханаларының дерекқорына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Өңір бойынша 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бүгінгі күні облыста 457 үкіметтік емес ұйым ресми тіркелген. Мемлекеттік әлеу­меттік тапсырысты қалыптастыру мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ынтымақтас­ты­ғының нәтижелі нысаны болып табылады. Облыста мемлекеттік орган басқармалары барлық қоғамдық-саяси құрылымдармен жиі қатынас жасай­тын үнқатысу алаңы жұмыс атқара­ды. Облыс әкімінің жанында консуль­тативтік кеңес құрылып, қызмет жасауда. Облыс аумағындағы саяси партиялардың филиал­дарымен және қоғамдық қозғалыс­тармен тұрақты өзара іс-қимыл жасалып тұрады. Бүгінгі күні “Нұр Отан” халықтық-демо­кратиялық партиясының филиалы нағыз бұқаралық партия ұйымына айналған. Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы 19 облыстық этномәдени бірлестіктердің филиалдарында жастардың 15 бірлестігі құрылған. Олардың қызметі өңірде этносаралық келісімнің нығаюында маңызды рөл атқаруда. Қазіргі кезде облыста 18 конфессиядан 172 діни бірлестік жұмыс істейді. Әкім баяндамасын аяқтасымен-ақ, залда отырған жұртшылық сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін айта бастады. Қабидолла Шәкәрімов сияқты кейбір ардагерлер әкімге “Замандастар үйін” ашып бергені үшін алғысын жаудырды. Железин ауданынан хоккей ойнап, мұзда сырғанайтын корт жасап берсеңіз деген өтініш түсті, облыс әкімі бұл өті­нішке орай: “Жергілікті жердегі аудан әкімінің қолынан келетін шаруа, өзі жасап берсін”, деді. Баянауыл ауданынан біз үнемі жазып жүрген өткір тұрған жол мәселесі жиынға қатысушылар тарапынан екі-үш жер­ден айтылды, бұл мәселе де назарға алынды. Жалпы, Баянауылды курортты-туристік аймаққа айналдыру жайлы үлкен бастама көтерілді. Әкімге “Зоопарк салып берсеңіз қайтеді” дегендер де табылды. Жалпы, облыс басшысына орынды-орынсызы бар, бірқатар өтініштер білдірілді. Бір жақсы жаңалық – ауыл тұрғындарының өтінішіне орай Ертіс ауданындағы Иса Байзақов ауылында жаз айында ауыл балаларына арнап мектеп салынатын болды. Бұл туралы кезінде біз мәселе көтергенбіз. Елбасы биылғы Жолдауында Павлодар өңіріне айрықша мән берді. Осыны жүрек­терімен ұққан жерлестеріміз өмір­шең, индустриялық-инновациялық жоба­ларды іске асыруда аянып қалмасы анық. “Кеңес­кен ел кем болмас” деген дана халқы­мыз. Ендеше, Жолдауға орай белгі­ленген барлық міндеттердің асқан жауап­кершілікпен орындалатынына сенім зор. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар. ОҢТҮСТІК ҮЛКЕН ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ БАСТАУЫНДА “Шамның жарығы түбіне түспейді” деген нақыл бар. Шымкенттей алып шаһардың шетінде отырып ауыз су, жолға жарымаған шағын аудандар бар. Оған керісінше шалғай аудандардың алыс қойнауларында орналасқан, облыс, аудан басшылары түгілі ауыл әкімінің өзін жыға танымайтын елді мекендер де жоқ емес. Тек ауыл шаруашылығымен айналысатын, өз қотырын өзі қасып жатқан бұл ауылдарда проблема дегендеріңіз, әрине, шашетектен. Асқар Мырзахметов облысқа басшы болып келген мезетте-ақ осындай қордаланған мәселелерді шешуді ең алдымен қолына алды. Облыс әкімдігі аппараты, басқарма бастықтарынан бірнеше мобильдік топтар құрылып, әр ауданды тайлы-тұяғымен бөліп алып, түгел аралады, халықпен жүздесті, шешілмеген мәселелерді балықты желбезегінен тізгендей түгендеп қайтты. Оңтүстік дегеніңіз халқының саны осындағы Мақтаарал ауданы­мен парапар Маңқыстау облысы емес, он, жиырма мыңымен бір ау­дан бола беретін Қарағанды облысы да емес, кей ауылдарының өзінде қырық мыңға жуық халық тұратын алтын құрсақты мекен.Тоғыз жүзге жуық ауыл бар. Көзге көрініп тұрған проблемаларды шетінен кертіп, жақсы әкім атанып жұмыс та істеуге болады. Мырзахметов өйтпеді. Сол тоғыз жүзге жуық елді мекеннен жиналған проблемаларды асықпай жіліктеді де аудан, басқарма басшылары орын­дай алатынын бір топтап, облыс көлемінде шешілетінін сұрыптады. Соның арқасында әр ауыл, аудан­ның әлеуметтік картасы жасалып, тиімді жұмыс жасаудың жолдары нақтыланды. Облыс әкімінің халық алдын­дағы есебі облыстық мәслихаттың кеңей­тіл­ген сессиясында тыңдалды. Жыл бойында атқарылған жұмыс­тар­дың ба­ры­сы облыстық басылымдарда бірер апта бұрын жарияланып, барша жұрт құлақтанған болатын. Сессияны облыстық мәслихаттың депутаты Сай­лаухан Шалқаров жүргізіп отырды. Облыстың әлеуетін және бәсеке­лестік басымдықтарын нәтижелі пайдалану үшін “Оңтүстік Қазақстан облы­сының экономикасын дамыту­дың 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары” әзірленіп, Елбасының қолдауымен Үкіметте қаралып, мақұлданды, деп сөзін сабақ­тады облыс басшысы. Жоспар­дың басты мақсаты – облыс эконо­микасының ілгері жылжуына қол­бай­лау болып отырған проблема­ларды жан-жақты сараптап, күшті және әлсіз жақтарын айқындап, аудан мен қалалардың мүмкіндіктерін барынша іске қосу, облыстың өзін-өзі қамту мәселелері бойынша бірінші кезектегі шараларды іске асыру. Нәтижесінде облыс экономикасы мен әлеуеті есепті кезеңде тұрақты даму­мен сипатталып отыр.Аталған басты құжаттарға қосымша 2009 жылы облыста 17 салалық бағдарламалар ая­сын­да да тиісті жұмыстар атқарыл­ды. Облыс әкімінің бір жылда ат­қарған жұмыстарының барлық есебін беру міндетімізге кірмегенімен білім беру және денсаулық сақтау салалары бойынша жүргізілген жұмыстарды жүйелегенді жөн көріп отырмыз. 2009 жылы мектепке дейінгі 244 мекеменің 61-і іске қосылып, қосымша 4377 бала балабақшамен қамтамасыз етілді. 7 млрд. теңгеге облыстағы 300 білім нысаны күрделі, барлығы 1013 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. 2010 жылдың 1 қаңтарына дейін 35 жаңа мектеп, оның ішінде “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында 24 мектеп іске қосылды. Техникалық және кәсіптік оқу орындарының маман даярлау сапасы қолға алынып, жан-жақты тексеру, зерттеу жұмыстары жүр­гізіліп, нәтижесінде 20 колледждің лицензиясы 6 айға тоқтатылды. 2009 жылы 5 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды. 128 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдық жерлерге жас мамандар­ды ынталандыру мақсатына 42 млн.теңге бөлініп, 166 маман ауылға жолдама алды. 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы тарихында алғаш рет жүрекке ашық операция жасалып, жалпы 103 адам операция үстеліне жатқан. Одан басқа, 303 стенттік операция жүзеге асыпты. Нәти­жесін­де 400 адамның өмірі сақталып қалған. Бірқатар аурулар бойынша аурушыл­дық деңгейі 2008 жылмен салыс­тырғанда, атап айтқанда, өкпе-құрт аурулары 12,2% және осы аурудан өлім көрсеткіші 11%, қан тамырлар жүйесі аурулары – 2% және өлім көрсеткіші 12% төмендеген. Нәресте­лер өлімі 16%-ға азайған. Оңтүстіктің күретамыры – ауыл шаруашылығы. Осы бағытта рес­пуб­ликаға үлгі боларлықтай қандай жұмыстар атқарылды?! Асқар Мыр­зах­метов оны былайша жүлгелеп берді. Облыстағы 58822 шаруа қожалы­ғы­ның 31351-інде немесе 53 пайы­зын­да агроқұрылымдардың жер көлемі 5 га, 15367-сінде немесе 26 пайы­зында 10 га құрайды. Агроқұры­лымдардың ұсақталуынан, соған сәйкес ауыспалы егіс жүйесі жүргізіл­мегендіктен егістік жердің құнарлы­лығы жылдан жылға төмендеуде. Осыған орай, шаруашы­лықтарды ірілендіру саладағы күрделі әрі басты мәселелердің бірі болып табылады. Осы бағыттағы қайта құрулар ауыл­шаруашылық өнімдері­нің сапасын жоғарылатуға бағытта­латын болады. 2009 жылы 18300 ұсақ шаруашы­лық 533 ірі шаруашылықтарға бірік­тірілді. Бұл жұмыстар жалғасуда. 2010 жылы 19430 шаруашылықтары ірілендіру жоспарлануда. Оның үстіне, кешегі жаңа Жолдауында Елбасы саланың өнімділігін 2014 жылы 2 есеге көтеру жөнінде тапсырма берді. Оны орындау үшін, сөз жоқ, ірілендіру үдерістері жедел атқарылуы керек. 2009 жылы тамшылатып суару әдісін ендіру тапсырмасы 2 мың гектар болып белгіленген немесе жыл басымен салыстыр­ғанда 2 есеге кө­бейту көзделген-тін. Нақты орындал­ғаны 2152 га. Бұл иннова­циялық жобаны кең көлемде қолдану үшін Түркі­стандағы сервис­тік-дайындау орталығында арнайы құбырлар жасау кәсіпорны ашылды. 2010 жылы осы әдісті қолдану алқа­бын 20 мың гектарға жеткізу жоспар­ланып отыр. Ол үшін өткен жылы аудан­­дарда тиісті жұмыстар атқарыл­ды. Жылыжайды көбейту мақсатын­да біршама жұмыстар атқарылды. 2008 жылы 90 га болса, 2009 жылы жылы­жайдың көлемі 134 гектарға жетті. Облыстың маусымдық қажет­тілігін қамтамасыз ету үшін жылы­жай­дың көлемін 146 га жеткізу меже­ленуде. Бұл көрсеткіш биыл артығы­мен орын­далатын болады. Облыс халқының маусым аралығын­дағы сұранысын қамтамасыз ету мақсатында, екінші жағынан өндірілген өнімді ысырапсыз пайдалану үшін 2009 жылы сыйым­дылығы 5000 тонна көкөніс сақтайтын қоймаларды іске қосу межеленген болса, нақтысында 15230 тонналық қойма іске қосылды. Бұл аз ба, көп пе, салыстыру үшін айтатын болсақ, 2009 жылдың 1 қаңтарына облыста барлығы 14330 тонна қойма болатын. Облыстың 2009-2011 жылдарға арналған бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарына сәйкес аудан, қалалар бойынша 2009 жылы 10 мал бордақылау алаңы, 3 жаңа тауарлы-сүт фермасы және 5 мал соятын пункт ашылды. Егіншілік саласында 53, оның ішінде 17 элиталық, 36 арнайы тұқым шаруашылығы жұмыс істейтін болады. Бұған қоса, іс-шарадағы бағыттар бойынша “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ-тың қаржыландыруымен 15 инвестициялық жоба іске асырылуда. Қазақтың сөз зергері Қалағаң – Қалтай Мұхамеджанов “Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” деп еміренген өлкеде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар тындырылғаны облыс басшысының әр сала бойынша тара­тып айтқан есебінен айқын аңғары­лып тұрды. Облыс басшылығының жыл бойғы атқарған жұмыстарына облыстық мәслихат талдау жасап, жан-жақты таразылаған екен. Оның жай-жапсары облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжановтың баяндауынан байқалды. Халық қалаулылары облыс басшысының жұмысына бірауыздан оң баға берді. Ұлы Отан соғысының ардагері, Лениндік сыйлықтың лауреаты кентаулық қарт Әпсалам Құлманов облыс басшысының Кентау экска­ва­тор зауытының аяғынан тұруына жоспарлы түрде көмектескеніне алғыс айта отырып, қаланың кейбір көшелерін асфальттауға жәрдем беруін өтінді. Облыстық бюджет-тақпақ айт­қан балаға кәмпит суырып алып бере беретін мейірімді Аяз Атаның қапшы­ғы емес, әрине. Ондағы әр тиын, тең­ге­нің жұмсалар өз орны бар. Жос­пар­да тұрған мәселелерді ысырып тастап, кейінге қалдырса да өті жарылып кетпейтін шаруаларға кірісуге болмайды. Әкім көше жөндейміз демеді. Дегені, Кентау – өндірістік әлеуеті үлкен қала. Кейбір түйінді мәселе­лер­ді сол өндірістердің әлеуетін көтеру арқылы өзіне шешкізуге болады. Бұл кез келген мәселеге алақан жаюдан, масылдықтан құтқарады. Облыс басшысының өндірісті нығайту арқылы күрмеулі мәселелерді шешуге ұмтылысын жұрт құптады.Дінтанушы Абдулла Баһадүр салынып жатқан мешіттерге ру, тайпа, адам атаулары­ның беріліп жатқанына өз наразылы­ғын білдірді. Бұл әкімдік қаулысымен, нұсқауымен орындалатын шаруа болса жарасы жеңіл болар еді. Қазақ­стан мұсылмандарының діни басқар­масы тізімге алғанда осы жағына неге мұқият болмайды. Осылай деп сөз сабақтаған облыс әкімі мешіттерге жер бөлерде тайпа, ата атауына кетпеуін қадағалауды тапсырғанын айтты. Елде қызық әдет бар. Кемшілік атаулымен күресетін әкім-қаралар мен құқық қорғау органдары деп қана түсінетін сияқты. Әйтпесе, үлкен жарысқа айналып бара жатқан кеселге діни басқарманың араға делдал іздемей-ақ өзі шешетін реті бар емес пе еді?! Иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Капар Пур ел бірлігін нығайту шараларының орындалу барысын сұрады. Мәдени іс-шараларды атқару, этносаралық бірлікті ұйыстыру тек қаржы салумен бітпейді, Қазақстанды өз Отаным деп білетін әрбір азамат­тың жүрегі таза, ізгі ниетке толы болуы керек, деді облыс басшысы. Жүрегі таза адамның ниеті қалыс. Облыс әкімінің есебінен кейін жұмысына баға берушілер мен сауал­­дарына жауап күткендер жа­рыс­сөзге шықты. Жастарды, мәде­ниет қызметкер­лерін әлеуметтік қол­дау, тұрғын үй, ауыз су, жол, шағын және орта бизнеске қатысты сауалдар қатары мол болды. Облыс әкімі бәріне тиянақты жауап берді. Мақтааралдық кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Темірбаева диқандар мен шаруаларға жасалып жатқан қамқор­лықтарды айтты. “Максимум” инвес­тициялық орталығы 10 млн. теңгеге дейінгі қаржыны 7 пайыз өсіммен бір жылдан он жылға дейін береді екен. Бірде-бір банк мұндай тәуекелге бара алмайды. Соңғы жылдары шаруалар диланып, жаңа жұмыс орындарын ашуға талаптанып жатыр. Бұл – облыстық әкімдіктің диқандарды қолдаудағы тамаша жеңісі. Кешегі атақты жылқышы, Еңбек Ері, созақтық Көштен Бөрғазиев ақсақал облыс әкімінің жұмысын жақсы бағалайтынын айтып, осындай игі істерге командасын жұмылдырып отырған Елбасына рахметін жеткізді. “Еуропаның төрінде қазақ қашан шағып еді, босағасынан да сығалай алмайтын. Сондықтан бағаласақ, қазақты төрге көтерген Елбасымызды, оның тапсырмаларын мүлтіксіз орын­дап жүрген мемлекеттік қызметкер­лерді бағалайық. Оңтүстік туы биікте болсын”, деді қария. Қадірменді қарттың сөзіне ешкім дау айтқан жоқ. Жөн-ақ десті. Бір жылда Оңтүстікте әр салада қыруар жұмыстар тындырылыпты. Үстіміздегі жылғы міндеттер мен тапсырмалар да нақтыланған. Қасат қардың көбесін сөккен алтын күректей жақсылықтарды осы және алдағы жылдардан тағы да күтейік. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.