Дөңгелек үстел жұмысы Әнұран айтудан басталып, мемлекеттік рәміздер тарихына қатысты бейнефильм көрсетумен жалғасын тапты. Іс-шараны Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ж.Ш.Мұрынова жүргізіп, айтулы күнге қатысты құттықтау лебізін білдірді. Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблея Хатшылығының меңгерушісі Н.А.Балғымбаев құттықтау сөзінен кейін мемлекеттік рәміздердің қабылдану тарихына тоқталды.
«Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның рәміздерімен қатар Ата заңы, ұлттық валютасы еліміз тарихы үшін киелі де қастерлі ұғым ретінде тарихымыздың, мәдениетіміз бен дәстүріміздің хабаршысы ретінде ұлтымыздың мақтанышына айналған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Рухани жаңғару: болашақққа бағдар» бағдарламасында көрсетілген құндылықтарымызды әлемдік деңгейде дәріптеуге, қадірлеп-қастерлеуге үндейтін басты ұранымыз іспетті. Бүгінде еліміздің дамуына, әлемнің озық елдерінің қатарына қосылуында, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде жігерлі жастардың жауапкершілігі жоғары. Мемлекеттік басшысының тапсырмасына орай Алматы қаласында жастарға бағытталған кешенді бағдарламалар жүзеге асып келеді. Соның дәлеліндей өткен жыл жастар жылы ретінде қабылданған болатын. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет жастар бойында отансүйгіштік қасиеттердің дамуына ықпал етеді. Ал бойында елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі жоғары жастардың келешегінен күтер үмітіміз зор» деп атап өтті. Ал Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Алматы қаласы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің бас маманы Қ.Б.Қызғарин «ҚР мемлекеттік рәміздерін қолдану бойынша ұлттық стандарттар» тақырыбына баяндама жасап, рәміздерді қолдану тәртібіне, ережесіне қатысты нақты мәліметтермен бөлісті. Осыған орай «Алматы қаласында жауын-шашынның жиі болатындығын ескерсек, рәміздердің оңып, жыртылып кетпей, қалпының дұрыс сақталуына тиісті мекемелер басшылары айрықша бақылау жасап отыруы қажет»,-деді Ж.Ш.Мұрынова.
Келесі баяндамашы Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы Қоғамдық пәндер және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Б.З.Батталханов рәміздер тарихына шолу жасады. Бүгінде аталған академияда рәміздерге байланысты арнайы лекциялар оқылып, студенттердің толыққанды ақпарат алуына мүмкіндіктер қарастырылған.
Егемендік және мемлекеттік атрибуттар арқылы отансүйгіштікті қалыптастыру, әскери қызметкерлер мен жастар санасын қалыптастырудағы мемлекеттік рәміздердің рөлі, т.б. тақырыптарға баяндама жасаған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі С.В. Ананьева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры М.Ж.Шаймерденова, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекаралық қызмет академиясының бас оқытушысы Д. Қ.Белғожаев, «Жас қадам» жастар қоғамдық ұйымының төрағасы М.А.Ахметов қоғамның әрбір мүшесі қастерлеуге тиіс мемлекеттік рәміздер – қазақ елінің өткені мен бүгіні, деп атап өтті.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»