Аймақтар • 04 Маусым, 2018

Ақмола облысында Астана күндері өтті

561 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордалық әртістер Көкшетауға барып қайтты. Ақмола облысында еліміздің бас қаласының 20 жылдығына орайластырылған ауқымды шара аясында Астананың мәдени күндері өтті.

Ақмола облысында Астана күндері өтті

Ү.Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының сахнасында «Елордадан елге сәлем» концерттік бағдарламасымен «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі өнер көрсетті. 20 жыл бұрын елорда әкімдігінің бастамасымен құрылған оркестрге ҚР еңбек сіңірген қайраткері Александр Абылаев жетекшілік етеді. Ұжымның репертуары танымал отандық және шетелдік композиторлар жазған түрлі жанрдағы шығармалардан тұрады. Жиналған қауым классикадан джазға дейін түрлі шығармаларды тыңдаған болатын. Ал «Город мой» композициясында Астана туралы әуендер де орындалды.

Сонымен қатар, «Көкшетау» облыстық мәдениет сарайында Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясы артистерінің – Камералық хорының, «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобының, халық әндері бөлімінің солистерінің қатысуымен «Айбозым» концерті өтті. Шығармашылық кеш барысында Біржан салдың махаббат, әлеуметтік теңсіздік пен философиялық ой-толғаулары тақырыптан ашатын өлмес туындылары орындалды. Сахна төрінде музыканттармен бірге ҚР еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева да ән шырқады.  

Біржан сал атындағы Музыкалық колледжде Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті «Ұлы дала әуендері» атты концерттік бағдарламаны көпшілік назарына ұсынды. Еліміздегі жалғыз кәсіби квартет Шуберттің, Гайднның, Бородиннің, Жұбанованың, Жайымовтың, Махамбеттің, Желдібаевтың, Тәттімбет пен Құрманғазының шығармаларын орындады.

Филармония артистерімен бірге Көкшетауға елордалық Қуыршақ театрының труппасы да аттанды. Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында аталмыш ұжым өзінің үздік қойылымдарының бірі – «Мәңгілік Бала бейне» спектаклін қойған болатын. Шығарманың авторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанова.

Екі күндік гастроль аясында «Көкшетау» облыстық мәдениет сарайында таңғы «Ақ тілекпен Астана!» атты көрме жұмыс істеді. Экспозицияда еліміздің танымал 50 суретшісінің 100 еңбегі қойылған.  Топтаманы Тәуелсіздік сарайының ұжымы ұсынды.

Елорданың Ақмола облысындағы мәдени күндері аясында спорттық шаралар да ұйымдастырылды. «Бурабай» спорт сарайында Көкшетау мен Астананың құрама командаларының арасында жүзуден матчтық жарыс өтті. Екі күн бойы спортшылар еркін стильде 100 метрге жүзіп, 50 метрден 4 рет құрамдастырылған микс эстафетада, 200 метрге кешенді жүзуде және «Көңілді старттар» эстафетасында бақ таластырды. 

Ал «Батыр» Степногор спорт кешенінде гір көтеруден қалалық турнир өтті. Мұнымен қоса, спорт ардагері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ардагерлер арасында 10 дүркін әлем чемпионы, гір көтеру спортынан Халықаралық Одақ Федерациясының вице-президенті Серік Абдахинмен кездесу ұйымдастырылды.