Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығы декларациясы қабылданғаннан кейін Парламент Сенатының депутаты Оралбай ӘБДІКӘРІМОВКЕ жолығып, аталған құжат жайында әңгімелескен едік.
– Оралбай Әбдікәрімұлы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығы декларациясының ерекшелігі қандай?
– Еліміз тәуелсіздігін жариялап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі декларациясын қабылдағанына жиырма жыл толды. Содан бергі 20 жыл ішінде еліміздің қол жеткізген жетістіктерін қазақстандықтарға тағы бір мәрте түсіндіріп, естеріне салу ешқашан артық болмайды. Ал Декларацияның маңызы неде дегенге келсек, ең алдымен Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланған тарихи күн – 1991 жылдың 16 желтоқсаны көз алдымызға келеді. Сол күні ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы армандаған, сарыла ұзақ күткен арман-мақсаты орындалған еді.
Арада жарты сағаттай уақыт өткенде Қазақстанның Тәуелсіздігін бауырлас ел – Түркия мойындады. Көп кешікпей алыс-жақын шет мемлекеттер де мойындайтындықтарын жеделхаттар арқылы мәлімдеп жатты. Ал жаңа қабылданған Декларацияның ерекшелігі – өткен 20 жылда еліміз қандай жетістіктерге жетті, алғашқы Декларация қабылданған кезден бергі кезеңдерде тәуелсіз Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа қалай танылды деген мәселеде жатыр. Парламент Сенаты осыған байланысты Декларация қабылдауды жөн деп тауып, Мемлекет басшысына ұсыныспен шыққан еді. Елбасы біздің ұсынысымызды қолдады. Құжат жобасын әзірлеуге сенаторлармен қатар, танымал ғалымдар, сарапшылар қатысты, сондай-ақ құжат жан-жақты сараптамадан өткізілді.
Өткен кезеңдерге зер салатын болсақ, осы жылдар ішінде шынында да мақтауға, мақтануға тұратын аса ауқымды істер атқарылғанына куә боламыз. Біріншіден, Мемлекет басшысының бастапқы кезден-ақ ұстанған салмақты саясатының арқасында елімізде халық шаруашылығы салаларын реформалау қолға алынды. Бұл жолда көптеген қиындықтар мен проблемалар да кездесті. Бас біріктірудің, ұйымдастырудың нәтижесінде реформалар ойдағыдай жүзеге асырылды. Оның жемісін бүгінде барша қазақстандық көріп отыр.
Екіншіден, кез келген елдің егемендігін білдіретін мемлекеттік атрибуттары мен мемлекеттік құрылымдары болуы тиіс. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, басқа да министрліктер құрылды. Әрине, КСРО кезінде республикамызда осындай құрылымдар қызмет етті. Бірақ олар өз қызметтерін одақтық министрліктер арқылы жүргізетін, соларға бағынышты болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның өз мемлекеттік құрылымдары құрылып, жұмыс істей бастады.
Еліміз өзінің сыртқы саясатын өзі белгілеп, жүзеге асыратын болды. Қазіргі кезде Қазақстанда 60-тан астам мемлекеттің елшіліктері жұмыс істейді. Сондай-ақ біздің еліміздің шет елдерде 50-ге жуық елшілігі ашылған. Егемендігін алғанына 20 жыл болған мемлекет үшін бұл – үлкен жетістік. Сыртқы саясатты орнықты жүргізудің нәтижесінде Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті, биылғы жылы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етіп отыр. Осының барлығы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының, халықаралық деңгейдегі абырой-беделінің арқасы. Егер біз сыртқы саясатымызды нақты айқындай алмасақ, экономикалық реформаларды табысты жүргізе алмасақ, әлемдік қоғамдастық жоғарыда аталған беделді халықаралық ұйымдар-ға төрағалықты сеніп тапсырмас еді.
– Өткен жылдың желтоқсанында Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті де өтті емес пе?
– Қазақстан бүгінде ірі халықаралық жиындар өткізілетін орталыққа айналды десек, қателеспейміз. Әріге бармай-ақ осы екі-үш жыл көлемінде Астанада өткен әлемдік деңгейдегі жиындарды алайық. Өткен жылы ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің президенттері мен үкіметтері басшыларының, ірі халықаралық ұйымдар жетекшілерінің қатысуымен Ұйымның Саммиті ойдағыдай өтті. Бұл Саммит араға 11 жылдай уақыт салып шақырылған еді. Оның қорытындысында Астана Декларациясы қабылданғанын бүкіл әлем жұртшылығы біледі. Осының алдында Алматыда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің конференциясы өткен еді. Ал биылғы жылы елордада Ислам экономикалық форумы да өз деңгейінде өтті.
Бұл жиындар Қазақстан тарапының белсенді іс-қимылының нәтижесінде өз мақсат-міндеттерін толық орындап шықты. Мысал ретінде айтайын, жақында Литвада ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің конференциясы өткен еді. Екі күнді қамтыған бұл жиында министрлер қорытынды құжатқа қол қоя алмай тарқасты. Ал ЕҚЫҰ Саммитінің жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Астана Декларациясының қабылдануы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі мен табандылығының арқасы, сондай-ақ Қазақстан дипломатиясының жеңісі болып табылады.
– Декларацияда еліміздің мемлекет құрылысындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша рөлі атап өтілген. Бұл Мемлекет басшысының жетекшілігімен табысты жүзеге асырылған саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларға берілген жоғары баға болса керек.
– Президентіміздің елдің ішкі және сыртқы саясатын, әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын әуел бастан дұрыс таңдағанын жүріп өткен жиырма жыл анық дәлелдеді. Елбасының сая-сатын, таңдауын қазақстандықтар қолдады, Мемлекет басшысының соңынан ерді. Бұрын беймәлім болып келген нарықтық экономиканың ауыртпалықтарын бірге бөлісіп, оның қыр-сырын үйренді. Парламент бұған тиімді заңдар қабылдау арқылы ерекше үлес қосты. Сол алғашқы жылдары елімізде мардымды қаражат болмағандықтан, шетелдік инвесторларды тартуға тура келді.
Қалталы инвесторлар қаржы салмас бұрын елдің тұрақтылығына, болашақтағы әлеуеті мен мүмкіндігіне назар аударатыны белгілі. Сондықтан Парламент инвесторлардың Қазақстан экономикасына инвестиция салуына қажетті заңдар қабылдады. Арада бірнеше жыл өткенде ел экономикасына шетелдік инвесторлардан қаржы келе бастады. Бұл ел экономикасының тұрақтанып, өндіріс орындарының жұмыс істеуіне ықпал етті. Бұрындары еліміздің экономикасы шетел инвестициясына тәуелді болып келсе, бүгінде Қазақстан алыс-жақын шетелдерге өзі инвестор болып отыр.
Қазіргі кезде елімізде жүзеге асырылған зейнетақы реформасын әлемнің бірқатар елі тәжірибе ретінде қолдана бастады. Әрине, ескі жүйеден жаңа жүйеге көшу мемлекет үшін оңайға соқпады. Бұл жолда көпшілік арасында, әсіресе, зейнеткерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тура келді. Осылайша, жаңа зейнетақы саясаты жүзеге асырылып, жинақтаушы зейнетақы қорлары құрылды. Зейнеткерлікке шығу жасы ұзартылды. Экономикалық дамудың нәтижесінде зейнетақы мен жәрдемақы көлемі бұрынғыға қарағанда бірнеше есеге ұлғайды.
Өткен кезеңдегі жетістіктеріміздің тағы бірі – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы дер едім. Бағдарлама аясында қазақ халқы үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Ұмыт бола бастаған тарихи-мәдени құндылықтарымыз қайта жаңғыртылып, өткен тарихты жадымызға сіңіретін кітаптар басылып шықты. Бір сөзбен айтқанда, өшкеніміз жанды. Күлтегін ескерткішінің Моңғолиядан Астана төріне әкелінуінің өзі неге тұрады?!
– Еліміздегі ең басты құндылықтардың бірі – этносаралық, конфессияаралық татулық екені белгілі. Аса өзекті бұл мәселелерге байланысты Елбасы әлем жұртшылығына ортақ көптеген бастамалардың авторы ретінде танылып отыр. Енді осыған тоқталсаңыз.
– Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ елімізде тұрып жатқан түрлі этностардың ынтымақта, ауызбіршілікте болуына ерекше назар аударды. Өйткені, бір мемлекетте өмір сүретін этностар арасында достық қарым-қатынас жарасым тапқанда ғана береке болатыны анық. Президентіміз осыны жақсы білді. Асқан көрегендік таныта отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Қазіргі кезде осы бірегей институт еліміздегі барлық этностардың басын біріктіретін құрылымға айналып отыр. Оның үстіне Ассамблеядан тоғыз депутат Парламент Мәжілісіне сайланатын болды. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің бастамасымен Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өтті. Бұрын-соңды түрлі діндер басылары бір шаңырақта бас қосып көрмеген еді. Жалпы, Мемлекет басшысының барлық бастамалары әлемдік қоғамдастықтан қолдау тауып келеді.
Қабылданған Декларацияда атап көрсетілгендей, Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы, елі-міздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев – халқымызды этносаралық және конфессияаралық татулық пен келісім қағидаттары негізінде топтастырып, өзінің жасампаз бастамаларымен бүкіл халықаралық қоғамдастықтың құрметіне ие болған жаһандық деңгейдегі ерен тұлға.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.