Азық-түлік белдеуі жөніндегі бірінші бағдарлама 2010-2014 жылдарға арналды. Бұл маңызды құжат кейінгі жылдары да жалғасын тапты. Жыл өткен сайын жаңғырып, мерзімі ұзартылып келеді. Себебі тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамту – қай кезеңде де аса маңызды әлеуметтік мәселе. Ал бүгінде елорда халқының саны 5 есеге көбейіп, 1 миллионнан асып түскенін ескерсек, азық-түлікпен қамту ауқымы да одан сайын еселене, бұл реттегі жұмыс пен жауапкершілік жүгі көбейе түскенін аңғару қиын емес. Өйткені күн сайын елорда халқына 635 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін жеткізу қажет екен.
Мемлекет басшысының азық-түлік белдеуін құру тапсырмасына байланысты Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдіктері бас қала төңірегінде орналасқан аудандардың қаланы ет, сүт, жұмыртқа және көкөніс өнімдерімен толық қамтамасыз етіп тұруы жөнінде өзара тиімді келісім жасап, арнаулы құжаттарға қол қойды. Бұл кешенді жұмысты іске асыруға бөлінген қаражат көлемі де аз болған жоқ. «ҚазАгроФинанс» АҚ тек 2008 және 2009 жылдары ғана Астана қаласы азық-түлік белдеуін жасау шараларына 5,5 миллиард теңге қаржы бөліпті. Бұл қаржыға Ақмола және Қарағанды облыстарының Астана қаласына жақын орналасқан аудандарында 12 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Жалпы, Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруға мемлекет қоржынынан миллиардтаған қаржы жұмсалды, нақты бағдарламалар жасалып, жан-жақты қолдау көрсетілді. Әрине, «белдеу» жұмысы бірден жүйелі жүріп кеткен жоқ. Тіпті Елбасы тарапынан талай қатаң ескертулер айтылып, сынға түскен сәттер де болған. Себебі бұл өте қажырлы еңбекті, тәуекелді шешімдерді қажет ететін жауапкершілігі жоғары жұмыс болатын.
Бастапқыда жас қала – Астанада азық-түлік сақтайтын қоймалар, терминалдар сияқты қажетті орындар жоқтың қасы еді. Біртіндеп ол мәселе де жолға қойылды, көп кешікпей жалпы сыйымдылығы 21 мың тоннаны құрайтын 4 көкөніс сақтайтын қойма және сыйымдылығы 2400 тоннаны құрайтын азық-түлік сақтайтын терминал салынды. Тіпті кешенді проблеманы шешу үшін жалпы көлемі 1 миллиард теңге болатын тұрақтандыру қоры құрылды. Қордың мақсаты күз айларында арзан бағамен азық-түлік өнімдерін көптеп сатып алып, бағаны тұрақтандыру үшін бұл өнімдерді рет-ретімен босатып отыру болды.
Бүгінде «Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі 2017-2018 жылдарға арналған жол картасы» жүзеге асырылып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жоба үш маңызды мақсатты көздейді. Яғни елорда тұрғындарын отандық азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында азық-түлік белдеуі аймағында қажетті өндірісті құру, республиканың өзге өңірлерінен өнімдерді тұрақты түрде жеткізіп тұруға жағдай жасау және астананың сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша міндеттер қойылған.
Азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз ету үшін әуелі қаланың және көршілес Ақмола және Қарағанды облыстарындағы өнеркәсіптер мен шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін, әсіресе шикізат базасын дамыту қолға алынды. Осы мақсатта 300 шақырым радиуста жатқан елді мекендер шартты үш аймаққа бөлініп, экономикалық талдау жүргізілген. Нәтижесінде қой еті өндірісін 60 пайызға, шұжық өнімдері, сүт және сүт өнімдері көлемін 50 пайызға арттыратындай мүмкіндік бар екені анықталған. Әзірге азық-түлік белдеуіне кіретін аумақтағы ет өңдеуші 24 кәсіпорынның өндірістік қуаты 72 пайызға, сүт және сүт өнімдерін шығаратын 20 сүт зауыты бар болғаны 55 пайызға ғана жүктелген. Аталмыш өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету ұсақ және орташа шаруашылықтарды кооперативке біріктіру арқылы күшейтілмек.
Айтқандай қазіргі таңда өңдеу кәсіпорындарына шикізат беруді ынталандыру үшін ұсақ және орташа шаруашылықтарды ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктіру жұмыстары жалғастырылып жатыр. Қазақстанның өзге өңірлерінен жетіспейтін азық-түлік түрлерін жеткізуді қоса алғанда, Астанаға азық-түлік жеткізу жұмыстарын ынталандыру үшін заңнамалық деңгейде «Астана қаласының азық-түлік белдеуіне қатысушы» статусын бекіту мәселесі де күн тәртібіне қойылды. Ол ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне белгілі бір жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді. Ал сауда инфрақұрылымын кеңейту бойынша үшінші міндетті іске асыру үшін Астана қаласында жыл соңына дейін 50 модульдік сауда павильоны іске қосылады. Осы мақсаттарға орай, елорда әкімдігі жер телімдерін бөліп, «Көше саудасын дамыту» бағдарламасы аясында 90 млн теңге көлемінде инвестиция тартқан.
Иә, бұл айтылғандар бүгінде миллионнан асқан Астана жұртшылығын дер кезінде қажетті азық-түлікпен қамту бағытындағы жұмыстардың бір сарасы ғана. Жалпы, тұрғындардың тұтынушылық сұранысын үнемі қамтып отыру үздіксіз процесс екенін ескерсек, азық-түлік белдеуін әрдайым жетілдіріп, дамыту да үзіліссіз үрдіс. Бұл ретте Астана сияқты ауа райы құбылмалы – қысы қытымыр, жазы да соншалық жайма-шуақ емес өңір тұрғындарын табиғи таза өніммен қалт еткізбей қамтып отыру да оңай шаруа емес. Бірақ соған қарамастан, әлгіндегідей «Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі жол картасының» қабылдануының арқасында бұл жұмыс та бір жүйеге түсті. Жиырма жылдық даму жолында елорданың бұл маңызды мәселесі де өз деңгейінде жолға қойылды деуге негіз бар. Әрине әлі де болса енсерілмеген жоспарлы міндеттер, жетсек деген межелер, тіпті салада шешілмей жүрген түйткілдер де жоқ емес. Дегенмен, жасампаз жас қаланың кемел келешегі әлі талай жетістіктің жемісін жегізеріне сенім зор.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»