Аймақтар • 05 Маусым, 2018

Берекесі кеткен ауыл

1024 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біздің ауылымыз Юбилейный аталады. Жамбыл облысының Құлан ауданына қараймыз. Бұл аты мерекені білдірсе де, заты азып-тозып кеткен елді мекеннің бірі.

Берекесі кеткен ауыл

Өз басым осы ауылға Тараз қаласынан көшіп келдім. Мақ­са­тым енді ауыл медицинасын жандандыру, алыс жатқан ту­ған жерді көркейту еді. Оған да бірталай жыл өтті. Мен бас дә­рі­гер болған уақытта ауыл­да бірде-бір ана мен бала өлі­мі болған жоқ. Басқасын айт­па­ғанда осыны өзімнің үлкен же­тіс­тігім деп санаймын.

Президентке, Үкіметке еш өкпе жоқ. Жаңадан дәрігерлік амбулатория салып берді. Ауыл­дың мектебі де жаңа. Елба­сы­ның бастамасымен қолға алын­ған «100 мектеп, 100 ауруха­на» бағдарламасы біздің ауыл­ға да шапағатын тигізді. Мемлекет басшысының 2018 жыл­ғы халыққа Жолдауында үл­кен ойлар бар. Өкініштісі сол, ауыл адамдары Астанада ай­тыл­ған бастамаларды одан әрі жалғастыруға, жаңа істерге өз үлесін қосуға талпына қой­май­­ды. Өйткені жерлестерім ке­­рісінше табысты жұмыс істеп тұр­ған ауылшаруашылық кәсіп­ор­нын таратып тынды. Бұл та­ра­ту бәрі ортақ етіп біріккен жер үлестерін 2013 жылы қайта же­ке-жеке алып кетуден бас­тал­ды. Осылайша орталығы біз­дің ауыл болған, бүкіл облыс­та жақсы атымен таныс «Подгорный» акционерлік қоғамының та­мы­рына балта шабылды. 5 мың бас қойы, екі мың бас­тан артық сиыры, бір мың бас­тан артық жылқысы бар үлкен ұжым еді. Кезінде 20 мың гек­тарға дейін астық еккен. Дұ­рыс агротехникалық шаралар арқасында гектарына 30-40 цент­нерден астық жинайтын. Оны өз диірменінде ұн етіп тар­та­тын. Сауылған сүттен қай­мақ, ірім­шік шығаратын, нан өнім­де­рін пісіретін цехтары бар ір­ге­лі шаруашылық ыдырады. Ауыл тұрғындарының бір бөлігі үлес­тен шығып, өздеріне тиісті жер телімдерін бұл жақта мүлде тұр­майтын пысықтарға жалға беруінің соңы осылай баршамыз үшін қасіретке айналды. Ауыз­бірлік кеткен соң инвес­торлардан айрылдық.

Өзіміздің акционерлік қоға­мы­мыз бар кезде ауылда тір­лік қызып жататын. Ал міне, бес жыл болды машина-трактор стансасы қирады. Гараж жақ­тың жолына шөп шығып кетті. Цех­тар иесіз қалып, ақыры қи­ра­­тылды. «Подгорный» акцио­нер­лік қоғамы лизингке алған аме­рикалық тракторлар мен ком­байндар қаңтарылып тұр. Олар үшін үлкен алқап керек. Ал әркім үлесін алып, жер талапайға түскен соң мұндай қуатты техника не істесін.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнер­кә­сіп­­тік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жол­дау­ында: «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек» деген болатын. Қуатты техника қажетсіз болған жағдайда еңбек өнімділігін қалай арттыр­мақ­пыз? Оның үстіне осы Жол­даудың көп бөлігі цифрлы тех­нологияны жергілікті жерге дейін жеткізуді көздейді ғой. «Подгорный» АҚ оған да лайық­ты жауап бере алатын ұжым еді. Біздің ауылдықтар болса сол цифрлы технологиясы бар техниканы әкелген кәсіпорыннан өз еріктерімен бас тартып, енді ескі кеңестік техникаға жүгініп қалды.

Бәрінің басы қосылып тұр­ған­да ұжымды Сәбит Сұлтан атты іскер азамат басқарған. Ол бір­неше рет Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев облысты аралағанда озат шаруашылықты көрсеткен, қан­шама цехтар салып, астықты, сүт пен етті өңдеуді қолға ал­ған, сол өнімді шетелге дейін экс­порт­таған білікті басшы еді. Бі­раз ауылдықтар әлдекімдердің аз­ғы­руымен тиесілі жерді бөліп алған соң Сәбит Сұлтанұлы өзінің шағын жеке шаруасымен айналысуға көшті. Содан бастап Юбилейныйдың берекесі қашты. Біздер телевизордан басқа ауылдардағы жаңа жол, түзу тротуар, түнде самаладай жарқыраған көше шамдарын көргенде қатты қызығамыз.

Өткен қыста Құлан аймағына табиғат төтенше мінез танытты. Ауылдың 15 шақырымдық үлкен трассаға шығар жолын қалың қар басты. Бірнеше күн сыртпен байланысу мүмкін болмады. «Подгорный» АҚ жұмыс істеп тұр­ғанда мұндай қиыншылық көр­медік. Шаруашылықтың қуат­ты техникасы дереу іске кірі­сетін. Енді жолды ауданнан ке­­ліп қашан аршып береді деп оты­рамыз.

Соңғы бес-алты жылда бірі­нен соң бірі ауысқан үш әкім­нің ешқайсысы бұл ауылдық ок­руг­те мүлде тұрмайды. Жергі­лікті жағдаймен таныс емес. Келіп-кетіп жұмыс іс­тей­­ді. Отбасымен көшіп келмеген соң ешбір мәселеге дендемейді. Бұ­рын жергілікті әкім мен ша­руашылық басшы­сы тізе қосып ауызбірлікте қи­мыл­дайтын. Шаруашылық ыды­ра­ған соң әкімнің «ақ дегені – ал­ғыс, қара дегені – қарғыс» бо­лып отыр.

Осы ауылдағы медицина жағ­дайына орай ойларымды ай­ту үшін әкімді кеңсесінен жо­лық­тыра алмаймын. Барсам болды орнында жоқ болып шығады. Қайда деп сұрасам, «ауданда жиналыста жүр» деген жауап аламын. Бұлардікі не деген біт­пейтін жиналыс деп ойлаймын. Мемлекет басшысының жиналысты қысқартып, нақты жұмыс істеңдер деген тапсырмасы біздің жаққа қашан жетерін кім білсін. Ал әкімнің өз кеңсесінде күнделікті отырмау себебі – осы ауылда тұрмағандығы.

Қазақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады» демей ме. Селолық округ әкімі сияқты бұл ауылда учас­келік полиция қызметкері ке­ліп-кетіп қызмет істейді. Оны да күндіз шаммен іздеп тап­пай­мын. Кейбір жарақат ал­ған адам­дар оның қылмыстық әре­кет салдарына болғанын айтады. Мұндай жағдайда дәрігер мен учаскелік полиция бірдей келуі ке­рек. Ал адам қансырап жат­қан­да «полицейді таппай қал­дым» деп қарап отырамын ба? Ұр­лық көбейіп кеткенін жоға­ры­да жаздым.

Ауылдағы ортақ мүдде енді біріктірмейді. Ортақ іске жұ­мылу ұмыт қалды. Жерін сырт­тағы агрохолдингке жалға берген­дер жыл сайын сол үшін алатын аз ғана қаражатқа мәз болып отыр. Ештеңе істемей, төбеге түкіріп шалжиып жатып, табыс тапқылары келеді.

Облыс әкімі Асқар Мыр­зах­м­етов, ауданға енді тағай­ын­далған жас әкім осы жағ­дайларға кө­ңіл аударса деймін. Ал «Под­горный» шаруашылығын қал­пына келтіру бойынша жүріп жат­қан сот барысы әділ шешілер. Бар үміт осы азаматтарда. Әйт­песе Елбасы Нұрсұлтан На­зар­ба­евтың дұрыс бағытын Жам­был жерінде үндемей отырып те­ріске бұрғысы келетіндерден шар­шадық.

Әліқұл МЫРЗАГЕЛДИЕВ,
Юбилейный ауылдық дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері

Жамбыл облысы,
Құлан ауданы