Қазақстан • 05 Маусым, 2018

Сот шешімінсіз жүргізушілік куәліктен айыру мүмкін бе?

339 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы кездері түрлі әлеуметтік желіде көлік жүргізушісі белгілі бір жол ережесін бұзса, жол-патрульдік полиция өкілі сот шешімінсіз-ақ жүргізуші куәлігінен айыра алады екен деген сыңайда түрлі ақпараттар пайда болды. Соған орай редакциямызға бұл ақпараттың қаншалықты шынайылығы туралы сұраған хаттар да түсе бастады. 

Сот шешімінсіз жүргізушілік куәліктен айыру мүмкін бе?

Расында, «Жел болмаса, шөп басы қимылдамайды» дегендей, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Әділет министрлігі әзірлеген заң жобасында полицейлерге сот шешімінсіз жүргізуші куәлігінен айыру құ­қығын беру ескерілген болатын. Алайда бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланып, көп­шіліктің көңілінен шықпады. Соған байланысты ма, аталған кодекстегі тап осы түзетуге орай Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов: «Бұл тек тұжырымдама ғана. Ал біздің ұстанымымыз бойынша, куәліктен айыру, әкім­шілік қамауға алу және басқа да мәселелер сот тәртібімен ше­шілуге тиіс», деп өз пікірін түйін­деген болатын. Демек, Ішкі істер министрлігі жоғарыдағы мәселе сот төрелігімен ғана ше­шілуі тиіс екенін құптайды. Өйткені жол ережесін бұзған жүргізушіні куәлігінен айыру заң бойынша қалыптасқан тәртіппен ғана жүзеге асуы керек. Яғни бұл про­цесті сот арқылы жүзеге асы­ру – оң­тайлы тетік. Оны бас­қаша өз­гертудің қажеттілігі жоқ. Біріншіден, бұл өзгеріс сотты ар­тық жүктемеден арылта алмайды. Екіншіден, полицейлерге жүргізуші куәлігінен айыру құқығын беру жемқорлыққа жол ашуы мүмкін. Қарапайым ереже бұзып, айыппұл салу кезінде жол-патрульдік поли­цейімен ауыз жаласуға тырысып бағатын жүргізушілер, куәліктен айырылмау үшін одан да бетер амал-айлаға баратыны белгілі. Яғни бұл өзгеріс тәртіп сақшыларын жем­қорлыққа итермелейді. Үшін­шіден, куәліктен айыру табан астында шешіле салатын іс емес. Оған жүргізушілер келіспей, бәрібір сотқа жүгінуі мүмкін. Ал жол-патрульдік полициясы қызметкері бұл іспен айналысып жүргенде жол тәртібін бақылау тіптен ақсай түседі. Демек, мұндай түзету тиімсіз деген сөз.

Осыған орай біз біржақты пікір білдірмес үшін «Қазақ­стан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толық­­тырулар енгізу туралы» Әді­лет министрлігі әзірлеген заң жобасына қа­тысты заң саласы өкілдерінің де пікірін кел­тіруді жөн көрдік. Біздің қой­­ған сұрағымызға орай бұл мәселе бойынша адвокат Сей­фулла Шыңғыс былай деді: «Әді­лет министрлігі сот билігі құзыретінен әкім­шілік шара ретінде қарас­тырылған көлік құралын бас­қару құқығынан айыруды шығаруды ұсынбақшы. Заң жобасы авторының пікірінше, бұл өзгерістің мақсаты соттарды мыңдаған әкімшілік істер жүктемесінен құтқарып, сот жүйе­сінің жұмысын жақсарту болмақ. Бұған қатысты пікір екіге жарылды. Басым көпші­лік арнайы құқықтан айыру әділ сот процесі үстінде ше­шілуі тиіс деп есептейді. Яғни бұл олардың сот жүйесіне сенім артқандығының белгісі. Ішкі істер министрлігіне сен­бейді деген ұғым емес. Ме­нің ойымша, жаңа ереже бізге қажет болғанымен, бұған әлі де болса ерте деп есеп­теймін. Оның жүзеге асырылуына қоғамымызда шеші­мін таппай жатқан бірқатар күр­­делі мәселелер кедергі жа­сауы мүмкін. Мәселен, жоба авторларының айтуын­ша, егер жүргізуші жол полиция қыз­меткерінің қау­лысымен келіспесе, оны Әкім­шілік кодексте (683-бап 5-бөлім) бекі­тілген тәр­тіппен сот арқылы бұздыру құқығы қарастырылған деп қорытындылайды. Десек те, жалпы қоғамда құқықтық сауат­тылықты көтерудің қа­жет­­тігін ескерсек, жаңа ереже азаматтар құқықтарының елеу­лі түрде бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін. Себебі басым көпшілік, әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулымен келіспей, сотқа шағымданудың жолын білмек түгілі, өздерінің ең маңызды құқықтары мен міндеттерін қор­ғай алмай жатыр. Бұған бір­ден-бір дәлел заң жобасындағы Әділет ми­нистрлігінің берген статистика. Мысалы, 2016 жылы апел­ляциялық инстанцияда тек қана 7,5 мың шағым қаралған. Ал ақиқатында бірінші саты­дағы сотқа жете алмай қалған шағым қаншама. Бұған тағы бір себеп, елімізде білікті құ­қық­тық көмек көрсете алатын адвокаттардың аздығы. Сондықтан жоғарыдағы ұсы­ныс әлі де талқылауды қажет етеді».

Ендеше қоғам талқысына шығарылып, түрлі қарсы пікір­лер тудырған бұл ко­декс­тегі түзетудің әлі де­ бір қай­науы кем болып тұр­­­ға­ны байқалады. Оның үсті­не Ішкі істер министрінің пі­кірі бойынша, арнайы құ­­қық­тан айыру құзыреті сот би­лігінде қалуы қажет. Демек, жүргізушілерді түрлі уайымға салған бұл ұсыныс әлі де терең талқылауды қажет ететіні сөз­сіз. Яғни заң жобасын жү­зе­ге асыратын­ мемлекеттік ор­ган­дармен қоян-қолтық жұ­мыс жүргізіп, оның бар­шаға тиімді болу жағы­ның реттелуін ескеру керек. Ал әзір­ге «сотсыз жүр­гізу­шілік куәліктен айырады» екен деген жоғарыдағы ақ­парат­тар­дың да алыпқашпа сөз екен­дігін ескеру қажет.

Дайындаған

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»