Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қабырғасында дүниеге келген Декларация – аса маңызды құжаттардың бірі. Біз осы құжатты дайындау мен оның дүниеге келу тарихы туралы Парламент Сенаты аппаратының басшысы Талғат СӘРСЕНБАЕВҚА бірнеше сауал қойған едік.
– Декларацияны қабылдау қажеттігі туралы идеяны кім көтерді және оның жобасын әзірлеу жұмыстары қалай жүргізілді?
– Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері 20 жыл өтті. Осы жылдар ішінде Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері ұшан-теңіз. Сол аталған жетістіктерді болашақ ұрпаққа аманаттау, біздің қоғамға жеткізу үшін Парламент Сенаты Декларация қабылдау идеясын жария етті. Бұл бастамаға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қолдау білдірді.
Одан әрі Сенат пен Мәжіліс депутаттарының арасынан Декларацияның саяси-құқықтық маңызы мен мазмұнын жетілдіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған Парламент депутаттары мен арнаулы сарапшы мамандар тартылды. Сөйтіп, Сенат Төрағасының жетекшілігімен құжаттың құрылымы мен мән-мағынасы барынша жетілдірілді. Дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанда, бірқатар мемлекеттік органдардан Декларацияны толықтыру жөнінде ұсыныстар да түсіп жатты. Олардың барлығы мұқият зерделеніп, ең маңыздылары құжатқа енгізілгенін де айту керек. Сондай-ақ, Декларация жобасының дайындығы бойынша Қайрат Әбдіразақұлының төрағалығымен бірнеше мәрте отырыс өтті.
Құжатты Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылдау белгіленген болатын. Бірақ, бір топ депутаттың ұсынысымен Парламент Мәжілісі таратылып, кезектен тыс сайлау 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленгендіктен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясы Сенаттың отырысында салтанатты түрде қабылданып отыр.
– Осындай Декларация қабылдаудың қаншалықты қажеттілігі бар еді?
– Тәуелсіз дамудың 20 жылында жеткен жетістіктер мен алған асуларды, толағай табыстарды жинақтап, рәсімдеп қою – өмірдің талабы. Альпинистің әр бағындырған шыңына ту қадағаны секілді, әр істегі белгілі бір кезеңде қол жеткен нәтижелерді атап көрсеткен дұрыс. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 13-бабында Парламент пен оның палаталары өз құзіретіндегі мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлімдемелер және заң сипаты болмайтын өзге де актілер қабылдауға хақылы деп атап көрсетілген. Сөйтіп, мемлекет өміріндегі маңызды кезең – жиырма жылғы табыстар осы Декларациямен мазмұндалатын болды. Бұл осыдан жиырма жыл бұрынғы белгісіздік күндерінен бүгінге дейінгі жарқын істерді бір қорытындылау болып табылады. Парламент қабылдаған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясының осындай мәні бар.
Жалпы алғанда, мемлекет өмірінде әртүрлі саяси-құқықтық маңызы бар құжаттар қабылданып отырады. Бұл мерейтойлық Декларация солардың бірі. Сонымен қатар, бұл Декларация тәуелсіз Қазақстанның өміріндегі жалғыз құжат болмайтыны анық. Амандық болса, еліміздің 50, 100, 150, 200 жылдық мерейтойлары да осындай құжаттармен аталып өтілуі ғажап емес.
Әр біткен істің нәтижесін айғақтау – алдағы жаңа жеңістерге жол бастайды, жаңа бағытты нақтылайды, жаңа жолдарға шақырады. Сондықтан біз төзімді әрі толерантты халықтың еңбегін, Елбасының қажыр-қайратын, мемлекетіміздің мүмкіндіктері мен алған асуларын атап өткенді қалаймыз.
– Декларацияға қандай сипаттама берер едіңіз?
– Декларацияда біздің еліміздің бүгінге дейінгі жеткен жетістіктері мен алған асулары, бағындырған биіктері көрініс тапқан. Бұл – тарихи маңызы бар мерейтойлық құжат. Құжаттау арқылы біз ортақ табыстарымызды тасқа басып, күллі әлемге жария етіп отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.