Аймақтар • 05 Маусым, 2018

Оңтүстікте «Мырзашөл жұлдыздары» атты жас әншілердің байқауы жанданды

862 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданында «Мырзашөл жұлдыздары» атты жас әншілердің өнер байқауы ұйымдастырылған болатын. Тың бастама ауыл, аудандардағы көптеген таланттарды елге танытты. Өнерде өз дарынын дәлелдеп, биіктен көрінуіне мүмкіндік жасады.

Оңтүстікте «Мырзашөл жұлдыздары» атты жас әншілердің байқауы жанданды

Мысалы, алғашқы бай­қауда бас жүлдені еншілеген Жұбаныш Жексенұлы бүгін­де Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, қазақ эстра­дасындағы жарық жұлдыз­дардың бірі. Ал байқаудың екінші жылы Отырар ауданынан келіп, бағын сына­ған Хадиша Шалабаева бас жүлдені иеленді. Жас дарын­дардың жолын ашу мақсатындағы жақсы бастама түрлі себептермен тоқтап қалған еді.

Мақтаарал аудандық ішкі саясат, мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Пердеш Есен­бековтің айтуынша, екі мы­ңыншы жылдары бұл өнер байқауы «Мақтаарал әуендері» деген атпен өте бастаған. Деңгейі төмендеп, тек аудан көлемінде ғана. «Енді міне, Мырзашөл то­пырағында араға 23 жыл салып ән аламаны қай­тадан жанданып отыр. Бай­қаудың басты мақсаты – Ел­басының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жас буынды отан­шылдыққа тәрбиелеу, жас­тардың эстрадалық ән орындау шеберлігін шыңдау, ел ішіндегі жас таланттарды қолдау, сондай-ақ Мыр­зашөл туралы жаңа ән­дерді халық арасында кеңінен насихаттау», – дейді П.Есенбеков. Қайта қолға алынған, Астана қаласының 20 жылдығы мен Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойына орай өткізілген байқауға облыстың қала, аудандарынан 16-29 жас аралығындағы 21 әнші қатысты.

Мақтаарал ауданы әкім­­­дігінің қолдауымен жә­не аудандық ішкі сая­сат, мәдениет және тіл­дер­ді дамыту бөлімінің ұйым­дастыруымен өткен өнер мерекесінде облыс әкі­мі Ж.Түймебаев қазақ ән­дері – халқымыздың баға жет­пес байлығы, сарқылмас қазынасы екені, іргесі бе­рік, сүйегі мығым мемлекет құрудың негізгі алғы­шарт­тарының бірі халықтың мәдени-рухани тұрғыдан дамуы екенін атап өтті.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені мақ­та­аралдық әнші Әріп­хан Нұрислам, І орынды шым­кенттік «Сарын» тобы ие­ленді. Ал ІІ орынға Орда­басы ауданының тұрғыны Айнұр Аубакирова, ІІІ орын­ға шардаралық Жандос Әшірбеков пен түркістандық Біржан Сапарбекова лайық­ты деп танылды. Жеңім­паздарға берілген жүлде де қомақты. Атап айтсақ, бас жүлдеге – 1 миллион теңге, 1-орынға – 500 мың теңге, 2-орынға – 400 мың, 3-орынға – 300 мың және қалған орындарға 50-100 мың теңге аралығында ақшалай сыйлықтар берілді. Өнерсүйер қауым қайта жаңғырған байқаудың енді жыл сайын өткізіліп тұра­тынына сенімді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы