04 Маусым, 2018

«Нұр келбетті Астана»

473 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордамыз Астана қаласының 20-жылдық мерейтойына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі маусымның 12-ші жұлдызында "Нұр келбетті Астана" атты халықаралық көркемсурет көрмесін ұйымдастырмақ. Іс-шара аясында Бразилия, АҚШ, Еуропа, Ресей және Азияның Жапония, Үндістан сынды елдерінен арнайы қылқалам шеберлері шақырылып, Астананың нұрлы келбетін бейнелейді.

Көрме мақсаты – фестиваль қонақтарын елорданың 20 жылдық тариxымен, тариxи-мәдени кереметтерімен, қонақжай xалқымен таныстыру.

Аталмыш көрме аясында шет елдерден келген атақты суретшілермен қоса отандық суретшілерге жаздың жаймашуақ күндерінде жеке қалаулары бойынша Астана қаласының көрікті жерлерін, үйлесім тапқан архитектуралық ансамбльдерін, өнер, білім және мәдениет ошақтарын, елорда тұрғындарының отбасылық демалыс орындарын, қалалық саябақ, гүлзар, субұрқақтарын немесе өзге де көрінісі ғажап табиғат аясын қағаз бетіне түсіреді. Аталған көркемсурет көрмесі Астана қаласы ҚР Ұлттық Музейінде ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, қылқалам шеберлері Астана қаласының оқушылар сарайында көркемсурет өнеріне қызығатын дарынды тәлімгерлер үшін шеберлік сабақтарын өткізеді.

Көрме қарсаңында іс-шараға арнайы шақырылған шетелдік меймандарымызбен сұхбат жүргізген едік. Ендеше, назарларыңызға Голландиялық қылқалам шебері Димитрис Воязоглоудың сұхбатын ұсынамыз.

Көркемсурет өнеріне қашаннан бері қызығушылығыңыз арта бастады?

* Бейнелеу өнерімен алғашқы таныстығым 6 жасымда өтті. Оған себеп - өнер жайындағы кітаптар, музейдегі картиналар, шіркеудегі түрлі бейнелер мен мектептегі бейнелеу өнері пәні. Мен ата-анаммен де көркемсурет көрмелеріне жиі барып тұратынмын. Онша түсіне қоймасам да, қызығушылық танытып, сұрақ қойып, суретшінің не дегісі келгенін ұғынуға тырысатынмын.

Алғашқы өнер туындысын қай кезіңізде жарыққа шығардыңыз?

* Алғаш рет өзімді суретші ретінде жастайымда сезіндім. Бірде жол-көлік оқиғасының куәсі болып, кенет көргенімді қағаз бетіне бейнелегім келді, өтйкені дәл сол мезетте кеудемді бір ерекше сезім кернегендей болды. Негізі қандай сезімде болғанымды әлі күнге дейін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Меніңше, кішкентай балалар – нағыз ұлы суретшілер.

Бейнелеу өнерінің қай ағымын ерекше ұнатасыз?

* Шыны керек, маған кәдімгі импрессионизм, реалистік ағым ұнайды, сондай-ақ, заманауи стильдегі туындылар шабыт береді. Бүгінде бейнелеу өнерін әркім өзінше түсінеді. Сондықтан «мынаның туындысы жақсы, ал менікі одан да керемет» деп, баға беру қиын. Өнер түрлі образда бейнеленеді, сол себепті, мен кез-келген туындыны ерекше бағалаймын.

«Нұр келбетті Астана» шарасынан не күтесіз және мерейтой қарсаңында елордаға қандай лебіз білдіресіз?

* Биыл Қазақстанның елордасы – Астана қаласында өтетін ІІ Халықаралық фотофестивалінен ұмытылмас әсер алатыныма сенімдімін. Астананың 20 жылдығы қарсаңында жас болса да, өркендеп дамып келе жатқан шаһарды өз көзіммен көретініме өте қуаныштымын. Астанаға тек жаңа табыстар мен сәттілік тілеймін. Өркениеті қарыштаған өнер мен мәдениет ордасына айналсын