Менингиттің алдын алу шаралары күшейтіледі
Е. Біртановтың мәліметінше, 2018 жылдың басынан бері менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен 593 адам қаралып, 213 адам емдеуге жатқызылған. Олардың арасында 58 науқастан менингококк инфекциясы расталды. Олардың арасында 14 жасқа толмаған 21 бала бар. Бүгінге дейін емханадан он адам емдеп шығарылса, 55 науқас әлі дәрігерлердің қатаң бақылауында.
Аталған сырқаттан 13 адам қайтыс болды. Оның ішінде Алматы облысында − 4, Қызылорда облысында − 1, Оңтүстік Қазақстан облысында − 2, Алматы қаласында − 6 адам. Өкінішке қарай қайтыс болғандар арасында алты бала бар деді министр. Сондай-ақ ол менингитпен күрес бойынша арнайы штаб құрылғанын хабарлап, Премьер-Министрден штаб жұмысына көмек беруді сұрады. Атаған мәселеге қатысты Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев халық арасында үрей тудырмау үшін, менингококк инфекциясының жағдайына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, құрылған штабтар жұмыстарының толық ашықтығын қамтамасыз етуді, өңірлердегі вакцина бағаларын реттеу мәселелерін тез арада шешуді тапсырды. Бұған қоса, менингококк инфекциясының күдігімен жүгінген барлық науқастарға шұғыл медициналық қызмет көрсету және олардың аумақтық тіркелуіне қарамастан жақын емханаларда қабылдау жұмыстарын жеделдету тапсырылды.
«Жасыл» экономиканың дамуы қарқынды
Жиын барысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2014-2017 жылдарға арналған Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдаманың қорытындыларымен таныстырды. Министрдің мәлімдеуінше, өткен жылы шамамен 1,1 млрд кВт/сағат «жасыл» энергия өндірілсе, биыл қуаттылығы шамамен 138 МВт жаңғырмалы энергия көздерін қосу жоспарланып отыр. Республика бойынша жалпы қуаттылығы 352 МВт балама энергия көздерін пайдаланатын 58 нысан жұмыс істейді. Жыл соңына дейін жаңғырмалы энергия қуаттылығын 490 МВт-ға дейін жеткізу көзделген.
Келешекте жаңғырмалы энергия көздерінің құнын төмендетуді біз аукциондық механизмді ендірумен байланыстырып отырмыз. Бұл өз кезегінде инвесторлар мен жобаларды іріктеу процесін ашық әрі түсінікті етуге, екінші жағынан тарифтерді азайтуға ықпал ететін технологиялар мен жобаларға басымдық береді деді Қ.Бозымбаев. Сонымен қатар қалдықтарды басқару саласында қайталама шикізат, қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу және кәдеге жарату талаптарын анықтау бойынша нормативтік-құқықтық база құрылып, биылғы жылғы жоспар бойынша өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 32 пайызға, тұрмыстық қатты қалдықтардың үлесін 11 пайызға жеткізу көзделген.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев өз баяндамасында Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес табиғи экожүйелерді, оның ішінде орман шаруашылығының дамуы қарқын ала бастағанын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан орманы аз мемлекеттер қатарына жатқызылады. Орман алқаптары жалпы ел аумағының 4,7 пайызын ғана құрайды. Жасыл желектерді көбейту мақсатында ел аумағында жасыл аймақтар құру жұмыстары басталған. Соңғы 7 жылда мемлекеттік орман қоры аумағында орман өсіру көлемі 453 мың гектарды құраған. Ал биыл жоспарланған көлем 68 мың гектарды құрайды. «Жасыл қалалардың» көшін бастайтын Астанада 78 мың гектарлық жасыл аймақ құрылып, 2023 жылға қарай оның көлемін 100 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
Электронды саудадан келер пайда мол
Үкімет отырысындағы күн тәртібіне енгізілген екінші тақырып − электронды коммерцияны дамыту мәселелері бойынша Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндама жасады. Т. Сүлейменовтің айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен Электронды сауданы дамытудың жол картасы аясында негізгі іс-шараларды жүзеге асыру басталған уақыттан бері оң үрдіс байқалады. Ресми статистика деректеріне сәйкес, 2017 жылы электронды сауда нарығының көлемі 106,9 млрд теңгені құраған. Бұл бөлшек саудадағы тауар айналымы жалпы көлемінің 1,2 пайызын құрап, аталған саладағы өсім 36,2 пайызға жеткен. «Қазпошта» АҚ жедел деректері бойынша, 2018 жылдың 5 айындағы электронды сауда нарығының көлемі 101 млрд теңгені құрап отыр. Биылғы жылдың басынан бері 110 жаңа электронды сауда субъектілері тіркеліп, қазіргі уақытта нарықта 1658 интернет-дүкен жұмыс жасайды. Сатып алушылар саны да өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға өсіп отыр. Электронды сауда нарығы арқылы 71,6 мың адам жұмысқа орналасқан.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жасаған баяндамада «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі – электронды сауданы, қаржылық технологияларды және қолма-қол төлемді дамыту екендігі айтылып, аталған бағытта жасалып жатқан жұмыстар кеңінен сөз болды. Халық арасында интернетті пайдаланушылар санын көбейту жұмыстарының қарқынды жүргізіліп, заман талабына сай телекоммуникациялық инфрақұрылымды құру нәтижесінде елімізде интернетті пайдаланушылар саны 2017 жылы 78,8 пайызға жеткен. Бұған қоса, ауылдық елді мекендердегі талшықты оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасы іске қосылған. 2021 жылы тұрғындардың саны 50-ден асатын 6000 ауылдық мекенді интернетпен қамту да жоспарланып отыр. Сондай-ақ Д.Абаев электронды сауда-саттықты реттеуде, электронды төлемдер қабылдауда халық пен кәсіпкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыруға, инфрақұрылым мен логистиканы дамытуға бағытталған шаралар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша аталған министрлік «Зерде» холдингі, Азаматтарға арналған үкімет, Ұлттық ақпараттық технологиялар, «Қазпошта» АҚ және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп оқыту бағдарламаларын әзірлеген. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және оның жекелеген бағыттарын ақпараттық қолдау бойынша отандық телеарналарда 18 телехабар таратылып, электронды коммерцияны енгізу, интернет-дүкен ашу алгоритмін, онлайн-бизнесті дамытуды ақпараттық қолдау мақсатында «Қазпошта» АҚ 2018 жылға арналған медиажоспар дайындаған. Еліміздегі интернет-ресурстарда электронды коммерция тақырыбы бойынша 88 материал жарияланғанын да атап өтті министр.
Азаматтық сектордың белсенділігін арттыру көзделеді
Қазақстанның VІІ азаматтық форумының ұсынымдарын іске асыру туралы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев баяндады. Д.Кәлетаевтың айтуынша, 2017-2018 жылдарға арналған VІІ азаматтық форум ұсынымдарын орындау бойынша іс-шаралар жоспары ҮЕҰ ұсыныстары негізінде әзірленген. Жалпы, жоспардың 53 тармағының 18-і орындалып, 35-і жүзеге асу үстінде. Айта кетерлігі, өткен жылы ұсынымдарды жүзеге асыру шеңберінде жалпы сомасы 12,8 млрд теңгені құрайтын ҮЕҰ-ның 2 333 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды. Орталық деңгейде 7 министрлік, жергілікті деңгейде 102 облыстық және 198 қалалық, аудандық мемлекеттік органдармен бірлескен жоба жүзеге асырылды. Биыл мемлекеттің әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 19,3 млрд теңгені құрап, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі де ұлғаймақ.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»