Маңызды жиынға Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы мүшелері, Дүниежүзілік банк сарапшыларының, еліміздегі ҮЕҰ мен Ресей өкілдері қатысты. Отырысты ашып берген вице-министр Қазақстан соңғы 10 жылда темекіге қарсы күрес процесінде белгілі жетістіктерге қол жеткізгендігін атап өтті.
Елбасы өзінің биылғы Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиістігін, сондай-ақ саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керектігін, жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару қажеттігін айтқан болатын. «Елбасының Жолдауын іске асыру үшін 2018-2021 жылдарға арналған қоғамдық денсаулықты басқару жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген», деді вице-министр.
ДДҰ деректері бойынша әлемде шамамен мерзімінен бұрын орын алатын өлімнің 80 пайызы анағұрлым кең тараған қауіпті төрт фактормен байланысты, яғни темекі шегу және алкоголь қолдану, дұрыс тамақтанбау, сондай-ақ аз физикалық белсенділік. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі 2018-2021 жылдарға арналған қоғамдық денсаулықты басқару жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде халық денсаулығына қауіп төндіретін мінез-құлық факторларының әсерін төмендетуге бағытталған шараларды іске асыруды көздейтіндігін айтқан болатын.
Оған қоса, вице-министр Қазақстанда темекі жарнамасына тыйым салу практикасы енгізілгенін, ауруханалардың, жұмыс орындарының, мектептердің, қоғамдық көлікті қоса алғандағы қоғамдық объектілердің темекі түтінінен 100 пайыз арылғандығын атап өтті. Сонымен қатар вице-министр өз сөзінде темекі өніміне салынатын салық бөлшектеп саудалау құнының 40 пайызын құрайтынын, темекіні тастауға тілек білдірген адамдарға тегін қызметтер көрсетілетінін жеткізді.
Кеңеске қатысушылар талқылау барысында басқа елдердің тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан Республикасындағы мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдастықтардың үйлестірілген іс-қимылдары арқылы негізгі инфекциялық емес ауруларды профилактикалау мақсатында денсаулыққа әсерін тигізетін зиянды өнімдерді азайту бойынша қосымша шараларды енгізу мүмкіндігін пайдалану қажет деген пікірге келді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»