– Шахрат Шәкизатұлы, бүгінгі күні Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының даму қарқыны қандай межеде? Осы мәселеге тоқталып өтсеңіз. Сонымен қатар Елбасы сапары шеңберінде Қазақстан мен Қытай басшыларының күн тәртібінде қандай мәселелердің қамтылуы жоспарланып отыр?
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл жолғы Қытайға мемлекеттік сапары Бейжің қаласынан басталады. Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздері, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен, Бүкілқытайлық халықтар өкілдері жиналысының Тұрақты комитетінің Төрағасы Ли Чжаньшумен және Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі қытайлық ірі іскер тұлғалармен кездесулері жоспарланған.
Қазіргі таңда Қазақстан-Қытай қарым-қатынастары жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне өтіп, барлық салалардағы ынтымақтастықты қамтып отыр. Сонымен қатар екі мемлекеттің басшылары арасындағы өте тығыз жеке байланыс түрлі екіжақты ынтымақтастық мәселелерін және өзекті халықаралық және өңірлік проблемаларды талқылау мақсатындағы жоғары деңгейдегі жыл сайынғы кездесулерді ұдайы өткізу үрдісін жолға қоюға көмектеседі.
Менің пікірімше, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Жібек Жолының экономикалық белдеуін» құру туралы бастамасын 2013 жылы Қазақстанға сапарының барысында алғаш жариялауы және соңғы бес жылда біздің елімізге үш мәрте сапармен келуі – екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенінің айқын көрсеткіші.
Кейінгі бірнеше жылда энергетика, көлік, қаржы және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықта оң серпін байқалады. Соның ішінде, соңғы екі жылда арадағы сауда айналымы ілгерілеу жолына бет алды. Мысалы, өткен жылы екіжақты сауда айналымының көлемі 10,5 млрд АҚШ долларына жетіп, 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30%-дан артық өсті.
Елбасының Қытай еліне осы жолғы мемлекеттік сапарының өзара саяси диалогты одан әрі нығайту, өзекті халықаралық және өңірлік проблемалар бойынша пікір алмасу, сауда-экономикалық ынтымақтастыққа қарқын беру, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын «Жібек Жолының экономикалық белдеуі» бастамасымен ұштастыру, біздің еліміздің қаржы-инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту және транзиттік-көліктік әлеуетін арттыру тұрғысынан маңызы зор болады деп ойлаймын.
– Сіздің ойыңызша тараптар осы жолы қандай салаларда әріптестікті одан әрі нығайтуға күш-жігер салады?
– Біз 2017 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығын атап өттік. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты әрі қарқынды өзара іс-қимылды үлгі тұтарлық ынтымақтастық деп нық сеніммен айтуға болады. Қытай біздің стратегиялық әріптесіміз және негізгі шетелдік инвесторлардың бірі қатарында. Түрлі деңгейдегі тығыз саяси диалог, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, партияаралық және парламентаралық байланыстар өзара қатынастарды нығайтуға оң септігін тигізуде.
Өзара сауда айналымындағы байқалған оң серпінге қарамастан, біздің елдеріміздің арасында әлі де толық пайдаланылмаған әлеует бар. Әсіресе энергетика, көлік, мұнай-химия, қайта өндіру өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндеу, жаңа технологиялар және инвестициялар бағытындағы ынтымақтастықтың келешегі мол.
2017 жылғы мамырда Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» форумында сөйлеген сөзінде Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан өзінің транзиттік-көліктік әлеуетін арттыру бойынша әлемдегі «жеңімпаз» қатарынан табылатынын атап өтті. Сондықтан бізге Қытай іске асырып жатқан «Жібек Жолы экономикалық белдеуін» құру бастамасын ұтымды пайдалану қажет. Осы стратегиялық негізге сүйене отырып, екі ел арасында «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын «Жібек жолы экономикалық белдеуімен» ұштастыру туралы келісімге қол қойылған болатын. Қазақстан аумағында іске қосылған көлік дәліздерін толық пайдаланудың арқасында Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттарға – «Қытай – Еуропа – Қытай» бағыты бойынша контейнерлік тасымалдау көлемін 2020 жылы 2 миллионға дейін ұлғайтуға және транзиттік тасымалдан түсетін пайданы 5 миллиард АҚШ долларына жеткізу мүмкін болады.
Қытай нарығына мұнай, газ және уран сияқты шикізаттарды тасымалдаумен қатар, соңғы уақытта баламалы энергетика саласындағы ынтымақтастық та жандана бастағаны байқалады. Энергияны қалпына келтіру көздері мен күн панельдерін өндіру бағытында әлемдік көшбасшы саналатын Қытай аталған саладағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдіруде. Бұған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне және биылғы ХІ Астана экономикалық форумына өз салаларындағы ірі қытайлық компаниялардың қатысқаны да дәлел.
Сонымен қатар Қазақстан Қытай нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайту бойынша зор мүмкіндіктерге ие. Халық санының әрдайым көбеюі, орта таптың өсуі және экологиялық таза өнімге сұраныстың ұлғаюы біздің кәсіпкерлерге Қытайға бағдарланған өндірістік күштерді құру және оның белсенділігін арттыру үшін жақсы мүмкіндіктер береді. Осы мақсатта екі елдің арасында қазақстандық жылқы түлігі (асыл тұқымды жылқы), бал, ұсақ малдың мұздатылған еті үшін карантиндік талаптар бойынша, сондай-ақ бидай, бидай кебегі, майбұршақ және рапс үшін фитосанитарлық талаптарға сәйкес құжаттарға қол қойылған. Мемлекет басшысының алдағы сапарының барысында экспортталатын сиыр етіне және жоңышқаға қойылатын талаптарға қатысты құжаттарға қол қою жоспарлануда. Арпа, жүгері, шошқа еті, күріш, бұршақ, зығыр тұқымы, асқабақ, қарбыз және кәдіні экспорттау бойынша құжаттар келісілуде.
Биылғы жылғы қарашада Шанхай қаласында Қытай тарапының ұсынысы бойынша 1-ші халықаралық импорт көрмесі өтеді. Оған әлемнің жүзден астам елдерінен өнім өндірушілер қатысады деп күтілуде. Қазақстан да аталған көрмеге белсенді қатысуды жоспарлап отыр. Жақында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытай сапалы шетелдік өнімдердің жеткізілуіне өз есігін кеңінен ашуға ниетті екенін мәлімдеді. Сондықтан менің ойымша, бұл қазақстандық өндірушілердің қытайлық тұтынушыларға экспорттайтын органикалық және «жасыл» өнімдерінің көлемін ұлғайтуға ең жақсы мүмкіндік болмақшы.
Бұдан өзге, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын ескере отырып, Қытайдың интернет қызметін, электрондық коммерция, экономика салаларын цифрландыру, үлкен мәліметтерді дамыту және ғарыштық технологияларды дамыту салаларындағы тәжірибесін зерделеу пайдалы болар еді. Қытай соңғы жылдары осы салаларға қомақты қаржы салып, соның арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізді және әлемдегі көшбасшы мемлекеттер қатарына қосылуда.
– «Жібек Жолының экономикалық белдеуінің» негізгі бөлігінің бірі темір жол тасымалы екені мәлім. Екі мемлекеттің трансконтинентальды тасымалдау көлемін ұлғайту мәселесіндегі іс-қимылдары қаншалықты жүзеге асады?
– «Жібек Жолының экономикалық белдеуі» бастамасын, одан кейінгі аса ауқымды «Белдеу мен жол» стратегиясын іске асырудың бастапқы кезеңінен бастап Қазақстан қытайлық тараппен және басқа да серіктестерімен өзінің транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді пайдалану ісіне айтарлықтай күш салды.
Бірлесе қабылданған шаралардың нәтижесінде «Қытай – Еуропа – Қытай» бағыты бойынша Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдау көлемі 2015 жылдан бастап жыл сайын екі есе қарқынмен өсуде (2015 жылы – 47,4 мың ЖФЭ, 2016 жылы – 104,6 мың ЖФЭ, 2017 жылы – 201 мың ЖФЭ).
Соңғы жылдары қабылданған шаралардың қатарына, мысалы, «Үрімші (ҚХР) – Қазақстан – Ресей – Латвия – Роттердам (Нидерланды)», «Чанша (ҚХР) – Қазақстан – Түрікменстан – Тегеран (Иран)», «Лодзь (Польша) – Ресей – Қазақстан – Чэнду (КХР)» бағыттары бойынша жаңа контейнерлік пойыздардың іске қосылғанын атап өтуге болады. Сонымен бірге Қытайдағы әріптестермен бірлесіп Әзербайжан, Грузия, Түркия және басқа мүдделі елдермен жаңа «Транскаспийлік халықаралық көлік бағытын» ашу және ілгерілету бойынша бірқатар жұмыстар жасалды.
2018 жылғы 4 айдың ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалдау көлемі 3,92 миллион тоннаны құрады, бұл 2017 жылғы осындай кезеңдегі көрсеткішінен 33%-ға артық. Осы кезеңде «Достық-Алашанькоу» және «Алтынкөл-Қорғас» шекаралық өткелі арқылы «ҚХР-ЕО-ҚХР» торабымен 726 контейнерлік пойыз қатынасы ұйымдастырылды. 2017 жылы олардың саны 3 мыңнан асқан болатын.
Келешекте жаңа контейнерлік пойыздарды іске қосу, сонымен қатар қытайлық әріптестермен көлік және логистика саласындағы екіжақты байланыстарды нығайту есебінен құрылған барлық көліктік дәліздер бойынша Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау көлемінің одан әрі ұлғаюы күтілуде.
– 2017 жылғы маусымда Астанадағы ШЫҰ саммитінде Үндістан мен Пәкістан осы ұйымға толық құқықты мүше болды. Осы орайда келешекте ұйымның халықаралық қарым-қатынастардағы рөлі қандай болады деп ойлайсыз?
– 2017 жылғы маусымда Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы жаңа форматқа ауысу бағытына қадам жасады – ұйымға екі ірі және беделді ел – Үндістан мен Пәкістан кірді. Бұл ШЫҰ-ның жаңа тарихи кезеңге қадам басуының дәлелі. «Шанхай алтылығы» «Шанхай сегіздігіне» айналды. Көптеген елдердің ШЫҰ аясында қандай да бір мәртебеге ие болуға ықылас танытуы оның беделінің жоғары екенін көрсетеді. Сегізжақты өзара әрекеттесу форматы ШЫҰ-ның халықаралық істердегі рөлін көтеруге оң әсерін тигізеді.
17 жыл ішінде ШЫҰ өз қызметінде өңірдегі қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, мәдени-гуманитарлық өзара әрекеттесуді кеңейту және шарттық-құқықтық базаны құру жолында қыруар іс тындырды. Бүгінде өңірлік кешенді проблемаларды тиімді шешуге әлеуетті беделді және көпбейінді ұйымға айналды.
Ұйым түрлі халықаралық бірлестіктермен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жұмыстарды да жүйелі жүргізуде. Соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымымен өзара іс-қимылын ерекше атап өтуге болады. ШЫҰ 2004 жылдан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясының жанында бақылаушы мәртебесіне ие. 2010 жылы екі ұйымның хатшылықтары арасындағы ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойылды.
– Циндао қаласында өтетін самитке қатысты болжамыңыз қандай? Қандай уағдаластықтар жасалуы мүмкін?
– Ең алдымен, Циндао қаласындағы саммиттің ерекшелігі жиынның алғаш рет ұйымға мүше сегіз мемлекеттің қатысуымен өтуі екенін айта кетейік. 2017 жылы Астанада жаңа мүшелерді қабылдау туралы шешім «шанхайлық алтылық» форматында қабылданған болатын. Сондықтан бұл саммитке әлем назарын тігеді деп ойлаймын. Бұл тұрғыда әлемдік қоғамдастықты ШЫҰ-ның одан әрі қандай бағытта дамитыны қызықтыратыны сөзсіз.
Екіншіден, ШЫҰ-дағы Қытайдың ағымдағы белсенді төрағалығымен Циндао саммитінің қарсаңында дайындыққа барлық жағдай жасалып жатқанын атап өткен жөн. Бұл қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ практикалық және гуманитарлық ынтымақтастыққа тың серпін берері сөзсіз.
Үшіншіден, саммиттің мәні мен мазмұнының сапалы болуын қамтамасыз ету бағытында бірлескен үлкен жұмыстар жүргізілуде. Осының нәтижесінде қол қойылуы жоспарланған құжаттар топтамасы қомақты болмақ.
Төртіншіден, саммитке мүше мемлекеттерге және байқаушыларға, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшыларына ең өзекті деген халықаралық және өңірлік мәселелердің ағымдағы жағдайы мен келешегін талқылауға мүмкіндік береді. Бұл ШЫҰ кеңістігіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді деген сенімдеміз.
– Бір жыл бұрын елімізде Елбасының тапсырмасы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру басталды. Осы бағдарламада маңызды жобаның бірі ретінде жаһандық әлемде қазіргі заманғы қазақстандық мәдениетті ілгерілету мәселесі қамтылды. Бұл жұмыс қалай жүріп жатыр? Қытайда қазақстандық мәдениетке деген қызығушылық бар ма?
– Қазіргі таңда екі мемлекет халықтарының бір-бірін жақсырақ білуі үшін өзара мәдениетті, тілді, тарихты, өнерді кеңінен танытуға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізу керек екенін мойындау қажет. Ең жақын көрші екеніне қарамастан, Қытайда Қазақстан туралы жан-жақты ақпараттың аз екені әлі де сезіледі. Дегенмен, бұл бағытта алға жылжу бар. Менің пікірімше, бұл мәселені ілгерілетуге бірқатар қадамдар жасалды. Атап айтсақ, оның қатарында Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы «Жібек Жолындағы экономикалық белдеуді» құру бастамасын ілгерілету үшін Қазақстанды таңдауы, Қытайдағы ән байқауында Димаштың сәтті өнер көрсетуі және оның Қытай аудиториясына кеңінен танымал болуы, Қытайда туристер үшін Қазақстанды дәріптеу бойынша өткізіліп жатқан жүйелі жұмыс бар. Сонымен қатар ет, астық, ұн, бал және тағы басқа қазақстандық сапалы өнімдерге сұраныстың өсуі, Қытайдағы төрт үздік оқу орны – Бейжің, Шанхай, Далянь және Сиань шет тілдері университеттерінде Қазақстан орталықтары мен қазақ тілін оқыту кафедраларының ашылып, сәтті жұмыс істеп жатқаны да – Қазақстанның танымалдығын арттыратын мәселелер.
Қазіргі уақытта, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында Елшілік жоғары оқу орындарына арналған Қазақстан тарихы туралы оқулықты қытай тіліне аудару және басып шығару, қазақстандық көркем фильмдерінің дубляжын және көрсетілуін қамтамасыз ету, Қазақстан әртістерінің гастрольдерін ұйымдастыру, біздің еліміздің ішкі саяси жағдайын қытайлық әлеуметтік желілерде белсенді насихаттау бойынша жұмыстар атқаруда. Менің ойымша, бұл қадамдар Қытай қоғамына Қазақстанның мәдениеті мен тарихын жақынырақ танытуға көмектесуі тиіс. Соның нәтижесінде екі ел арасындағы достық пен тату көршілік нығая түседі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қамбар АХМЕТ,
«Егемен Қазақстан»