«Қолдайық, ауыл мектебін!» акциясы аясында ауыл мектептеріне Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі құрастырған 3D принтерлері сыйға берілді. Мерекелік керуен шалғайдағы білім ошақтарына 6 мыңға жуық кітап, 3 мыңға тарта бөлме гүлдері және спорттық ойындарға арналған құралдарды да сыйлады. Әртүрлі әдебиеттерді зияткерлік мектептің оқушылары мен ұстаздары оқу орнында дәстүрге айналған «Bookrossing» акциясы бойынша жинаған болатын. Ал сыныптарға ерекше сән берген өсімдіктерді зияткерлік мектептің оқушылары мектептің жылыжайларында өсірді. Сондай-ақ мектептердің дәліздеріне «Оқу. Іздену. Талаптану», жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы әдістемелік тақталар ілінді. Ауыл балаларын әсіресе «100 кітап» жобасы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына негізделген іс-шаралар ерекше қызықтырды.
Ең әуелі «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мен Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Жәкеновтің тартуын Ақмола облысындағы Қазқалашық ауылының мектебі иеленді. Қазқалашық оқушылары зияткерлік мектептердің он жылдығына орай «Black & Whitе» студиясы түсіріп жатқан «10 жылдық белестер» атты деректі фильмнің кейіпкерлері де болды. Ал Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қауымдастығы жуырда жарыққа шыққан «Бастау» атты оқушылардың шығармалар жинағын Жамбыл ауданының мектебіне табыстаса, Шымкент өңірінде аталған акция сенбіліктен басталды. Аймақтағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары мен оқушылары Төле би ауданындағы Тасарық ауылына екі күн бұрын арнайы келіп мектептің қабырғаларын безендірді. Мұндағы оқу орнының екінші қабатына қазақтың әйгілі ғұламалары әл-Фараби, Абай, Мұхтар Әуезов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсыновтың асыл сөздері жазылған туындылары ілініп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрышы және ақпараттық стенд орналасты.
– Әріптестерімізге еліміздегі жетекші мектептердің үздік оқытушылары мен дарынды шәкірттері арнайы келіп, бұрын болмаған мереке ұйымдастырды, – дейді Павлодар облысындағы Майқайың орта мектебінің директоры Самал Сақтасынқызы. Оның айтуынша, Баянауылда Назарбаев мектебінің күні өткізілетінін естіген өзге де серіктес мектептердің мұғалімдері аталған шараға арнайы келіп, тәжірибе алаңына қосылған екен.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқарма төрағасының орынбасары Назипа Аюбаева Жамбыл облысындағы Қостөбе орта мектебінде болды. Ол өз кездесуінде NIS Рrogramme оқыту бағдарламасының халықаралық деңгейде мойындалғанын растады. «Бес жыл бұрын жұмысымызды бастағанда көбі күдікпен қарады. Бүгін ұжымдық еңбектің жемісін көріп отырмыз. Өйткені барлық аймақта құрылған Назарбаев зияткерлік мектептері орта білім беру ұйымдарын жетелеп келеді», деді Назипа Алтынбекқызы.
Осы іспетті «Ойлау дизайны», үштілділік, «CLIL» әдісі, «STEAM-XXI ғасырға қажетті дағдыларды дамытудың жаңа жолы» негізінде оқушылардың зерттеушілік қабілетін арттыру бағытындағы сұрақтар Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы Родников орта мектебінде талқыға түсті. «Қолдайық, ауыл мектебін!» акциясы Атырау облысындағы Жанбай ауылының мәдениет үйінде қорытындыланды. Мұнда атыраулық балалар Әбіш Кекілбаевтың «Ақырғы аялдама» шығармасын сахналық драма және көлеңке театры арқылы ұсынды.
Акцияға Тұңғыш Президент кітапханасы қолдау көрсетті. «Абырой» ұлттық құндылықтарды дамыту қоры, белгілі медиаменеджер Бибігүл Жексенбай мыңдаған шығармаларды, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағының электронды нұсқасын сыйға тартты. Шалғайдағы мектептерге кең көлемді кітап қорын табыстауға «Деловой мир Астана» ЖШС ерекше қолдау білдірді. Ал «Қазцинк» металлургиялық компаниясының қаржылай қолдауымен 300-ге тарта футбол, баскетбол және волейбол доптары сатып алынды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»