Күнделікті мониторинг жүргізіліп, жағдай бақылауда. Өңірдегі барлық аудандық ауруханаларда жұқпалы ауруларға арналған орындар және білікті мамандар бар. Телемедицина, әуе авиациясы тәулік бойы жұмыс істейді. Облыстық жұқпалы ауруларға қарсы балалар ауруханасы 170 орынға есептелген. Қажеттілік туындаған жағдайда қосымша 30 пайызға арттыруға мүмкіндік бар. Жыл сайын облыс орталығындағы № 2 қалалық емханада қажылыққа баратын адамдарға ғана менингокок жұқпасына қарсы екпе салынады. Өткен жылы шамамен 20 шақты адам екпе алыпты.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ирина Сорокинаның айтуынша, облыста биылғы жылы қаңтар және мамыр айлары аралығында екі бала менингокок жұқпасына шалдыққан. Екеуі де стационарда ем қабылдап, толығымен аурудан айығып шыққан. Балалармен байланыста болған 208 адам тексеріліпті. Департаментке вакцина және ауруға қатысы 23 сұрақ түскен.
– Бүгінде вакцина бар. Бағасы – 21035 теңге. Сатып алу порталына өтініш берілді. Басқармада 66 24 99 телефон нөмірі бойынша сұрақтарға жауап беріледі,-дейді басқарма басшысының орынбасары Салтанат Төлегенова.
Яғни, менингокок жұқтырған науқастың дене қызуы 38,5 градустан көтеріліп, құсу,буындардың ауыруы, бөртпенің денесіне жайылуы байқалады.
- Осындай белгілер байқалғанда бірден дәрігерге жүгініп, жедел жәрдем шақыру керек. Күнделікті ағзаны нығайтып, шынықтыру қажет. Қайнатылған су ішіп, жемістер мен көкөністерді қайнап тұрған ыстық сумен жуу керек. Себебі, таяқшалар 56 Цельсий градуста ғана өледі. Жеке бастың гигиенасын сақтап, ашық су айдындары мен бассейнге суға түсуден бас тартқан жөн,-дейді Салтанат Төлегенова.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар