Жобаның мақсаты жайлы көпшілікті хабардар еткен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, алда келе жатқан елорда күні қарсаңында аса ауқымды мәдени шаралар жоспарланып жатқанын айта отырып, солардың ішінде маңыздысы бүгінгі көрме екенін жеткізді.
Үш кезекпен өткізілуі тиіс аталмыш мәдени жобаның бұл жолғы беташары ретінде – Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының және Қарағанды өңіріне қарасты «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музей жәдігерлері әкелініпті.
Осылардың ішінде қызылжарлықтар ұсынған «Ұлтын сүйген ұлы жүрек» атты көрме негізінен көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған екен. Яғни 90-ға жуық жәдігерлердің арасында, ақынның атасы Жұмабайдың құраны мен қажылық сапары кезінде қолданған жайнамазы, М.Жұмабаев ауданы Сарытомар ауылындағы музей қорынан алынған ақынның жары Зылиқа қолданған ыдыс-аяқ бұйымдар, інісі Сәлімжанның жарына Мағжанның өзі сыйлаған керлен кесе, сонымен қатар Ұлттық музей қорында тұрған ақынның портфелі қатарлы тарихи жәдігерлермен қатар, 1912 жылы Ташкентте жарық көрген М.Жұмабаевтың «Шолпан» атты туындысының көшірмесі мен 1923 жылы шыққан «Избранное» кітабы сияқты құнды дүниелерді көріп санамызды жаңғырттық.
Келесі көрме иесі ақмолалықтар шараға арнап 150 экспонат әкеліпті. Осының 50-шақтысы этногафиялық (құсбегі жабдығы, ат әбзелдері т.б.) бұйымдар екен. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Қуаныш Шақшақовтың мәліметіне сүйенсек, жоғарыдағы жәдігерлер өңірдегі барлық музей қорынан жиналған. Бұлардың арасында айрықша атап өтерлік дүние ақын-сазгер, бостандық күрескері Иманжүсіп Құтпанұлының бесатары. Бұл дүние қазір елорда іргесіндегі «Жібек жолы» ауылының тұрғыны Имекеңнің немересі Раушан Нұрқанқызының қолында тұр.
Сонымен қатар өңірге аты мәлім оқымысты-ағартушы Мұсабай Зілқараұлының шағатай тілінде жазылған кітабы, Рағбузидың өзбек тіліндегі «Хиссаул Әнбиясы», 1902 жылы Қазан қаласында жарық көрген діни сарынды «Хисаятул» жыр кітабы, әсіресе құнды мұра ретінде танымал Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» қолжазбасының тұпнұсқасы секілді көне жәдігерлер көрме сөресінен орын алыпты.
Үшінші көрме иесі ұлытаулықтар жергілікті фотограф Дмитрий Ругис түсірген һәм өңірдің көркем ландшафт табиғатын бейнелейтін 35 картинаны көзайым ретінде ұсыныпты.
Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиевтің айтуынша, өңірдегі құнды жәдігерлерді таныстыру ісі әлі жалғасады. Беташар ретінде ұсынылып отырған мұндағы үш облыс көрмесі 10 маусымға дейін тұрса, келесі көрме иесі керекуліктер ісін 16 маусымда бастап, 22 маусымда аяқтайды. Үшінші болып Шығыс Қазақстан және Алматы облысының музейлері 27 маусым – 7 шілде аралығында жәдігерлерін тамашалата алады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»