Аймақтар • 06 Маусым, 2018

Атырауда латын әліпбиіне көшуге арналған халықаралық конференция өтті

504 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

"Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру: жаһандану жағдайындағы мемлекеттік тілдің дамуы" тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Ресей елдерінен келген ғалымдар,  оқытушылар мен студенттер қатысты.

Атырауда латын әліпбиіне көшуге арналған халықаралық конференция өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Атырау облыстық әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған шараның мақсаты- қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесін талқылау,  жаһандану мен цифрландыру жағдайында мемлекеттік тілді дамыту.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитетінің  төрағасы Қуат Бораш атқарылып жатқан шаралар жайында баяндама жасады.

-Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі жасалды. Енді 2025  жылға дейін кезең кезеңмен көшу жоспарланып отыр. Маусым айының соңында алфавиттің тұжырымдамасын бекітіп, қыркүйекте Ұлттық комиссияға ұсынамыз. Содан кейін латын қарпіне оқу-әдістемелік жағынан көшу басталады-деді Қуат Бораш.

Конференцияға қатысқан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев филологтар мен тіл мамандарының алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

-Латын  қарпіне көшу әрқайсымыз үшін маңызды,   бұл тарихи оқиға. Бүгінгі шара ғалымдардың пікір алмасуларына, осы тақырып бойынша теориялық,  тәжірибелік мәселелерді шешуге бағытталған. Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілімізге де оң ықпал етеді, қазақ тілінің дамуына септігін тигізеді, оны заманауи ғылым мен техниканың тіліне айналдырады. Конференцияда талқыланған маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдер тиімді боларына сенім білдіремін, -деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.