Сарапшылардың пікірінше, «Су» санатындағы ең жақсы брендтер: 20 жыл бойы осы әлемдік сараптамаға қатысып келе жатқан Жапония, екінші рет сапа сынағында бағы жанған Қазақстан мен алғаш рет өзін көрсеткен Аргентина мемлекеттері болып отыр.
2018 жылы сараптамадан әлемнің 92 елінен 1000-нан астам өндірістік компанияларының 2 820 өнімі өткен. Monde Selection ресми марапаттау рәсімін жыл сайын әртүрлі елдерде өткізеді. Биылғы жылы Валенсияда (Испания) өтті.
Табиғи суды сараптамада ұсынған, қазақстандық «AsiaWaters» компаниясының қадағалау кеңесінің мүшесі, Шалқар Нұртілеуов: «Жапондық өнімдермен бәсекелесде батыл болу үшін өз өнімдеріңіздің сапасына сенімді болуыңыз керек. Себебі Monde Selection сараптамасының негізгі сарапшылары – Мишлен жұлдыздарын иеленген аспаздар болып табылады. Ал өздеріңіз білетіндей, Мишленнің үш жұлдызын иеленген әлемдегі ең көп мейрамханалар Жапонияда орналасқан. Яғни олар бірінші орында тұр. Мен жапондық әріптестерімнен жыл сайын осы емтиханға не себепті қатысатындарын сұрадым және бұл сараптама оларға сапаның жоғары дәрежесін ұстап тұруға көмектесетіндігін айтты» дейді.
Monde Selection сараптамасы 1961 жылдан бері жұмыс істейді. Оған қатысу жалпы дерлік тегін, тек егер өнім жетістікке иеленетін болса ресми марапаттау рәсіміне қатысу үшін ақы төлеу қажет болады. Сараптаманың дәл осы жері сарапшыларға қажетті объективтілік пен әлемдік беделді ұстап тұруға мүмкіндік береді. «МИШЛЕН» жұлдыздары бар танымал аспазшыларды, кәсіби диетологтар мен сомельелерді қоса алғанда, түрлі салалардың 80-нен астам тәуелсіз сарапшылары жыл сайын әртүрлі көрсеткіштер бойынша әлемнің 3 мыңға жуық брендтерін бағалайды. Соның ішінде, «су» санаты барлық 80 көрсеткіштер шкаласы бойынша бағаланады.
«Monde Selection» алтын марапатын Бурабай шипажайының жер асты кен орындарынан алынатын TURAN және QULAGER-BURABAY табиғи минералды сулары алып отыр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ