Қазақстан • 07 Маусым, 2018

Астанада Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 31-ші пленарлық отырысы өтті

337 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен отырыста цифрлы трансформация, жаңа технологияларды қолдану және экономиканың одан әрі даму перспективалары жөніндегі мәселелер талқыланды.

Астанада Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 31-ші пленарлық отырысы өтті

Осымен 31-ші мәрте өткізіліп отыр­ған кеңестің биылғы отырысы Аста­на­ның 20 жылдық мерейтойы қарсаңы­на сәйкес келді. Оған кеңеске мүше ірі транс­ұлттық компаниялар мен халық­аралық ұйым­дардың басшылары қатыс­ты. Кеңес отырысының биылғы тақыры­бы «Жедел­детілген жаңғырту» деп аталды.

Отырысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып берді. Қазақстан Пре­зи­­денті алдымен әдеттегі тәртіппен ке­ңес­­тің жаңа мүшелерін таныстырды. «Жұ­мыс­қа кіріспес бұрын мен сіздерге ке­ңес­­тің жаңа мүшелерін таныс­тырып өте­йін. Олар – «Эксон мобил продакшн» ком­па­­ния­­сының пре­зи­денті Нил Даффин, Еур­а­зия даму банкінің басқарма төрағасы Анд­­рей Бельянинов, «Philip Morris International» (PMI) компаниясының Шы­ғыс Еуропа бойынша президенті Марко Ма­­риот­ти, «Мару­бени корпорейшн» ком­­­па­­­ния­сы төр­­аға­сының орынбасары Ши­ге­руа Ямазуя. Кеңестің мүшелігіне соны­­­мен қатар Қазақстан тарапынан «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абы­­лай Мыр­зах­метов енді. Сонымен бір­ге ке­ңес­ке мү­шелікке ену туралы өзге де өті­­нім­­дер бар. Олардың бәрі де біз бе­кіт­кен тәртіп бойынша қаралады», деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда бүкіл әлем цифрландыру дәуіріне, Төртін­ші өнер­кәсіп­тік революцияға қадам бас­қанына, жаһан­да терең техно­логия­лық өзгерістер болып жатқа­нына тоқтал­ды. «Міне, дәл осы мәселе біз­дің бүгінгі оты­рыстың тақыры­бын айқын­дап берді. Осы бағытта біршама бағдар­ламаларды жүзеге асырып жатырмыз», деді Н.Назарбаев.

Елбасы алғысөзінде кеңестің 31-ші отырысына келген инвесторларға алғыс айтты. Тәуел­сіздік алғанға дейін ел басына түс­кен түрлі дағдарыстар­дың салқыны егемен­діктің алғашқы жыл­дарында да оңай соқпағаны белгілі. Осы сәттегі шет­елдік достардың ықпалы зор болды деп есептейді Елбасы. «Қазақ­стан дамып келеді және біз жаңа бағ­дар­ламаларымызды жүзеге асырып жатырмыз. Үлкен жұмыс атқардық, сол үшін барлығыңызға рахмет. Қиын жылдары сіздер бізге жол көрсеттіңіздер. Сіздердің тәжірибелеріңіз бізге үлкен қызмет етті. Бұл кеңес – ел экономикасындағы ең өзекті мәселелерді талқылауға арналған алаң. Кеңес мүшелері – әлемдегі алпауыт компаниялар өкілдері жұмысымызға, бизнес климатқа, жалпы экономикамызды дамытуға үлесін қосып келеді. Серіктестеріміздің бәріне алғысымды білдіремін», деді Елбасы.

Кеңес отырысының күн тәртібін­де негізінен үш мәселе қаралды. Ең алдымен, кеңестің 30-шы жалпы отырысындағы хаттамалық міндеттердің атқарылуы туралы есеп тыңдалды. Екінші, шетелдік тараптың инвестициялық саясат, энергетика, экология және мұнай-газ саласы, еңбек заңнамасы, адам капиталын дамыту мен шетелдік жұмыс күшін тарту туралы кеңесі айтылды. Соны­мен бірге отырыстың негізгі көтер­е­тін тақырыбы – жеделдетілген жаң­ғыр­ту жайы талқыланды. Жиын соңын­да Ел­басы қорытынды сөз сөйлеп, түйіндеді.

Мемлекет басшысы басқосуда сөйлеген сөзінде Шетелдік инвесторлар кеңесінің Қазақстандағы бизнес ахуалын жақсартуға және ұлттық экономиканы қолдауға бағытталған жұмыс­тарының нәтижелеріне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев Шетел инвесторлары кеңесінің пленарлық отырысына қатысушылардың баяндамаларын тыңдаған соң, Қазақстанның жаһандық сын-қатерлер жағдайында ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін атқарып жатқан шаралары жөнінде айтты.

Бүгінде біз қарқынды жаһандық өзге­рістердің куәсі болып, осыған бай­ла­нысты қиындықтарды бастан өткеріп отырмыз. Оларды еңсеру үшін мен былтыр Үшінші жаңғыру мін­детін қой­дым. Макроэкономикалық тұрақт­ы­лық қамтамасыз етіліп, бизнес ахуалы жақ­сарып келеді, деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев елдің одан әрі жаңғыруы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін  атқарылатын жұмыстың бірнеше бағытын атап көрсетті.

Біріншіден, реттеуші ортаны жақсар­ту керек. Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану туралы кодекс, Салық және Кеден кодекстері сияқты жаңа құжат­тар күшіне енді. Кәсіпкерлікті рет­теу мәселелері жөніндегі заңна­малық түзету­лер топтамасы қабыл­данды. Барлық бағыттар бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары енгізілуде, деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқару ісінің сапасына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. 

Екіншісі  – экономиканы диверсификациялау және жаңа технологияларды енгізу. Еліміз бойынша индустрияландыру аясында 1200-ден астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. Инвестициялық және экспорттық стратегиялар жүзеге асырылуда, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы трансұлттық корпорациялармен бірге ірі жобаларды жүзеге асырудың, аграрлық ғылымды дамытудың, техно­логия­лар трансфертінің және құрылыс са­ласының жоға­ры қарқынын қол­даудың маңыздылығын айтты.

Қазақстан Президенті үшін­ші басым бағыт ретінде инфра­құрылымды жаңғырту қажеттігін атап өтті.  

Біз Еуразиялық мульти­модальді көлік-транзит хабын қалыптас­тырудамыз. Жүзеге асыры­лып жатқан «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдар­ламасы еуразиялық интеграцияны күшейтуге және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштасу мақсатына бағытталған. 5 шілдеде «Астана» халықара­лық қаржы орталығының таныстырылым рәсімі болады. Бұл орталық Қазақстанның қар­жы инфрақұрылымының өзегіне және бүкіл Орталық Азия өңірінің хабына айналуға тиіс, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ел көле­міндегі және өңірлердегі экономика салаларын цифрландыру үдерісіне кеңінен тоқталды.

Төртінші. Бұл – цифрландыру. Біз «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық. Цифр­лық технологияны агро-өнер­кәсіп кешеніне, көлік және басқа да негізгі салалардағы кә­сіп­орын­дарымызға енгізу қажет, деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев адами капиталды одан әрі дамыту қажеттігі және білім беру жүйесін тран­сфор­мация­лау­дың маңыздылығы жөнінде айтты. 

Бесінші. Бұл – адами капи­талды дамыту. Білім беру жүйесі экономиканы жаңғырту мен цифрландыру арқылы транс­форма­циялануы қажет. Осыған орай «Адами капиталды дамыту» мәселесін келесі оты­рысымыздың тақырыбы етіп алуды ұсынамын, деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев осылайша кеңестің келесі оты­рысының тақырыбы мен мер­зімін де белгілеп берді.

«Келесі отырысты адами капиталды дамыту мәселесіне арнау қажет. Оны 2019 жылы 6 маусым күні Астанада өткізуді ұсынамын», деді Елбасы.

Елбасы сөзінің соңында Қазақ­­стан экономикасын жаң­ғыр­ту үшін бірлесе тиімді жұмыс жүргізудің маңызды екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Үкі­метке Шетел инвесторлары кеңе­сіндегі жұмыс топтары­ның оты­рысында және бүгінгі басқосу барысында айтылған ұсыныстардың бәрін ескеріп, қарастыруды тапсырды.

Жиында Шетел инвесторлары кеңесінің өткен жылғы пленарлық отырыстарында жүк­телген тапсырмалардың қоры­тын­дысын Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Бұл ретте министр Үкі­метке жаңа энергетика мәсе­лесі бойынша 15 нақты тапсырма берілгенін атап өтті.

Біріншіден, 2017 жылғы 11 шілде күні электр энергетикасы мәселелері бойынша заң қабылданды. Аталған құжатта өндірістік компанияларға баламалы энергия нысандарын салуға рұқсат берілді. Өз кезегінде мемлекет энергияны сатып алады. Аталған жобалар бойынша биыл алғаш рет халықаралық аукциондар өткізіліп отыр. Қазірдің өзінде республика бойынша баламалы энергия өндіретін ондаған жобалар қолға алынды. Шетелдік инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылық бар, деді Ж.Қасымбек. Бұл бағытта атқарылыған жұмыс­тар­дың бірі − ЭКСПО аймағын­да «жасыл» технологиялар және инвестиция­лар орталығы ашылды. Аталған орталық «жасыл» технологияларды қаржы­ландыруға бағытталып отыр. Сонымен қатар шетелден жұмыс күшін тарту ережелерін жетіл­діруге қатысты нақты шаралар әзірленіп, қоршаған ортаны қорғау нормалары да қайта қаралған. Мұның барлығы Эко­логиялық кодекс пен көші-қон­ның жаңа заңнамасында ескеріл­ген. Бүгінде күні валюталық рет­теу және салық саласына қа­тыс­­ты кеңестер пысықталу үстінде.

Шетелдік инвесторлардың қызығу­шылығын арттыру мақ­сатында инвестициялық климатты жақсарту, оның ішінде әділ сот жүйесін қалыптастыру мемлекет алға қойған міндеттерінің бірі. «Астана» халықаралық қаржы орталығында ағыл­шын құқығы бойынша жұмыс істейтін судьялардың тәжірбиесі елдегі сот жүйесінің жандануына үлгі болары анық. Осы ретте Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов қазақстандық соттар тектоникалық өзгерістер алдында тұрғандығына тоқталды.

Сотына сенім болмаған жерге ешкім де инвестиция сал­майды. Біздің соттардың мінсіз емес­тігін мойындаймыз. Соттар­дың тәуелді екені туралы, жем­қор­лыққа орын берілетіні жайын­да пайымдар бар. Мұндай мәселе экономикасы дамып келе жатқан барлық мемлекетте де бар. Сот жүйесіндегі біздің елдің ерекшелігі – Прези­дент инвестициялық әділ сотты енгізді. Оның маңыздылығы, пікір­таластар тек елордада шеші­леді. Шығын аз, шешімдер тез ат­қарылады. Ең бастысы, аймақтық билік­тердің араласуына жол беріл­мейді, деді Ж.Асанов. Биыл­ қарал­ған 40 істің 74 па­йызы инвестор­лар­дың шағы­мы екендігі анық­талып отыр. Олардың 38 пайызы оң шешім тауып, одан инвес­тор­ларға 62 млн АҚШ доллары көлемінде  пайда келтірген.

Біз сот әрдайым мемлекетті қолдайды деген таптаурын түсі­нікті жоққа шығарамыз. Мем­лекет­тік органдар өздерінің қате­лік­терін соттардың қолымен шешпеуі керек. Міне, сондықтан біз бүгін не атқарып жатырмыз? Бірін­шіден, әлемдік тәжірибеде даудың 25 пайызы өзара келі­сім­мен шешіледі. Біз де осы ретте ме­диацияны енгізіп отырмыз. Екі­ншіден, ЕАЭО-да инвест-дау­ларға қатысты істерде ұлттық сот­тардың рөлі артып келеді. Бұл ба­ғытта Қазақсанда да бірқатар жұ­мыстар атқарылып отыр. Халық­аралық кеңестің, АХҚО сотының ең үздік тәжірибелерін өзімізге сіңіріп, халықаралық қағи­даттар мен стандарттарды енгізу­деміз, деді Жоғарғы сот төрағасы.

Мемлекеттік бағдарлама­лар­ды жүзеге асыру негізінде елдегі соттардың жоғары кәсі­билігі артып отыр. Ол үшін судьялар ішінде іріктеу жүргізу қолға алынған. Тәуелсіздік пен ақпарат ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында талқы тек сот залдарында өтіп, онда 100 па­йыз аудио және бейнежазу құрал­дары орнатылған. Барлық сот процестерін соттың сайты­нан көруге болады. Бұған қоса, сот­тарды басы артық қағаздан, процедуралардан босатып, соттың экожүйесін жақсарту бағы­тында жұмыстар жүргізіліп жат­қандығы да айтылды.

Пленарлық отырыс барысында шетелдік компаниялар өз ұсыныстарын жариялап, Пре­зидент Н. Назарбаевтың тұрақты қолдауы мен көрсеткен сенім­іне ризашылықтарын білді­рді. Мә­с­елен, «Шетел инвестор­лар­ының қазақстандық кеңесі» қауым­дастығының басшысы Агрис Прейманистің айтуынша, көтерілген тақырыптар негізінде бір­неше жұмыс тобы құры­лып, әр­­бі­реуі өз ұсыныстарын әзірлеген.

Біріншіден, адами капиталды әлі де жақсарту қажет. Әсіресе, қазіргі озық технологияларды ескере отырып, маман даяр­лау мәселесіне баса назар аудар­ған жөн. Себебі сапалы жұмыс күші әлі де жетіспей жатыр. Ондай проблемаға шетел­дік ин­ве­сторлар ғана емес, жергі­лікті ком­паниялар да тап болуда. Дәл осы мәселе бизнесті дамы­туға қолбайлау болып отыр. Екін­шіден, жаңа Экологиялық кодексті бірлесіп әзірлеу керек. Бүгінде Қазақстан қоршаған орта­ны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Алайда норматив­тік актілерді әзірлегенде қазақ­стан­дық өндірістің жаһан­дық бәсекелестігін де ескеру керек. Соның нәтижесінде эконо­микалық өсім де болады. Біздің­ше, айыппұлдарды салған кезде нақты дәлелдер болуы қажет. Сосын экономикалық залалды жанама бағалауды алып тастаған дұрыс, деді А. Прейманис.

Жиында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов биылғы ішкі жалпы өнімнің өсімі бойынша өзінің болжамымен бөлісті. Оның айтуынша, 2017 жылы ІЖӨ өсімі 4 пайызды құраған. Биыл да өсім көрсеткіші осы мөлшерде сақталады деген болжам бар. Инфляцияның деңгейі 6,2 пайыз болады деп күтілуде. Жұ­мыссыздық деңгейі төмен қалып­та − 4,9 пайыздық деңгейде қалады.

Экономика құрылы­мын­дағы сапа­лы өзгерістерге келе­тін болсақ, 2010-2017 жылд­ар аралығында әлемдік техно­логиялық тәртіптің ауысымына байланысты біздің ІЖӨ құры­лымында қызметтердің салыс­тырмалы салмағы 52-ден 58 пайызға артты. Бағалық факторлар бойынша жағдай жайлы, кен өнеркәсібінің үлесі ІЖӨ-де 19-дан 13 пайызға төмендеді. Біздің елдің сыртқы факторлар мен шикізаттық секторға тәуелділігі төмендеп келе жатқанын осыдан-ақ көруге болады. Сонымен бірге біздегі әртараптандырудың негізгі драйверлері − өңдеу өнеркәсібі – 11, ауыл шаруашылығы 5 пайызды құрап отыр, деді Т.Сүлейменов. Министр сонымен қатар жаңа экономикалық модельге көшуге мүмкіндік беретін бес қағидатты атады. Жаңа экономикалық модель − өнімділікке күнделікті маңыз беру және сапа, адамдар­дың, кәсіпорындар мен сала­лардың технологияларға бет бұруы, бәсекеге қабілеттілік және ай­мақ­тық дамуды талап етеді.

Шетел инвесторлары кеңесі­нің 31-ші пленарлық отыры­сын­да сонымен қатар «ЛУКОЙЛ» компаниясының президенті Вагит Алекперов, «Royal Dutch Shell plc» компаниясы­ның бас атқарушы директоры Бен Ван Берден, «Эксон Мобил Продакшн Компани» компа­ния­сының президенті Нил Даффин, «Полиметалл УК» АҚ компаниясының президенті Игорь Финогенов, «Тоталь Разведка и Добыча» компаниясының Оңтүстік Еуропа және Каспий жаға­л­ауы елдері бойынша вице-президенті Бернар Клеман, «Шеврон» корпорациясының ат­қару­шы вице-президенті Джей Джонсон, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов, «General Electric» компаниясының «Бейкер Хьюз» тобының прези­денті және бас атқарушы директоры Лоренцо Симонелли, ERG менеджерлері кеңесінің төрағасы Александр Машкевич және т.б сөз сөйледі. Шетелдік ин­вес­торлар Қазақстанда іске асқан жобалардың жемісті болуы ең алдымен Мемлекет бас­шысының тұрақты қолдауы мен артқан сенімінің арқасы екенін айтып, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс атқаруға ниетті екендіктерін жеткізді. Шетел инвесторлары кеңесі құрылғаннан бері Мемле­кет басшысының төрағалығы­мен 30-ға жуық пленарлық отырыс өтіп, онда елдегі шетелдік ин­вес­тициялардың құқықтық режімі мен Қазақстанның сот жүйесін жетілдіру, салық жүйесін оңтайландыру және шетелдік жұмыс күшін тарту, Қазақстанның инвестициялық имиджін жақсарту, болашақтың энергиясы, сондай-ақ бірқатар басқа да кең ауқымды мәселелер оң шешім табуда. Бүгінде аталған кеңестің құрамына 35 ірі трансұлттық компания мен халықаралық ұйым кіреді.

Шетел инвесторлары кеңесі­нің 31-ші отырысы аясында Еуропа қайта құру және даму банкі Қарағанды облысындағы күн электр стансасының құры­лысын қаржыландыруға бай­ла­нысты тиісті келісімшартқа қол қойды. Жалпы көлемі 31,1 млн долларды құрайтын жоба­ның басым бөлігін, яғни 22 миллион долларды банк, ал, жасыл климат қоры − 4,2 миллион доллар, «жасыл» технологиялар қоры − 5,8 миллион доллар бөліп отыр. Аталған ұйымдар Қазақ­стандағы күн электр стан­са­сының құрылысын алғаш рет қар­жыландырмақшы. Ал жоба құрылысымен және оны пайда­лануға берумен қытайлық «Risen Energy» компаниясы айналыспақ. «Жасыл» энергетиканы дамыту тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстанда 2020 жылға дейін баламалы энергетиканың үлесін 3 пайызға дейін, ал 2030 жылда 10 пайызға арттыру көзделген. Бекітілген жоспарды орындау мақсатында Еуропа қайта құру және даму банкі сияқты қаржы иснституттарымен бірлесе жұмыс жасаудың маңызы зор. Айта кетерлігі, Шетел инвес­торлары кеңесі құрылған 1998 жылдан бастап Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 7 млрд доллардан асып отыр. Алдағы уақытта да бұл саланы ел экономикасын да­мы­ту­дағы басым бағыттардың бірі ретін­де дамыту Мемлекет басшысының назарында болмақ.

Динара БІТІК,

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»