Қазақстан • 07 Маусым, 2018

Ауыл шаруашылығын цифрландыру – заман талабы

3267 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Экономиканың тірегі саналатын агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру арқылы ел табысын еселей түсу – маңызды міндет. Себебі бүгінде көптеген дамыған елдер бұл салада әлдеқайда алға озып, цифрлы технологияның игілігін барынша көріп отыр.

Ауыл шаруашылығын цифрландыру – заман талабы

Бірақ біздің елде бұл саланы цифрландыру әлі де кемшін. Әсіресе ен байлығымыз – ауылшаруашылық жерлерін өз деңгейінде игере алмай отырғанымыз рас. Сондықтан бұл бағытқа барынша көңіл бөліп, арнайы цифрландыру бағдарламасын қабылдаудың мәні зор.

Шетелдік тәжірибе қажет

Шыны керек, бүгінде дамыған елдерде әлдеқашан қолға алынып, мойын­дал­ған сан-салалы жетістіктерді елімізге енді-енді ғана енгізіп жатырмыз. Себебі цифр­ландыру – еліміз үшін үлкен жаңа­лық. Оған соңғы 2-3 жылдың айналасында ғана дендеп кірістік. Сондықтан цифрландыру жұмыстарында шетелдік мамандардың тәжірибесін қолдануға мүдделіміз. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бағытында әлем елдерінің ішінде озығы саналатын Германиямен бірлескен жобалардың жөні бөлек.

Жақында Астанада ауыл шаруа­шы­лығын цифрландыру тақырыбында өткен алқалы жиынның маңызы да осы ойымызды дәлел­деді. С.Сейфул­лин атындағы Қа­­з­ақ агро­техникалық университетінде өт­кен форумға Гер­ма­нияның азық-түлік жә­не ауыл­ша­руашылық министрлігі, Қазақ­станның Германиядағы елшілігі, және «Германия-Қазақстан аграрлық-саясат диалогы» жобасы қолдау білдірген екен. Шараға Парламент Сенатының Аграр­лық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды да­мы­ту комитетінің төрағасы Ж.Нұр­ға­лиев, Ауыл шаруашылығы бірін­ші вице-министрі А.Евниев, С.Сейфул­лин атындағы ҚазАТУ ректоры А.Күріш­ба­ев, ADA жобасының же­тек­ші­сі Р.Дитхард, Қазақстанның Герма­ния­дағы елшісі Б.Нүсіпов, Германияның Қа­зақ­стандағы елшісінің бірінші орынба­сары Д.Вайнберг, сондай-ақ отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы са­ла­сының 100-ден астам ғалымы мен маманы қатысты. Алғаш рет өткізілген «Германия-Қазақстан» бірлескен аграр­лық форумында саланы цифрлы жүйеге көші­рудің сан-салалы мәселелері тал­қыланды.

«Қазіргі таңда әлемнің жетекші ғы­лы­ми орталықтарымен тығыз қа­рым-қатынас орнатып, цифрлан­ды­­­ру саласындағы озық білім мен ғы­лымның үлгісін іздестіру жұ­мыс­­та­ры жүргізілуде. Сонымен қатар тұ­ты­ну­шы­ларға ұсынылатын талда­ма­лық материалдардың дәлдігін арттыру, оқиғалар мен өнімділікті болжау үшін ғарыштық мониторингтің әдіс-
н­а­ма­сын жетілдіру қажет. Осы тұрғыда да­мы­ған елдердің, бірінші кезекте неміс әріптестеріміздің тәжірибесі өте ма­ңыз­ды», дейді А.Күрішбаев. Иә, бұл шара­ның аталған университет алаңында өтуі­нің де себебі бар, аталған ЖОО қа­зіргі күні ауыл шаруашылығы сала­сын цифрландырудың еліміздегі біре­гей орталығы саналады. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Астана­да­ғы бұл университетке саланы ци­фр­ландыру тәжірибелерін жүзеге асы­руды жүктеген болатын. Бүгінде минис­тр­лік­тің қолдауымен көптеген жо­ба қолға алынған. Ал оның біраз бө­лігі осы неміс ма­ман­дарымен бір­ле­сіп жасалып отыр.

Германияның ауыл шаруашылығы саласы әлдеқашан жетіліп, дамуға бет бұрған өзге елдерге үлгі болуға айнал­ғанын мойындауға тиіспіз. Сон­дықтан да біз бүгінде дәл егін­шілік жүйесін енгізуді неміс ғалымдарымен бірлесе қолға алып, жүзеге асырудамыз. Дәл егіншілік жүйесімен, оның технологиясын дұрыс пайдалану арқылы, бірін­­шіден, тыңайтқыштарды үнем­десек, екіншіден, тұқымдықты, жанар-жа­ғар­­майды және еңбек күшін азайта­мыз. Соның есебінен топырақтың құ­нарлылығы артып, өнім еселенеді, дей­ді мамандар. Айтқандай, еліміз дәл егін­шілік арқылы тиімділікті арттырып, шы­ғын көлемін 25 пайыз­ға азайтуды көз­дейді. Соның нәти­же­сінде, 2025 жыл­ға қарай саланың экономикалық тиімділігі 40 млрд теңгені құрамақ.

­

«Көштен» қалмауға тиіспіз

Қазіргі таңда ел экономикасының аграр­лық секторы дамыған елдерден әлде­қайда артта қалғаны жасырын емес. Мә­селен, дерекке сүйен­сек, табиғи-кли­ма­т­тық жағдайы Сол­түстік Қазақстан өңі­рінен де қатал болып табылатын Аустралияда астық дақылдарының өнім­ділігі біз­ге қарағанда 2 есе жоғары. Ал таби­ғи-климаттық жағдайы бізбен ұқсас ке­летін Канадада өсімдік шаруа­шы­лы­ғының өнімділігі 14 есе артық. Жер көлемі Қазақстаннан 66 есе кіші Голландияда ауылшаруашылық өнім­де­рі­нің әр жыл сайынғы экспорты 100 млрд АҚШ долларын құрайды немесе біз­ден 50 есе көп екен. Ал біздің елде егіс­тік жерлердің 93%-ы ауа райына тәуелді аймақтарда орналасқан, яғни егін­шіліктің өнімділігі толықтай жау­ын-шашынның көлеміне тікелей бай­ланысты.

Сондықтан да ғылыми тәсіл­дерге жүгінбесек, заманауи аг­ро­технологияларды қолданбасақ, әлем­дік дамудың көшіне ілесе алмай қалуымыз әбден мүмкін. Осыны ес­керген еліміз қазіргі таңда бірінші кезекте агроөнеркәсіп кешенін мем­ле­кет­тік реттеу жүйесін цифрландыруды көздеп отыр. Одан соң салаға жаңа технология тартып, қайта жарақтандыру мақсатында жұмыс атқарылады. Ми­нис­трлік басымдық беріп отырған екі бағыттың алғашқысында АӨК субъ­е­ктілерін қар­жыландырудың қол­же­тім­ділігі, өткізу нарығын және экс­по­рт­ты дамыту, мемлекеттік бақы­лау мен қадағалаудың тиімділігі, су және био­­ресурстарды тиімді бас­қару ба­ғы­тын­да қызметтер атқа­­рылып жа­тыр.

Осы­лайша, агроөнеркәсіп ке­шеніне қаты­сты мемлекеттік қыз­мет көрсетудің 101 түрі түгел авто­­мат­тандырылмақ. Одан бө­лек,­ ауыл­шаруашылық өнім­де­рін қа­да­ғалау жүйесін енгізу де жос­пар­ланған. Сондай-ақ саладағы кон­курстық рәсімдердің барлығы элек­трон­ды форматқа көшуде. Эле­ва­тор­лар­дағы орындарды, ондағы ас­тық кө­лемін де электронды түрде ба­қы­­лап отыруға болады. Түрлі құ­жат­тар да электронды түрде толты­рылады. Ауылшаруашылық тех­ни­­каларының да электронды есебі жа­салады. Қысқасы, министрліктің сала­ны цифрландыруға бағытталған жұ­мыстарының бірінші бөлігі көбіне мем­лекеттік қызмет пен есеп-қисап, электронды сауда бағытында болып отыр. Ал екінші бағыт тікелей агро­өнеркәсіп кешеніне цифрлы тех­нологияларды тарту мақсатын көз­дейді.

Бұл жоспардың жүйелілігін неміс ғалымдары да құптап отыр. Мәселен, Германияның азық-түлік және ауыл­ша­руашылық министрлігінің цифрлы жүйеге көшіру бөлімінің жетек­шісі, док­тор Бернхард Қазақ­стан­ға алдымен «түгендеу» жұмыс­та­рын жүргізуді ұсы­нады. Ол де­ге­німіз, бірінші кезек­те ресурстың элек­тронды базасын жа­сау деген сөз, бұл ретте, әсіресе ауыл­шаруашылық жерлерінің әрбір гектары, метр-сантиметріне дейінгі толық мәліметті анықтау, себебі жерді игеру үшін бұл аса маңызды мәселе. Ал оны осы цифрландыру жағдайында жеңіл жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ DLG қауымдастығының Шығыс Еуропа бойынша аймақтық директоры Ольга Хунгердің айтуынша, әр елдің ауылшаруашылық кешеніне әрқалай тәсілдер қолда­ны­луы тиіс. Мәселен, Германия мен Қазақ­стан­ның топырақ құрамы жер мен көк­тей, сондықтан ондағы мәсе­лен­ің де айырмасы зор. Тіпті кли­мат­тың өзі тех­нологиялардың әр елдің өзіне сай бей­імделуін қажет ете­ді. Бұл тұрғыда цифр­лы техноло­гияны енгізуде зерделі зерт­теулер, арнайы сынақ алаңдары болуы керек. Осы орайда Германия мен Қазақ­стан универ­ситеттерінің бірлескен жо­ба­­ларының маңызы зор, дейді доктор Хунгер.

 

Межелі міндетке жету жолы қандай?

Жалпы, Қазақстанның ең үлкен бай­лығы – ауылшаруашылық жер­лері. Сол жерді тиімді игеріп, дұ­рыс қолданудың бірден-бір жолы оны ғарыштық басқару. Иә, осыдан 2-3 жыл бұрын Жер кодексі тал­қы­лан­ған­да жер мәселесі үлкен резона­нс тудыруының бір себебі де осы бақылаудың кемшіндігінен еді. Яғни жер қалай игеріліп жатқанын ша­руалар толық білмеді. Ал оны ға­рыштық технологиямен мониторинг арқылы бақылау мүмкіндігі бар, дамыған елдер соны пайдаланып отыр. Ғалымдар дабыл қағатын тағы бір жайт – Қазақстанның ауыл­шаруашылық дақылдарының өнім­ділігі бүгінде өзіндік қуатымен са­лыс­­тырғанда екі есеге төмен.

Ал бұдан шығудың қандай жолы бар? Біріншіден, заманауи негізде нүктелі жер өңдеуді қолға алу керек, дейді мамандар. Алқаптардың электронды карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар және датчиктер, ғарыш мониторингі және басқа да шешімдерді пайдалана отырып, дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізу аясында агроқұры-лым­дарда нақты технологияларды енгі­зу­дің экономикалық моделін әзірлеу, оны субсидиялаудың жаңа жүйесін енгі­зуді жоспарлау, қанатқақты шаруа-шылықтарды анықтап, фермерлерді ауылшаруашылық университеттерімен, ғылыми-зерттеу институттарымен және ауыл шаруашылығын цифрландыру, технологиялар әзірлеумен айналысатын әлемдік компаниялармен бірлесе оқыту.

Екінші – шаруашылықтарда нүктелі жер өңдеу технологиясының экономикалық моделін әзірлеп, оларға үйрету және кеңінен тарату, ауылшаруашылық техникасын жедел жаңарту. Үшінші – мал шаруашылығын дамыту. Мал басының 57-60 пайызы үй шаруашылығында шоғырланғандықтан, өнімнің 72 пайызы да осы жерде өндіріледі. Сондықтан ұсақ фермерлердің ірі бордақылау алаңдары бар шаруашылықтармен кооперациясын ынталандыру арқылы мал өнімінің сапасы мен тауарлық көрсеткіштерін жақсартып, ет экспортының көлемін арттыру. Төртінші – суармалы жерлерді үдемелі игеру. Қазір суармалы жер көлемі 2,5 млн-нан 1,1 млн гектарға қысқарды.

Оны шартты түрде алқапқа айнал­дыратын болсақ, 7,0-8,0 млн гек­тар жер айналымнан шыққанын көр­сетеді. Егер кем дегенде 1 га суарма­лы жерден 15 центнер өнім алатын болсақ, жыл сайын 1 млн тоннадан астам ас­тық алынбай қалады. Сондық­тан 65 мың гектарға су беруді қайта қал­пы­на келтіруге бағытталған шаралар­ды жүзе­ге асыру жоспарланған. Ал бұл ме­желі міндеттерді ойдағыдай орын­дау­ға Қазақ ұлттық агротехникалық уни­верситеті базасында жұмыс істейтін Агро­өнеркәсіптік кешенді цифрланды­ру орталығы мүдделі. Бұл ретте Астана­да өткен алқалы жиын – алғашқы «Гер­ма­ния-Қазақстан аграрлық форумы» сияқ­ты мазмұнды шаралардың да өзіндік үлесі бар.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»