Бірақ біздің елде бұл саланы цифрландыру әлі де кемшін. Әсіресе ен байлығымыз – ауылшаруашылық жерлерін өз деңгейінде игере алмай отырғанымыз рас. Сондықтан бұл бағытқа барынша көңіл бөліп, арнайы цифрландыру бағдарламасын қабылдаудың мәні зор.
Шетелдік тәжірибе қажет
Шыны керек, бүгінде дамыған елдерде әлдеқашан қолға алынып, мойындалған сан-салалы жетістіктерді елімізге енді-енді ғана енгізіп жатырмыз. Себебі цифрландыру – еліміз үшін үлкен жаңалық. Оған соңғы 2-3 жылдың айналасында ғана дендеп кірістік. Сондықтан цифрландыру жұмыстарында шетелдік мамандардың тәжірибесін қолдануға мүдделіміз. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бағытында әлем елдерінің ішінде озығы саналатын Германиямен бірлескен жобалардың жөні бөлек.
Жақында Астанада ауыл шаруашылығын цифрландыру тақырыбында өткен алқалы жиынның маңызы да осы ойымызды дәлелдеді. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өткен форумға Германияның азық-түлік және ауылшаруашылық министрлігі, Қазақстанның Германиядағы елшілігі, және «Германия-Қазақстан аграрлық-саясат диалогы» жобасы қолдау білдірген екен. Шараға Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Ж.Нұрғалиев, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры А.Күрішбаев, ADA жобасының жетекшісі Р.Дитхард, Қазақстанның Германиядағы елшісі Б.Нүсіпов, Германияның Қазақстандағы елшісінің бірінші орынбасары Д.Вайнберг, сондай-ақ отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы саласының 100-ден астам ғалымы мен маманы қатысты. Алғаш рет өткізілген «Германия-Қазақстан» бірлескен аграрлық форумында саланы цифрлы жүйеге көшірудің сан-салалы мәселелері талқыланды.
«Қазіргі таңда әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, цифрландыру саласындағы озық білім мен ғылымның үлгісін іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар тұтынушыларға ұсынылатын талдамалық материалдардың дәлдігін арттыру, оқиғалар мен өнімділікті болжау үшін ғарыштық мониторингтің әдіс-
намасын жетілдіру қажет. Осы тұрғыда дамыған елдердің, бірінші кезекте неміс әріптестеріміздің тәжірибесі өте маңызды», дейді А.Күрішбаев. Иә, бұл шараның аталған университет алаңында өтуінің де себебі бар, аталған ЖОО қазіргі күні ауыл шаруашылығы саласын цифрландырудың еліміздегі бірегей орталығы саналады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Астанадағы бұл университетке саланы цифрландыру тәжірибелерін жүзеге асыруды жүктеген болатын. Бүгінде министрліктің қолдауымен көптеген жоба қолға алынған. Ал оның біраз бөлігі осы неміс мамандарымен бірлесіп жасалып отыр.
Германияның ауыл шаруашылығы саласы әлдеқашан жетіліп, дамуға бет бұрған өзге елдерге үлгі болуға айналғанын мойындауға тиіспіз. Сондықтан да біз бүгінде дәл егіншілік жүйесін енгізуді неміс ғалымдарымен бірлесе қолға алып, жүзеге асырудамыз. Дәл егіншілік жүйесімен, оның технологиясын дұрыс пайдалану арқылы, біріншіден, тыңайтқыштарды үнемдесек, екіншіден, тұқымдықты, жанар-жағармайды және еңбек күшін азайтамыз. Соның есебінен топырақтың құнарлылығы артып, өнім еселенеді, дейді мамандар. Айтқандай, еліміз дәл егіншілік арқылы тиімділікті арттырып, шығын көлемін 25 пайызға азайтуды көздейді. Соның нәтижесінде, 2025 жылға қарай саланың экономикалық тиімділігі 40 млрд теңгені құрамақ.
«Көштен» қалмауға тиіспіз
Қазіргі таңда ел экономикасының аграрлық секторы дамыған елдерден әлдеқайда артта қалғаны жасырын емес. Мәселен, дерекке сүйенсек, табиғи-климаттық жағдайы Солтүстік Қазақстан өңірінен де қатал болып табылатын Аустралияда астық дақылдарының өнімділігі бізге қарағанда 2 есе жоғары. Ал табиғи-климаттық жағдайы бізбен ұқсас келетін Канадада өсімдік шаруашылығының өнімділігі 14 есе артық. Жер көлемі Қазақстаннан 66 есе кіші Голландияда ауылшаруашылық өнімдерінің әр жыл сайынғы экспорты 100 млрд АҚШ долларын құрайды немесе бізден 50 есе көп екен. Ал біздің елде егістік жерлердің 93%-ы ауа райына тәуелді аймақтарда орналасқан, яғни егіншіліктің өнімділігі толықтай жауын-шашынның көлеміне тікелей байланысты.
Сондықтан да ғылыми тәсілдерге жүгінбесек, заманауи агротехнологияларды қолданбасақ, әлемдік дамудың көшіне ілесе алмай қалуымыз әбден мүмкін. Осыны ескерген еліміз қазіргі таңда бірінші кезекте агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеу жүйесін цифрландыруды көздеп отыр. Одан соң салаға жаңа технология тартып, қайта жарақтандыру мақсатында жұмыс атқарылады. Министрлік басымдық беріп отырған екі бағыттың алғашқысында АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігі, өткізу нарығын және экспортты дамыту, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігі, су және биоресурстарды тиімді басқару бағытында қызметтер атқарылып жатыр.
Осылайша, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты мемлекеттік қызмет көрсетудің 101 түрі түгел автоматтандырылмақ. Одан бөлек, ауылшаруашылық өнімдерін қадағалау жүйесін енгізу де жоспарланған. Сондай-ақ саладағы конкурстық рәсімдердің барлығы электронды форматқа көшуде. Элеваторлардағы орындарды, ондағы астық көлемін де электронды түрде бақылап отыруға болады. Түрлі құжаттар да электронды түрде толтырылады. Ауылшаруашылық техникаларының да электронды есебі жасалады. Қысқасы, министрліктің саланы цифрландыруға бағытталған жұмыстарының бірінші бөлігі көбіне мемлекеттік қызмет пен есеп-қисап, электронды сауда бағытында болып отыр. Ал екінші бағыт тікелей агроөнеркәсіп кешеніне цифрлы технологияларды тарту мақсатын көздейді.
Бұл жоспардың жүйелілігін неміс ғалымдары да құптап отыр. Мәселен, Германияның азық-түлік және ауылшаруашылық министрлігінің цифрлы жүйеге көшіру бөлімінің жетекшісі, доктор Бернхард Қазақстанға алдымен «түгендеу» жұмыстарын жүргізуді ұсынады. Ол дегеніміз, бірінші кезекте ресурстың электронды базасын жасау деген сөз, бұл ретте, әсіресе ауылшаруашылық жерлерінің әрбір гектары, метр-сантиметріне дейінгі толық мәліметті анықтау, себебі жерді игеру үшін бұл аса маңызды мәселе. Ал оны осы цифрландыру жағдайында жеңіл жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ DLG қауымдастығының Шығыс Еуропа бойынша аймақтық директоры Ольга Хунгердің айтуынша, әр елдің ауылшаруашылық кешеніне әрқалай тәсілдер қолданылуы тиіс. Мәселен, Германия мен Қазақстанның топырақ құрамы жер мен көктей, сондықтан ондағы мәселенің де айырмасы зор. Тіпті климаттың өзі технологиялардың әр елдің өзіне сай бейімделуін қажет етеді. Бұл тұрғыда цифрлы технологияны енгізуде зерделі зерттеулер, арнайы сынақ алаңдары болуы керек. Осы орайда Германия мен Қазақстан университеттерінің бірлескен жобаларының маңызы зор, дейді доктор Хунгер.
Межелі міндетке жету жолы қандай?
Жалпы, Қазақстанның ең үлкен байлығы – ауылшаруашылық жерлері. Сол жерді тиімді игеріп, дұрыс қолданудың бірден-бір жолы оны ғарыштық басқару. Иә, осыдан 2-3 жыл бұрын Жер кодексі талқыланғанда жер мәселесі үлкен резонанс тудыруының бір себебі де осы бақылаудың кемшіндігінен еді. Яғни жер қалай игеріліп жатқанын шаруалар толық білмеді. Ал оны ғарыштық технологиямен мониторинг арқылы бақылау мүмкіндігі бар, дамыған елдер соны пайдаланып отыр. Ғалымдар дабыл қағатын тағы бір жайт – Қазақстанның ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі бүгінде өзіндік қуатымен салыстырғанда екі есеге төмен.
Ал бұдан шығудың қандай жолы бар? Біріншіден, заманауи негізде нүктелі жер өңдеуді қолға алу керек, дейді мамандар. Алқаптардың электронды карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар және датчиктер, ғарыш мониторингі және басқа да шешімдерді пайдалана отырып, дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізу аясында агроқұры-лымдарда нақты технологияларды енгізудің экономикалық моделін әзірлеу, оны субсидиялаудың жаңа жүйесін енгізуді жоспарлау, қанатқақты шаруа-шылықтарды анықтап, фермерлерді ауылшаруашылық университеттерімен, ғылыми-зерттеу институттарымен және ауыл шаруашылығын цифрландыру, технологиялар әзірлеумен айналысатын әлемдік компаниялармен бірлесе оқыту.
Екінші – шаруашылықтарда нүктелі жер өңдеу технологиясының экономикалық моделін әзірлеп, оларға үйрету және кеңінен тарату, ауылшаруашылық техникасын жедел жаңарту. Үшінші – мал шаруашылығын дамыту. Мал басының 57-60 пайызы үй шаруашылығында шоғырланғандықтан, өнімнің 72 пайызы да осы жерде өндіріледі. Сондықтан ұсақ фермерлердің ірі бордақылау алаңдары бар шаруашылықтармен кооперациясын ынталандыру арқылы мал өнімінің сапасы мен тауарлық көрсеткіштерін жақсартып, ет экспортының көлемін арттыру. Төртінші – суармалы жерлерді үдемелі игеру. Қазір суармалы жер көлемі 2,5 млн-нан 1,1 млн гектарға қысқарды.
Оны шартты түрде алқапқа айналдыратын болсақ, 7,0-8,0 млн гектар жер айналымнан шыққанын көрсетеді. Егер кем дегенде 1 га суармалы жерден 15 центнер өнім алатын болсақ, жыл сайын 1 млн тоннадан астам астық алынбай қалады. Сондықтан 65 мың гектарға су беруді қайта қалпына келтіруге бағытталған шараларды жүзеге асыру жоспарланған. Ал бұл межелі міндеттерді ойдағыдай орындауға Қазақ ұлттық агротехникалық университеті базасында жұмыс істейтін Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру орталығы мүдделі. Бұл ретте Астанада өткен алқалы жиын – алғашқы «Германия-Қазақстан аграрлық форумы» сияқты мазмұнды шаралардың да өзіндік үлесі бар.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»