Әлем • 07 Маусым, 2018

Италиядағы саяси дағдарыс

1485 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тоқсан күнге созылған саяси дағда­рыс­тан кейін Италия ақыры жаңа үкімет құра­мын бекітті. Бұған дейін заңгер қыз­метін атқарып келген Джузеппе Конте ел премьері болып сайланды. Соны­мен қатар министрлер кабинеті де толық жасақталды.

Италиядағы саяси дағдарыс

Жаңа премьер кім?

Джузеппе Конте бұған дейін мемлекеттік қыз­мет ат­қар­ған емес. Ол Флоренция уни­вер­­­сите­тінде заң бойынша дәріс оқи­д­ы. Д.Контенің лауазымды қызмет атқармауы, яғ­ни саяси әлемге бейтаныс болуы бұқа­ралық ақ­парат құралдарында қызу талқыға түсті. Әсіресе журналистер оның биографиясын май шаммен қарап шыққан екен.

Елдегі журналистер Д.Кон­тенің резю­ме­сін­де келтірілген деректердің расты­ғына кү­мән­мен қарайды. Олардың пікірінше, жаңа премьер-министр өз резю­месінде кейбір деректерді бұр­малаған кө­рінеді. Мәселен, ол 2008-2012 жылдар аралығында Нью-Йорк университетінде білі­мін жетілдіргенін келтірген. Алайда CNN-ге сұхбат берген оқу орнының өкілі Д.Кон­те­нің өздерінде ешқашан оқы­мағанын айтқан. Бірақ 2008-2014 жылдар аралығында ол зерттеу жүргізу үшін университет кітапханасына кіруге рұқ­сат алған екен. Сондай-ақ Италияның жаңа премьер-министрі өз резюмесінде 1997 жылы Мальта университетінде оқы­ғанын жазған. CNN-нің сұ­ранысына жауап берген білім ордасы Д.Контеге қа­тыс­ты ешқан­дай ресми дерек тіркел­мегенін жеткізген. Әйтсе де ол оқу орнында қысқа мерзім­дік жазғы курстан өткен.

Премьер-министрдің биографиясы түгел­дей тексеріліп шықса да бұдан басқа кереғ­ар деректер кездескен жоқ. CNN Италия жур­на­листерінің күмән­дануына еш себеп жоқ екенін жазады. Ар­наның пайымдауынша, Д.Контені біліміне қатысты жал­ған мәлімет берді деп айыптау орынсыз.

Сонымен қатар ол Ита­лия­ның Еуропалық одақ құ­рамында қалуы маңызды екеніне тоқ­талып, үкіметтің бірқатар өзге­рістер жасайтынына уәде берді. Рейтер агент­тігінің хабарлауынша, Д.Конте «қарыз – біздің жауымыз» деп айтқан. Премьер-ми­нис­трдің мұндай мәлімдеме жасауының өз себебі бар. Қазіргі таңда Италияның сыртқы қарызы 2,3 триллион еуроға жеткен. Бұл елдегі ішкі жалпы өнімнің 132 пайызын құрайды. Яғни, сыртқы қарыз ІЖӨ мөлшерінен артық. Сондай-ақ Италияның Еуропалық одақтан шығуы сөз бола бастаған еді. Алда-жалда мұндай бастама көтеріле қалса, еуроға тағы үлкен соққы бо­лып тиетіні анық.

Дағдарыс қалай басталды?

Елдегі саяси дағдарыс наурызда өткен парламенттік сайлаудан кейін басталған-тұғын. Дауыс беру нәтижесі бойынша озып шыққан екі партия «Бес жұлдыз» бен «Лига» партиялары үкімет құру үшін коа­лиция жасауы тиіс еді. Алай­да партия басшылары ор­тақ келісімге келе алған жоқ. Кейінірек мамырдың ортасын­да «Бес жұлдыздың» көш­бас­шысы Луиджи Ди Майо мен «Ли­ганың» басшысы Матео Саль­вини әупі­рім­деп жүріп мә­міле­ге қол жет­­кізгендей көрін­ген. Бірақ премьер-ми­нистрді таң­­дауда тағы да келіспей қалды.

Оқиғаның мұншалықты өршуі түрлі жорамал жасауға итер­меледі. Мәселен, Рейтер агент­­тігі шілдеде қайтадан пар­ламенттік сай­лау өтуі мүм­кін екенін хабарлады. Өйт­кені Еуропаның бірде-бір елі осын­шалықты ұзақ уақыт үкіметсіз қалған емес. Ел президенті Серджо Маттарелла сай­лауда жеңіске жеткен партиялар коа­лиция құра алмағаннан кейін, Халықаралық қаржы қоры­ның бұрынғы басшысы Карло Коттареллиге жаңа үкімет құру­ды ұсынды. Бірақ бұл да мә­селені шешуге көмектеспеді. К.Коттарелли премьер-министр қызметінен бас тартты.

Осы тұста тіпті, президентке импичмент жариялау туралы да әңгіме баспасөз бетте­рінде жиі көтеріле бастаған-ды. Әсіресе «Бес жұлдыз» партиясының көшбасшысы Л.Майо прези­дент­тің орнынан кетуі тиіс екенін мәлімдеген-тұғын. Бірақ оның бастамасы аяқсыз қалды. Өйт­кені ел конституциясына сәйкес, президент мемлекетке сатқындық жасағанда немесе заңмен бекі­тілген өзінің міндетін адал атқармағанда ғана қызметін босатады.

Елдегі саяси жағдайдың шие­ленісуі эко­но­микаға да оңай тиген жоқ. Кейбір инвестор­лар өз активтерін сатып жіберуге талпынды. Оқиғаның бұлай өрбуі еуроға да әсер етіп, қарт құрлықтың валютасы кейінгі бір жылдағы ең төменгі деңгейіне түсіп кетті.

Ұзаққа созылған келіссөз­дерден кейін, көк­темнің соңғы күнінде «Бес жұлдыз» бен «Ли­га» партиялары мәмілеге кел­ге­нін жария­ла­ған болатын. Осы­лайша, үш айға созылған саяси дағдарыстан кейін Италияда жаңа үкімет бекітілді.

Қазақстан – Италия қарым-қатынасы

Италиядағы саяси ахуал­дың тұрақты болуы Қазақстан үшін маңызды. Апеннин тү­бе­гіндегі мемлекет – елі­міздің Еуропадағы се­німді әріп­тес­терінің бірі. Екі ел ара­сын­да­ғы дипломатиялық қа­рым-қа­тынастар 1992 жылы бас­тал­ған болатын. 2009 жы­лы Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назар­ба­евтың Ита­лия­ға ресми са­п­ары кезінде екі мемлекет ара­­сын­дағы «Стратегиялық әріп­тес­тік туралы келісім-шарт­­қа» қол қойылды. Сондай-ақ сауда-экономикалық байланыс жолға қойыл­ған. Италия – тауар айналымының көлемі бойын­ша Еуропадағы бірінші, әлем елдері ара­сынан үшінші орындағы әріптесіміз.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»