Аймақтар • 07 Маусым, 2018

Жоламан Тұрсынбаевтың «Айналайын, Қызылжар!» шығармашылық кеші өтті

746 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Жоламан Тұрсынбаев еліміздің бетке ұстар композиторларының бірі екені даусыз.

Жоламан Тұрсынбаевтың «Айналайын, Қызылжар!» шығармашылық кеші өтті

Оның жүрек тол­ға­ны­сынан, көңіл толқы­ны­сы­нан, се­зім пер­несінен, шығар­ма­шылық шабыты­нан туған ән­нен операға, шағын дивер­тисменттен симфо­нияға дей­ін түрлі жанрды қамти­тын туын­дылары жиі орындала­тыны сондықтан. Қазақтың ұлы тұлғаларына арналған «Ер Жәнібек», «Бекет ата», «Төле би», «Ұлбике» секілді біртуар дүниелері автордың өзіндік қол­таңбасымен, әуез­ді үнімен ерек­шеленеді. Ал «Ауылында бар ағаның қыз­қарағай» әнін «теріс­кейдің бренді» десе де болады.

Солтүстікқазақстандық өнер­­­сүйер қауымның жер­ле­сін құрмет тұтатыны сон­ша­лық, жастар сарайында ине шаншар орын болмады. «Ай­налайын, Қызылжар!» шы­ғар­машылық кешінде сөй­леген сөзінде өңір бас­шы­сының орынбасары Ма­ди­яр Қожахмет облыс әкімі Құ­мар Ақсақаловтың жылы сезім­ге толы құттықтау лебі­зін жеткізіп, иығына шапан жапты. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұ­хамедиұлының Алғыс хаты табыс етілді. Қазақстан Ком­пози­торлар ода­ғының төрайымы Бал­нұр Қы­дырбектің сөзі өте әсер­лі шықты.

«Соңынан еріп келе жатқан біз үшін – асыл аға, замандастары үшін – кемеңгер, ал қазақ өнері үшін қатардағы жауынгер. Кез келген майдан жеңіске қатардағы әр жауынгердің арқасында же­теді. Қазақ өнері де солай. Соң­ғы жылдары екі нотаның басын қосқанына мәз болып, өзін керемет санап, кеудесін соқ­қандар көбейіп кетті. Бірақ олар емес, бүгінде қа­зақ өнерін дамытып, биік шоқ­тыққа шығаратын – күн­делікті ісін сапалы, көр­кем түрде атқаратын кәсі­би маман ғана. Сол кәсіби шеберлігімен өз үлесін қосып жүрген талант иелерінің бірі–біздің Жөкең», дей келіп, патриоттық тақырыпқа және ли­рикаға толы екі қырын айрықша атап өтті.

Сахна шымылдығы Сегіз сері атындағы қазақ ха­лық аспаптар оркестрі мен «Әдемі-ау» халық би ан­сам­блінің сүйемелдеуінде «Елігай» әнінің орындалуымен ашылды. Республикалық байқау­лардың лауреаттары Динара Тауышева, Бақыт Ілиясов, Дәмеш Құрманкина, Асхат Тауышев композитордың «Есілім», «Туған жер», «Ұл­би­кенің соңғы әні», «Бе­кет ата – пір ата» әндерін на­қы­шына келтіре орындап берді. Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері, Тұң­ғыш Президент қорының лау­ре­аты, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің профессоры Аза­мат Жылтыркөзов «Мең­ге­сер», «Атырауым – атажұр­тым», «Айгүлім» әндерін сыйлап, жұрт­­шылықтың құлақ құрышын қан­дырды.

Осы кеште бірқатар жа­­ңа әндер­дің тұсауы ке­сіл­­ді. Солар­дың бірі би­ыл 125 жылдық мерейтойы атап өтілетін Мағжан Жұ­ма­­баевтың «Айдын шал­қар көлім-ай», «Қазақ ті­лі» өлең­деріне жазылған ән­дер жиналғандарды ерекше те­бірентіп, нұр шуағын төгіл­дір­гендей сезімге бөледі.

Кеш соңында компози­тор­дың туған жері – Есіл ауда­ны әкімінің орынбасары Еділ Тұтқышев, аудандық ардагерлер кеңесінің төр­аға­­сы Төлеген Мұқашев, бел­­гілі жазушы-журналист Жақ­­сыбай Самрат жүрек­жар­ды тілектерін арнап, сый-сияпаттар жа­сады. Ұлт жанашырларының бірі Жо­март Омаров өңір кә­сіп­­­кер­лері атынан «темір тұл­пар­­дың» кілтін тарту етті.

– Айналайын, Қызыл­жа­рым! Саған басымды иемін! Алақанға салып өсірдіңдер, ерке­леттіңдер! Мен үшін бұ­дан асқан бақыт жоқ! – деп те­бірене, толғана сөйлеген өнер иесі шығармашылық ке­шін өткізуге бір кісідей ат­­салысқан көпшілікке ақ ал­ғысын білдірді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы