Шараға Өзбекстан мен Тәжікстан Республикаларының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері Саидикрам Ниязходжаев пен Назирмад Ализода және Қазақстан мен Өзбекстанның сарапшылары мен саясатшы мамандары қатысты. Жиынды кітапхана директорының орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ашып, жүргізіп отырды.
Биылғы жылдың 15 наурызында Қазақстанда Өзбекстан жылының ашылу салтанатындағы сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл шараны туысқандық қатынасымызды көрсететін нағыз белгі деп атағанын еске алған Ә.Рахымжанов екі халықтың достығы мен туыстығының тереңде екеніне тоқталды. Одан әрі ол осы жылдың аясында бірнеше шараның бірлесе өткізілген айтты. Сонымен қатар экономикалық қатынастар жанданып, халықтарымыздың араласуы арта түскені жеткізілді. Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясаттағы тұжырымдамасына сәйкес еліміздің Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастығы сыртқы саясаттың басым бағыттарының бірі, өйткені онда сауда-экономикалық, көлік, инвестициялық, логистикалық, экологиялық, ғылыми және т.б. әріптестіктерді дамытудың қуатты әлеуеті бар екендігі айтылды.
Жиында бірінші сөз Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаевқа берілді. Елші өзінің баяндамасын «Ынтымақтастықты дамыту – аймақтағы тұрақтылықты сақтаудың факторы: Өзбекстан тарапының көзқарасы» деп атапты. Өзбекстан Қазақстан халқымен татукөршілік және достық қатынастарды жоғары бағалайды. Біздің Президентіміз Шавкат Мирзиёев айтқандай, біз өзіміздің жақын көршілерімізбен ашық, мейірбан және прагматикалық саясатты ұстанудан ауытқымаймыз. Біздің мемлекеттеріміздің басшылары орнатқан жаңа қатынастар екі елдің арасындағы достық қатынастарды тереңдете түсуде.
Бір жылдың ішінде болған алты кездесудің өзі стратегиялық әріптестік қатынастарымызды жаңа деңгейге көтерді, дей келіп елші 2018 жылдың «Өзбекстанның Қазақстандағы жылы» деп белгіленуіне байланысты «Жол картасы» жасалғанын атап өтті. Онда тек мәдени-гуманитарлық бағыттың өзінде 143 шара белгіленген. Олардың біразы осы күнге дейін іске асырылып үлгерді, Қазақстандағы барлық халықаралық шараларға Өзбекстан делегациялары үзбей қатысуда деді ол. Сондай-ақ 22 мамырда болған бизнесмендердің аймақтық форумына Өзбекстан жағынан іскер адамдар қатысып, 62 млн АҚШ доллары көлеміндегі екіжақты келісімшартқа қол қойылғаны айтылды.
Оның айтуынша биылғы алғашқы тоқсанда екі елдің арасындағы тауар айналымы 570 млн АҚШ доллары көлеміне жеткен. Жалпы жыл аяғына дейін бүгінгі өсім сақталса, бұл көрсеткішті 3 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік бар.
Екінші сөз кезегі Тәжікстанның Қазақстандағы елшісі Назирмад Ализодаға берілді. Оның баяндамасында аймақтық ынтымақтастықты арттырудағы Тәжікстан көзқарасы ортаға салынды. Елші өзінің сөзінде терроризм мен экстремизм, есірткінің заңсыз айналысы сияқты ортақ қауіптерге қарсы тұрудағы күш біріктірудің маңыздылығына көбірек тоқталды. Бұлар сыртқы факторлардың араласуымен де туындайтынын жеткізген елші оларға бірлескен күшпен қарсы тұрудағы белсенділікті арттыру қажеттілігіне назар аударды. Сонымен бірге ол су-энергетика саласындағы интеграциялық әріптестіктерді арттыру да маңызды мәселе екенін атап өтті.
Осыдан кейін аймақтық ынтымақтастықтың проблемалары мен перспективаларын зерттеп жүрген мамандар сөз алып, өздерінің ойларын ортаға салды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»